АҚШ-қа жұмыс істеуге кеткен студенттің тірі не өлісі белгісіз
2014 ж. 19 мамыр
1584
0
Ақтөбелік Денис Наванов 5 жылдан бері досы туралы шындықты біле алмай жүр. 2009 жылы АҚШ-тың Техас штатына оқуға кеткен Мақсат Айтбаев өз-өзіне қол жұмсады деген хабар келген. Оның өлімін растайтын құжатты сұрап, Денистің бармаған жері жоқ.
Досының қайда жерленгенін де білмейді. Денис пен Мақсат балалар үйінде бірге өскен. 2009 жылы мұхит асып, қайта оралмаған Мақсатты өлімге қимай жүр. Work and Travel бағдарламасы бойынша оқуға кеткен Мақсаттың өзін-өзі өлтіргеніне де сенбейді. Диплом алуына 1 ай қалғанда ондай қадамға баруы мүмкін еместігін айтады. "Оның жоспары көп болатын, елге оралып, дипломын алып, жұмысқа орналасқысы келді. Өзі таңдаған мамандығы бойынша еңбек еткісі келетін. Бірнеше тілді меңгеріп, аудармашы болуды армандады", - дейді Денис Наванов. Қазақстандық студенттің өлімі туралы Америка басылымдары жазды. Оның күйзеліске ұшырап, өзіне қол жұмсағанын полициясы да растаған. Алайда ресми құжат болмағаннан кейін, Мақсат Ақтөбеде тірілер тізімінде тұр. Жер алу кезегі да жақындаған.
"Ауызша мәлімет бойынша, Мақсат қайтыс болды. Алайда бізде қазіргі таңда ресми құжат жоқ. Осыған сәйкес біз қазіргі таңда Мақсатты кезектен алып тастай алмаймыз", - дейді Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үй қоры секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова. Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе туралы сұхбат бермеді. Алайда Мақсаттың іздеушісіне барлық ақпаратты беруге дайын. Студенттің өлімі 2010 жылдан бері тексерілген. Табанынан таусылған Денис тым болмаса досының зиратын көргісі келеді. Денесін туған жеріне әкеліп, қайта жерленгенін қалайды.
24kz