Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2014 ж. 26 мамыр
1652
0
Осы аптада орын алған еліміздегі кадрлық тағайындауларды назарларыңызға ұсынамыз.
Бұдан бөлек Ақтөбе облысында бірқатар судьялар тағайындалды.ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі тағайындалып, Парламент Мәжілісі депутатының босаған мандаты Ә.Рақымжановқа берілді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Оңдасын Сейілұлы Оразалин Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Ол Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі, Ақтөбе облыстық экономика және индикативті жоспарлау департаментінің бастығы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Ал бұған дейін жоғарыда аталған қызметті атқарған Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов Мәжіліс депутаты болып сайланды. Әмірхан Рахымжанов Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын, Қазақ қаржы-экономикалық институтын тәмамдаған. Әр жылдары Астана қаласы, Ақтөбе облысы әкімдерінің орынбасары, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып қызмет істеді.
Ұзақ уақыт "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болған еді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Ақтөбе қалалық сотының төрағасы лауазымына Данияр Қалыбайұлы Сариев тағайындалды. Д.Сариев бұдан бұрын әділет саласында, сот органдарында, Атырау қалалық сотының судьясы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің сарапшысы қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген Жарлықпен Жанас Базарұлы Куанышев - Байғанин аудандық сотының төрағасы, Исдәуір Ескендірұлы Мұратқанов - Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, Ердос Есқалиұлы Байманов - Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы лауазымына тағайындалды.
Көкшетауда Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалы құрылды. Облыстық филиал төрағалығына "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы Ақмола облыстық филиалының директоры Біржан Сөктай сайланды.
Сондай-ақ осы аптада "Досжан темір жолы" АҚ Директорлар кеңесінің төрағалығына бұған дейін "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ның Инвестициялық жобалар департаментінің директоры қызметін атқарған Бекзат Қарашев сайланды.
Сонымен бірге Директорлар кеңесінің жаңа мүшелері ретінде Сұлтан Исламов пен Саян Бейсембаев тіркелді. Айта кетерлігі, С.Исламов "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ның, ал С.Бейсембаев "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның мүддесін қорғайтын болады.