СҚО әкімі жемқор қызметкерлері үшін отставкаға кетті
2014 ж. 28 мамыр
2107
0
Нұрсұлтан Назарбаев күтпеген жерден екі бірдей облыстың әкімін ауыстырды. Президент жарлығымен Сергей Кулагин Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.
Ал экс-әкім Қосман Айтмұханбетовке қандай қызмет бұйыратыны әзірге белгісіз деп хабарлайды КТК арнасы.Бүгінге дейін Сенат депутаты болған Кулагиннің бұл өңірге басшы болып екінші рет келуі. 98-ші жылдан бастап оның Ақмола облысын 6 жылдай басқарғанын айта кетейік.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров те қызметінен алынды. Петропавлға шұғыл ұшып барған Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин өңірдің жаңа басшысын таныстырды.
Енді аймақты 58 жастағы теміржолшы Ерік Сұлтанов басқарады. Ол бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында вице-президент болған.
Ал өз еркімен отставкаға өтініш жазған солтүстіктің бұрынғы әкімі Ескендіровтің қызметтен кетуіне қарамағындағыларының бірінен соң бірі парамен ұсталуы себеп болса керек.
Бұл жәйтті Нығматуллин де ескерусіз қалдырмады: "Облыста бірқатар лауазымды тұлғалар жемқорлыққа қатысты айыпталып отыр. Құрылыс басқармасының басшысы қамауға алынды. Облыс әкімінің орынбасары да істі болып жатыр. Мұны бәріңіз жақсы білесіздер".
nur.kz