БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ТОП-60 ЕЛ: ҚАЗАҚСТАН 32-ШІ ОРЫНДА 22 май, 2014
2014 ж. 22 мамыр
1752
0
Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD, Швейцария, Лозанна) Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы әлемнің 60 елі салыстырылған «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жыл сайынғы жинақ - 2014» нәтижелерін жариялап отыр. Ең бәсекеге қабілетті елдер АҚШ, Швейцария және Сингапур болып табылады. Қазақстан бұл тізімде 32-орынға ие болды, деп хабарлайды ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жыл сайынғы жинақта 338 көрсеткіш бар, олардың 2/3-і статистикалық деректерге, ал 1/3-і сауалнама деректеріне негізделген.
Респонденттердің пікірінше, Қазақстан Республикасы экономикасының ең тартымды бас факторларына мыналар жатады: экономиканың серпінділігі (респонденттердің 51,9%), салық салудың тиімді жүйесі (44,2% ), стратегиялық тұрақтылық және жағдайдың болжамдылығы (41,3%), ашық және позитивтік қарым-қатынастар (35,6%), қалыпты бизнес-орта (31,7%).
Қазақстан осы рейтингке алғаш рет 2008 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ бастамасымен қатыса бастады. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Қазақстандағы IMD эксклюзивті серіктесі болып табылады.
2014 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы 32-орынға ие болды, ол еліміздің әлемдік рейтингте позицияларының тұрақтылығын байқатады.
2014 жылдың рейтингісінде Қазақстан Чех Республикасы (33-орын), Туркия (40-орын), Мексика (41-орын), Италия (46-орын), Оңтүстік Африка (52-орын), Бразилия (54-орын) сияқты елдердің алдында тұр. ТМД елдерінің арасында Қазақстан Ресейден 6 көрсеткішке (38-орын) және Украинадан 17 көрсеткішке (49-орын) озып басты орындарда тұр.
«Экономикалық қызмет» факторы бойынша Қазақстан екі позицияға көтеріліп 27-орынға ие болды. Аталған фактор бөлінісінде «Халықаралық сауда» (52-орын, 33 көрсеткішке төмендеу) және «Жұмысбастылық» (19-орын, 4 көрсеткішке төмендеу) субфакторлар бойынша позициялардың төмендеуі байқалады. «Сыртқы инвестициялар» (20-орын, 9 көрсеткішке жақсару), «Ішкі экономика» (28-орын, 9 көрсеткішке жақсару) және «Бағалар» (39-орын, 6 көрсеткішке жақсару) субфакторлары бойынша жақсару байқалады.
«Үкіметтің тиімділігі» факторы бойынша еліміз өз позицияларын 3 көрсеткішке көтеріп 20-орынға ие болды. «Мемлекеттік қаржы» (14-орын, 3 көрсеткішке төмендеу) субфакторы бойынша позициялардың төмендеуі байқалады. Алайда Қазақстан «Фискалды саясат» (9-орын, 3 көрсеткішке жақсару), «Институтционалдық орта» (35-орын, 4 көрсеткішке жақсару), «Бизнес туралы заңнама» (28-орын, 5 көрсеткішке жақсару) және «Қоғамдық құрылым» (25-орын, 2 көрсеткішке жақсару) субфакторлары бойынша жақсаруға жетті.
«Бизнестің тиімділігі» факторы бойынша Қазақстан позицияларының 38-орыннан 33-орынға жақсаруы байқалады. Аталған фактор бойынша орынның өзгеруіне «Өнімділік және тиімділік» (45-орын, 3 көрсеткішке жақсаруы), «Еңбек нарығы» (9-орын, 3 көрсеткішке жақсаруы), «Қаржы» (48-орын, 1 көрсеткішке жақсаруы) және «Менеджмент практикасы» (32-орын, 2 көрсеткішке жақсаруы) субфакторлары бойынша позициялардың жоғарылауы ықпал еткен. Позиция төмендеуі тек «Қарым-қатынастар мен құндылықтар» (28-орын, 1 көрсеткішке төмендеу) субфакторы бойынша байқалады.
«Инфрақұрылым» факторы бойынша 1 көрсеткішке - 44-орыннан 45-орынға өзгеру байқалады. Осылай төрт субфактор бойынша жақсару байқалады: «Технологиялық инфрақұрылым» - 32 орын (6 көрсеткішке жақсару), «Базалық инфрақұрылым» - 37-орын (3 көрсеткішке жақсару), «Денсаулық сақтау және қоршаған орта» - 56-орын (1 көрсеткішке жақсару) және «Білім беру» - 40-орын (2 көрсеткішке жақсару). «Ғылыми инфрақұрылым» субфакторы бойынша 5 көрсеткішке төмендеу байқалады - 50-орын.
Қазақпарат