ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЫРЫ ҚАШАНҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСПАҚ?

Жемқорлық «Нұр Отан» партиясы елімізді жайлаған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын әзiрлеуде. Елордамызда өткен жемқорлыққа қарсы iс-әрекет жөнiндегi аймақтық кеңестер басшыларының республикалық семинарында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы бағыттағы өз ойын ортаға салды. Бауыржан Байбектің айтуынша жемқорлыққа қарсы iс-қимылды партия қатарында ғана емес, мемлекеттiк қызметкерлер мен саяси шешiм қабылдайтын лауазымды тұлғалар арасында да жүргiзу қажет. Оған бізде заңнама тұрғысынан алғанда жағдайлар жасалғанын да атап өтті. «Партия бiр жағынан мемлекеттiк органдарға бақылауды сапалық тұрғыда күшейтуге, екiншi жағынан тәртiптi күшейтуге және өз қатарын тазарту шаралары арқылы қоғамға үлгi көрсетуге мүдделi», - дедi партия Төрағасының бірінші орынбасары. Тамаша пікір, құнды ұсыныс. Мұндай маңызды ойды біз күнде естіп жүрміз, өкінішке орай, нақты істі көре алмай отырған жоқпыз ба? Деректерге сүйенсек, партия мүшелерінің саны соңғы жарты жылда ғана 25 мыңға кеміген екен, бұл сапалық тазаруға байланысты болып отыр деп түсіндірді ол. Алдымен айтарымыз, жемқор­лыққа байланысты жоғары деңгейде өткізілген бұл бірінші жиналыс емес, оның санын қазір дөп басып айту да қиын. Қысқасы, «Күлтөбенің басында күнде жиын». Жобалар мен жоспарлар, бағдарламалар мен тапсырмалардан кемшілік көріп отырған жоқпыз. Алайда, бірнеше жыл жүргізілген күрестен ешқандай нәтиже шығар емес. Сорымызға қарай, бізге тап болған жемқорлық жеті басты айдаһар іспетті, бір басын шапсақ екіншісі, үшіншісі, жүзіншісі... өсіп шыға келеді. Бір қарасақ, онымен айқаспай жатқан адам, күреспей жатқан ұйым жоқ. Айналып келгенде жемқорлық шеттен емес, соған қарсы күресіп жатқан ұйымнан, өз қоғамымыздан шығып жатыр. Сонда біз кіммен күресіп жатырмыз, кімнің көзін құртпақшымыз? Бұл жерде «өз қолыңды өзің кесе алмайсың» деген ертеден келе жатқан есті сөзді еске алғанымыз орынды болар. Сондықтан, алдымен әркім өзін тәртіпке келтіріп, қоғамның әрбір мүшесі рухани тазарғаны абзал. Ол үшін өзіміздің ұлттық идеологияны қалыптастыруымыз керек. Әрбір адам Отанын жанындай сүйетін патриот болуы қажет. Сонда ғана ол өз туған елін, өз халқын тонамайтын болады. Бізге алдымен жетіспей жатқаны да сол. Партия қатарын тазалау өте қажетті шара, бірақ, қарапайым халық сол қатардан шыққан 25 мың ұйым мүшелерінің бәрін жемқорлар деп түсініп қалуы да мүмкін, оның үстіне пара алып ұсталған шенеуініктердің басым бөлігі бұрынғы партия мүшелері болып шығып жатса. Бұл жерде көпке күл шашудан аулақпыз, бір ғана партия мүшелері емес, бейпартиялы басшылардың да жүрегі мен қолы таза деп айту қиын. Сонда не істеуімз керек? Осы кеңеске қатысқан Қайырбек Сүлейменов өз тәжірибесімен бөліскені анағұрлым ұтымды шығар еді. Министр бола тұра жүргізуші болып киініп, МАИ қызметкерлерін қылмыс үстінде қалай ұстағанын айтып берсе, нақты сабақ емес пе? Қай министр қазір сол тәжірибені қолданып жатыр, керісінше парамен ұсталған орынбасарларын қызғыштай қорғап, шыр-пыр болумен әлек. Естеріңізге сала кетейік, бұрын біздің тәжірибемізде «Халықтық бақылау комитеті» деген ұйым болған. Соның жаңа үлгісін қазір қолдансақ артық етпейтін сияқты. Ол алдымен қоғамдық негізде болғаны дұрыс. Оның құрамында саналы азаматтар, билікке, ешқандай партияға қатысы жоқ адамдар болса тиімді. Бақылаушылар жұмысын БАҚ арқылы үнемі жариялап, ашықтық қамтамасыз етілсе. Тіпті арнайы телеарна ашсақ та артық болмас. Оған қоса құрамын үнемі ауыстырып тұрған жөн. Олардың жұмыс қорытындысы бойынша құқықтық орындар қылмыстық іс қозғауға тиісті. Жалпы лауазымды орындардағы қызметкерлер екі-үш жылдан артық отырмайтын заң қабылдасақ тіпті жақсы. Одан кейін жаңағы адам жоғары қызметтің маңына жоламауы керек. Біздегідей бір министр кез келген салаға ауысып, ондаған жылдар басқара беретін тәжірибені мүлдем тоқтату қажет. Бәлкім, сонда ғана тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлықты жеңетін болармыз.