БІЗДЕ ӘР 500 000 тонна КӨМІР ҮШІН 1 АДАМ ҚҰРБАН БОЛУДА...
2014 ж. 20 мамыр
3072
3
Түрік бауырларымыз 3 күн аза тұтты, туыстары тіпті жүйкесі жұқарғандықтан, көңіл айтып, қамығып келген Ердоғанның кортежіне жапа-тармағай жүгіргені де бар. Сұмдық трагедия...
Түркияда орын алған трагедия бізде қайталануы мүмкін бе? Жалпы, қазақ шахтерлерінің жағдайы қалай?
Бәрімізге белгілі, Қазақстанның табысының 80%-ы әлі де сол шикізатты сату мен өңдеуден келеді. Әрбір азаматымызға шаққанда, жылына орташа есеппен 25-30 тонна түрлі минерал табылады. Әр тоннаның артында қазақ шахтерінің мехнаты жатыр. Олардың нақты саны қанша екені белгісіз, бірақ шамамен 150 мыңнан асады деген деректі таптық. Шахталардың санына да қатысты санды табу қиынға түсті. Дегенмен, еліміздің шикізатқа бай екенін білсек, олардың саны көп екені анық.
Ал енді біздегі жағдайға қарайықшы.
2009 жылғы мәлімет бойынша, 1996 - 2008 жылдар арасында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қарасты шахталарда 179 адам қайтыс болып, 400-ден аса адам мүгедек болып қалған. Кеңес өкіметінің 38 жылдық кезеңінде Қазақстан шахталарында бар-жоғы 240 адам қайтыс болған. Яғни, жылына 6,3 адам қайтыс болса, енді дамыған инновация мен технология кезеңінде 15 адамға жеткен.
2005-2008 жылдары аралығында 50 млн тонна көмір табу үшін 77 қазақ шахтері қаза тапқан.Жартымиллион тонна үшін - бір өмір! Сұмдық!
Мысалы, Аустралияда 1 миллион тоннаға - 0,01 шахтер өмірі. Салыстырсақ, бізде 500 есе жоғары.
АҚШ-та 50 млн тонна үшін - 1 шахтер өмірі, бірақ бір шахтердің өлімі жұмыс беруші үшін - 40 млн доллар!
Ал бізде ше? Ары кетсе 1 млн теңге. Қазір құнсызданып, оның мөлшері 6-7 мың доллар ғана.
АҚШ шахтерінің біздікінен қай жері артық?!
Бұл жағдай не үшін орын алып отыр? Басты себеп – шахта иелерінің пайда табу жолындағы ешнәрсеге қарамауы.
Құрал-жабдықтардың әбден тозуы
2008 жылы «Абай» шахтасында 30 шахтердің қаза табуынан кейін прокуратураның жүргізген тексерістері нәтижесінде құралдардың 70%-ы әбден ескіргені анықталды. Басты желдету жүйесі желдеткіштерінің өздерінің нормативтерін орындап, тіпті оны 2-2,5 есе артық орындағаны анықталған. Олар 60-шы жылдардан бері әлі қолданылып келеді. Әрі 1967-1982 жылы шығарылған электровоздар қолданылады.
Стационарлық конвейлердің 70%-ы ескірген. Мұндай жағдайда жұмыс атқару - күнделікті өлімге тәуекел етумен тең. Бұл проблемалар бір күнде қалыптасқан жоқ. Ірі апаттардан кейін ғана талап қойыла бастады. «Арселор Миттал» басшылығы шахталарды модернизациялауға 150 млн доллар қаражат жұмсағанға ұқсайды. Дегенмен, бұл толық көріністі өзгерте қойған жоқ. Метанның жиналу мәселесі де толық шешілмей келеді. Қысқасы, біз шахтерлердің өмірімен ойнап отырмыз. Жұмысына шыққан шахтердің қайта келуіне толық кепілдік жоқ.
Шахтердің жағдайы
Олардың айлықтарының орташа көрсеткіші 100 мың теңгенің айналасында. Мұндай қаражатқа шахтер қалай күн көрмек?
Бұны аз көргендей, шахтерлерді зейнетке 63 жасынан шығаруды жөн санапты. Одан ертерек шығуына мүмкіндік жоқ. Осы шешімге қол қойғандардың өздерін 63 жасында шахтаның жұмысына салып көру керек еді... Қалай болар екен. Адам өміріне соншалықты селқос қарады деп жүрген Кеңес өкіметінің өзі мұндай қадамға бармаған.
Келесі маңызды мәселе - шахтерлердің құқықтық тұрғыдан қорғалмауы. Қазіргі жағдай бойынша, жұмыс беруші жұмыстан шығара салуы оп-оңай. The Sunday газеті тіпті, қазақ шахтерлерінің жұмысын құлдардың еңбегімен теңегені бар.
Олардың жұмыстары денсаулыққа аса зиян. Бірақ, Кеңес билігі кезіндегідей демалысқа жіберу, арнайы емхананың болуы сынды жүйе толығымен қираған.
Қысқасы, қазақ шахтерінің бүгінгі бейнесі – айлығы аз, жұмысына барса, аман-есен келе ме белгісіз, жұмыстан шығара салуы оңай, ескі технологиямен жұмыс істеуімен қатар, қайтыс бола қалған жағдайда отбасына болмасыз жәрдемақы беріледі.
Қайтпек керек?
Біріншіден, Германияның, АҚШ-тың үздік жүйелерін өзіміздің мемлекетке лайықты көшіру қажет. Лайықты қаражат төленуі мен қатар зейнет жасы қайта қарастырылуы тиіс. Шахтер қайтыс болғаны үшін жұмыс беруші үлкен қаражат төлеу жүйесін ендіру қажет. Бұл арқылы шахта басшылығын технологияларды жаңартуға мәжбүрлейтін боламыз.
Екіншіден, тексеретін ұйымдар қатаң позицияға өтуі тиіс. Шахтаға тексеріске баратын инспекторлар 60-70-шы жылдардағы инструкциямен жұмыс жасауға мәжбүр. Бүгінде осындай 230-ға жуық құжат қайта қарауды талап етеді.
Үшіншіден, болашақта мемлекеттегі шахталарды отандық компанияларға қайтару мәселесін көтеру қажет. Қысқасы, елімізді асырап отырған еңбек адамдарының еңбегі лайықты бағалануы тиіс.
Руслан Желдібай