Репрессиядан аман қалған жалғыз әйел 100-ге толады
2014 ж. 01 маусым
2539
1
Сталиндік репрессияның қанды құрсауынан аман қалған, 1938 жылы атылып кеткен қазақтың тұңғыш экономистерінің бірі, атақты "Бесеудің хатын" ұйымдастырғаны үшін жазықты болған Әзімбай Лекеровтың жары Халида Елкібаева биыл 100 жасқа толады.
Ата-анасының тағдыры туралы Алаш баспасы шығарған Алаш зиялыларының тағдыры туралы кітаптар таныстырылымында Әзімбай Лекеровтың туған қызы Айседора Лекерова бөліскен еді.
"Менің анам тағдырдың жазуымен АЛЖИР мен ҚарЛАГ-тың темір торынан аман қалды. Өйткені, саяси дүрбелең басталған кезде ол қалада емес, ауылда болатын. Қылмыстық іс қозғалғандығы рас еді. Айыптау туралы шешім 7 шілдеде 1938 жылы НКВД-ның ерекше кеңесіне жіберіліп қойған болатын. Ал шілдеде Ежовтың орнына Берия келіп, саяси ауыс-түйіс болып жатқан еді. Сөйтіп 1938 жылдың желтоқсанында анам қылмыстық істен босатылған еді. Ал өзі тек марқұм күйеуі ақталған соң ғана ақталды", - деді қызы Айседора.
"Күйеуімді 1937 жылдың 20 шілдесінде қамауға алды. Бір қызыммен, құрсағымдағы екінші баламен қала бердім. Содан кейін тексерулер басталды. Әзімбайдың өз қолымен жазған туындыларын, еңбектерін, диссертацияларын түгел тәркіледі. Сол кезде ҚазГУ-дің 1 жылдық оқуында оқып жүрген мені де оқудан аластатты. Жаңа тергеуші көпке дейін мені Әзімбаймен кездестірмей қойды. "Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, ол біткенше кездестіре алмаймын" дейтін еді мен барған сайын. Ақыры 1938 жылдың ақпан айының басында кездесуге рұхсат етті.
НКВД-нің бір қызметкері бұрылысы көп дәлізбен үйдің үшінші қабатындағы тергеушінің кабинетіне алып барды. Тергеуші - әлгі көк сұр орыс жігіті. Маған оқты көзімен ата қарап: "Егер жылап дауыс шығаратын болсаңыз, кездесуді бірден тоқтатамын", - деп қатаң ескертті. Мен басымды изедім. Ол тағы да әлденелерді сұрап, мені сөзге тартып отырған. Сол кезде есік сықырлай ашылып ішке НКВД-нің қызметкері белі бүгіліп, әбден жүнжіген бір шалды кіргізді. Сақал-мұрты өсіп, үсті-басын кір басқаны соншалық қоңырсық исі мұрнымды жарып жіберді. Түріне қараудың өзі жиіркенішті екен. Дереу басымды бұрып алып, тергеушінің сұрақтарына жауап бере бастадым. Ол қапталдағы столды иегімен көрсетіп: "Ана жерге барып отырайық", - деді. Сонда барып орындыққа тізе бүктім. Қарсы алдымда әлгі шал отыр. Басын төмен салып алған. "Бұл кім болды екен?" деп көз тоқтатып қарасам, шал деп иісінен жиіркеніп отырғаным өзімнің Әзімбайым екен. Алты айдың ішінде 36 жастағы Әзімбайым қандай күйге түскен десеңші. Осыдан алты ай бұрынғы сымбатынан жұрнақ та қалмаған, бет-бейнесін адам танып болмастай. Аяныштан жүрегім езіліп, көз жасыма ерік берудің аз-ақ алдында отырмын. Дауыс шығарсам тергеушінің кездесуді тоқтатары анық. Әзімбай қалтыраған қолымен қолдарымды ұстап, маңдайына қайта-қайта басты. Әлсіз құмыққан үнмен: "Лиди, мені кешір. Мен сені бақытты ете алмадым. Қыздарымның алдында әкелік парызымды өтей алмадым. Бәрі үшін кешір", - деді. Көз жасы алақаныма құйылып жатты. Мен аузыма түскен сөзді айтып жұбатумен әлекпін. Сонда Әзімбаймен ең соңғы рет кездесіп отырғанымды білсемші. Тым болмаса ризашылығымды айтып қалар едім ғой. Оның адалдығына сенгенім соншалық, әлі де ақталып келетіндей болды да тұрды", - деп бөліседі естелігінде Халида апа.
Мамыр айында тергеушілер Халида Елкібаеваға "Лекеров тірі. Ол 10 жылға сібірге айдалды" деп алдаған екен. Шын мәнінде ол 1938 жылдың ақпанында атылып кеткен екен.
"Менің анамның өмірі оңай болмады. Халық жауының әйелі деп, одан елдің бәрі теріс айналды. Оған жұмыс табу, бізді асырап,бағып-қағып жеткізу өте үлкен күш болды", - деп есіне алады қызы Айседора.
Әзімбай Лекеров Алаш тарихында ойып тұрып орын алатын белгілі тұлға. Қазақстанның артта қалған экономикасын көтеруге барынша үлес қосқан саяси, қоғам қайраткері, экономист, аудармашы. Зерттеушілердің айтуынша, қазақ зиялыларының Голощекиннің саясатына қарсы жазғаны атақты "Бесеудің хаты" осы Әзімбай Лекеровтың үйінде жазылған екен.
25 жасында Қазақ СССР Халық шаруашылығы орталық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған ол 1927-32 жылдар аралығындағы Қазақстан экономикасын индустриаландыру бойынша бірінші 5 жылдық жоспарын жасаған еді.
"Бұл жылдар аштық пен ұжымдастырудың шеңгелі қысқан ауыр жылдар еді. Менің әкем бұл бассыздыққа еш қолын тигізбеді. Мен соны мақтаныш тұтамын. Есесіне, қазақ зиялыларының бір тобы келіп, біздің үйімізде Голощекиннің күштеп ұжымдастыру жүйесіне қарсылығын білдіріп, Сталинге хат әзірлегені есімде. Осының бас-қасында менің әкем болған еді", - деп есіне алды қызы Айседора.
Шынында да Алаш тарихындағы атақты "Бесеудің хаты" Әзімбай Лекеровтың үйінде жазылғанын біреу білсе, біреу білмейтіні белгілі. Кейіннен сол хат Сталинге жетпей, жансыздардың кесірінен Голощекинге түсті. Ал, өзіне тағылған айыпты Лекеров дұрыс қабылдап, өзінің қателігін де мойындап, қазақ елінде "аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын" принципімен жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың қателігін де батыра айтқан.
Қазақтардың аштан қырылғанынан қарап отыра алмаған атпал азамат өзінің азаматтық позициясы үшін атылып кете барды.
Қазақпарат