Екі сөйлейтін екіжүзді Мамай енді Қасым Аманжолды сатып кетті ме?
2014 ж. 29 мамыр
2928
2
Өзін ұлтшыл санайтын жас журналист Жанболат Мамайдың соңғы кездегі жүріс-тұрысы тағы да күдік туғыза бастады. Сөзінде дәйек жоқ. Ол жұрттың көзін бақырайтып қойып, өтірік айта салуды әдетке айналдырды. Осындай жағдайдың біріне өткен аптада куә болдық.
Мамырдың 21-і күні Жанболат Мамай мен оның көлеңкесі іспетті Инга Иманбайды ҰҚК тергеуге шақырыпты. Бұл жөнінде олардың өздері Фейсбуктегі парақшасында жариялады. Сол күні Zakon.kz сайты Ж.Мамай мен И.Иманбайдың 2012 жылы ресейлік орыс ұлтшылы Александр Беловтың (Поткин) тобыбен бірлесіп елімізде ұлтаралық қақтығыстар жасауды көздейтін «Ашынған қазақ» («Злой казах) жобасын үйымдастырғанын, қазір осыған орай Қазақстанда қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Тергеуден шыға сала мұны есіткен Ж.Мамай баж ете қалды. «Я только что вышел из КНБ. Тут вижу, что распространяют всякую дезинформацию о возбуждении уголовного дела в отношении меня. Не верьте, это все неправда. Пока я являюсь свидетелем. Хотя конечно, не исключаю, что из свидетеля могут превратить в кого угодно. Что касается, самой сути дела, я прямо заявляю, что никаких контактов с Поткиным или кем-либо еще у меня нет и быть не может! Акорда специально конспирирует такие дела для дискредитации меня и моих соратников, друзей. Я напрямую связываю сегодняшний допрос в КНБ с предстоящим подписанием договора о создании ЕЭС 29 мая. Оперативники напрямую спрашивали и об этом, что подтверждает мои догадки» деді ол.
Шынтуайтында, Ж.Мамайдың мына сөзінде екі өтірік бар. Оның империяшыл орыс ұлтшылы Поткинмен «байланысқан емеспін» деген сөзі 21 мамырда айтылды. Ертесіне ол Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Антиеуразиялық жиын» өткізді. Дәл сол жерде Zonakz.net сайтының журналисі Анна Калашникова Жанболат Мамайды бұрышқа тақап, одан видеосұхбат алды. Сұхбат кезінде ол Александр Поткинмен кездескенін, екеуара сөйлескенін абайсызда мойындап қойды. «Екеуара не мәселе талқыладыңдар?» деген сұраққа ол «Ресейдегі «тақырбастарды» (ресейшіл неофашистер) ғана сөз қылдық» деген сыңайда жауап беріп, сөзінің артын жұтып қойды.
Жанболат Мамайдың екінші өтірігі оның «антиеуразияшыл» «қайраткерлігене» қатысты. Оның сөзіне сенсек, ол – қазақтың қамын жеген ұлтшыл патриот, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуына қарсылық танытып жүрген нағыз күрескер. Осындай елдің қамын ойлаған ерен азаматты билік аяғынан шалып жұмыс істетпей жатыр. Ол өзін және И.Иманбайды 21 мамырда ҰҚК-нің тергеуге шақыртуын осындай аяқтан шалудың бір көрінісі санайды. Шындығында, тіпті олай емес. Мысалы, Жанболат Мамай бас болып, 12 сәуірде Алматының қақ ортасындағы «Қазжол» қонақүйінің салтанат залында «Антиеуразиялық форум» өткізді. Бұған ешкім кедергі жасаған жоқ. Егер Мамай өзінің артында тұрған түктіқол қожайындары бөлген қаржыны аянбай жұмсағанда, форумды «Қазжолда» емес, Республика сарайында өткізуші еді. Бірақ, ол сараңдығын, «тиын сындырып», осылайша саяси науқандардан «нан» тауып жүретін пысықтығын бұл жолы да естен шығарған жоқ. «Антиеуразиялық форумның» «жетім қыздың тойындай» болып қалуы сондықтан.
