Қазақстанда ақша мен мүлікті заңдастырудың мерзімі анықталды
2014 ж. 13 мамыр
1662
0
Қазақстандағы ақша мен мүлікті заңдастыру науқаны ағымдағы жылыдың 1 қыркүйегінде басталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа сілтеме жасап.
Оның хабарлауынша, Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында ақша мен мүлікті заңдастыру туралы заң жобасы қаралды. "Оған сәйкес, жария етілетін ақша мен мүлік табыс болып саналмайды. Сол себепті оның бәріне салық салынбайды. Ал ақшаны заңдастыратын азаматтар бірқатар баптар бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады", - дейді Б.Сұлтанов. Алайда адамның конституциялық құқықтарына қарсы қылмыстар мен жемқорлықпен келген мүлік заңдастыруға жатпайды. Бұдан бөлек, біреудің атында жазылған сан алуан құрылыс нысандарын заңдастыруға болады. Сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлікті де заңдастырып алуға мүмкіндік бар.
Қаржы министрінің сөзіне қарағанда, заң жобасында ақша мен мүлікті заңдастырудың нақты мерзімі жазылған. Аталған науқанды ағымдағы жылы 1 қыркүйекте бастап, келесі жылғы 31 желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.
tengrinews.kz