Қазақстанда исламдық қаржыландыру қағидаттары заң деңгейінде айқындалады
2014 ж. 28 мамыр
2309
0
Парламент Мәжілісі сақтандыру және исламдық қаржыландыруға бағытталған заң жобасын мақұлдады. ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышевтың айтуынша, аталған құжат арқылы исламдық қаржыландыру қағидаттары және сақтандыру жүйесін жетілдіру жолдары айқындалады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды.
"Заң жобасы аясында исламдық сақтандыруды енгізу және банктер қызметінде тауар мурабахы операциясын дамытуға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар, исламдық қаржыландыруды дамыту үшін исламдық сақтандыру енгізіледі. Әдеттегі сақтандыру исламның сақтандыру қағидаттарына қайшы келеді. Бұл исламдық қаржы жүйесінің қатысушыларының тәуекелдерін жабуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты құжатта исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарын заң деңгейінде бекіту және исламдық сақтандыруды ынталандыру қарастырылады" - деді Мәжілістің жалпы отырысында ҰБ төрағасының орынбасары Данияр Ақышев.
Оның сөзіне қарағанда, исламдық қаржыландыру жүйесінің қосымша бөлігінде тауарлы мурабахты жүзеге асыру шарттарын қамту көзделеді. Бұл исламдық қаржыландырудың мейлінше сұранысқа ие құралы болып табылады. "Тауарлы мурабах айналым капиталын қаржыландыруға бағытталған өнім болып табылады және тауарлы материалдық қорларды сатып алу/сату арқылы жүзеге асады", деді ҰБ өкілі.
Бұдан бөлек, заң жобасымен жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандыру шаралары қарастырылып отыр. Д.Ақышевтың пайымынша, міндетті сақтандырудың қолданыстағы моделі теңгерімді емес әрі әлеуметтік және жүйелі тәуекелдердің жоғары деңгейіне ие. Бұған мысал ретінде Ұлттық банк өкілі Альянс-полис сақтандыру компаниясының "АссоларМитталТеміртау" жұмысшыларына төлемді тоқтату фактілерін, еңбекті қорғау саласындағы көптеген заң бұзушылықтардың орын алуын атап өтті.
"ҰБ бағалауы бойынша сақтандыру компаниялардың қордаланған шығындары 80 млрд. теңге шамасында күтіледі. Бұл сақтандыру компанияларының өз қаражаттары мен резервтерінен 38 млрд. теңгеге артық. Бұндай шығындарды қысқа және орта мерзімде өтеу сақтандыру компанияларының жойылуына соқтыруы ықтимал. Соған сәйкес, негізгі бөлігін металлургия саласының төрт мыңға тарта жапа шеккен қызметкерлері өтемақыларын ала алмай қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, аталған компанияларда зейнетақы аннуитеттерін алу кезегінде тұрғандардың өзі 32 мың зейнеткерді құрап отыр. Олар да төлем алудан құр қалып, жапа шегуі мүмкін", - дейді Данияр Ақышев. Осыған орай Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып, міндетті сақтандыру проблемасын тұжырымдамалы түрде шешу жолдарын қарастыруда. Атап айтқанда, жүйеге сақтандыру төлемдерін оңтайландыруға, үйлестіруге бағытталған параметрлік өзгерістер енгізу қарастырылады. Бұдан бөлек, тегін медициналық көмекті есепке ала отырып, емдеуге кететін шығындардың орнын жабу көзделеді.