Жанболат Мамайдың 22 мамырдағы «Астана» қонақүйінде өткізген «Антиеуразиялық жиналысына» да кесе-көлденең тұрған ешкімді көрмедік. Егер ҰҚК бұл жиынға кедергі жасағысы келсе, онда тергеушілер Ж.Мамай мен И.Иманбайды мамырдың 21-інде емес, 22 мамырда таң ата шақырып, түс ауғанша ұстап отырушы еді. Бірақ олар өйтпеді. Мұнда да бір гәп бар.
Бүгін, 26 мамырда Жанболат Мамай Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында мәслихат өткізіп жатыр. Ол мұны «Ресейлік ұлтшыл Александр Поткинге қатысты көптеген сұрақтар койылып жатыр. Осы себепті мен бұл мәселеге қатысты арнайы баспасоз мәслихатын өткізу керек деп шештім. Жасыратын, жабатын ештеңе де жоқ, барлығын ашық айтуға тырысамын»деп жарнамалады. «Мамай қандай «картоп жарады» екен?» деп, оны тыңдауға Астанадан ат арылтып барып қайтуға болушы еді. Бірақ, екі мәселе бізге тоқтау салып отыр. Біріншіден, Алматыдағы баспасөз мәслихатына арнайылап барып, қатысып қайтуға жолкүре жоқ – Мамай сияқты «саяси бизнесмен» емеспіз. Екіншіден, Мамайдың не айтатыны белгілі – ол Поткин жөнінде Zonakz.net сайтының журналисі Анна Калашниковаға берген сұхбатын тағы да қайталайды. Баспасөз мәслихатында «21 мамырда ҰҚК-іне не айттың?» деген сұрақ қойыла қалса, бұған ол тағы да «менің антиеуразияшылдығым оларды мазалап отыр» деген сыңайда түлкібұлаң жауап береді.
Мамайдың баспасөз мәслихатын өткізудегі мақсаты ағынан жарылу емес. «Саясатпен шұғылдануды өзін-өзі барынша жарналмалау мен «нан» табудың жолы» деп түсінетін Мамайдың империяшыл неофашист Поткинмен астыртын ауыз жаласқаны әшкере болып қалды. Қазақ жеріне сұқтана қарайтын империяшыл орыс ұлтшылымен ауыз жаласу «қазақтың қамын жеген» «ұлтшыл патриотқа» түскен қара таңба. Бұдан кейін оған деген жұрттың күдігі күшейді. Оның артында тұрған түктіқол демеушілері осы қара дақты тез арада жуып-шаюды тапсырған сияқты. Сол үшін тағы да осы мақсатқа қаржы шығарып (баспасөз мәслихатын өткізу 50-60 мың теңге тұрады), баспасөз мәслихатын өткізіп отыр.
Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың ҰҚК-інде не айтқанын болжау қиын емес. Осы жұп тергеуде болып қайтқан соң, ертесіне ҰҚК аяқасты журналист Қасым Аманжолды шақырды. Неге? Мұның себебі бар. Ресейлік ұлтшыл Александр Поткиннің «Ашынған қазақ» жобасына қатысқан жиырма шақты қазақ қыз-жігіттің қатарында Қасым Аманжол да болған. Ол 2012 жылдың наурыз айында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Поткиндер өткізген 3-4 күндік оқу-жаттығу тренингіне де барды. Тіпті, Шолпан-Атадағы тренингте Поткин Қасым Аманжолға «Че» деген лақап ат берген. Бірақ, ол Поткиннің «Ашынған қазақ» жобасының Қазақстан жағынан ұйымдастырушысы болған емес. «Ашынған қазақ» жобасын қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырған А.Поткин мен Жанболат Мамай. Бірақ, түлкінің қулығын меңгеріп алған Мамай Шолпан-Атадағы тренингке бармай, қалып қойды. Бұл сапарға «ашынған қазақтарды» бастап барған Инга Иманбай болатын. Бірақ, олар тергеу кезінде өздерінің басын арашалап алу үшін «Ашынған қазақты» ұйымдастырушылардың бірі ретінде Қасым Аманжолға қаратып сұқ саусағын кезеп жіберген сияқты. Мұндай іске шімірікпей бару Жанболат Мамайдың қолынан келеді. Себебі, бұл оның алғашқы сатқындық жасауы емес. Ол кезінде Жаңаөзен оқиғасына қатысты «Алға!» партиясының жетекшісі Владимир Козловты да түрмеге тығып кетіп еді...
Берік Мыңжасар