Жеңіс күні Петропавл мен Оралда КСРО мен Ресейдің туы желбіреген

resey_ksro_tuСаяси тәуелсіз, ғасырлар бойы қазақ деген халық қоныс тепкен жерде Қазақстан деген мемлекет тұрғанда, көршілес елдің туының көшеде емін-еркін желбіреуі талайлардың шымбайына батты.

Тіпті, ту желбіретіп автошеруге шыққандардың бірі еш қымсынбастан, "Біз Сталин үшін, біз Ресей үшін!" деп ашық айтып отыр. Бұл Украина жағдайы аяқталған соңғы сепаратистік әрекеттердің Қазақстанда да басталуы ма, әлде жай ғана тағзым ба?

Орыс диаспорасы көп қоныстанған Орал қаласында өткенде мерекелік автошеруге дайындық қарқыны күшті. Көліктерін "қызыл террорды" ұйымдастырған большевиктер туымен сәндеп, қаланың басты көшелерімен жүріп өтуге келгендердің қарасы да көп. Бірақ түсініксіз бір жайт: көліктеріне Ресей мен КСРО туларын таққандары аздай, "Сталин үшін!" деген жазуларды батыра жазып алғандар алдыңғы шепте жүр.

"Біз Сталин үшінбіз! Біздің Ресей үшінбіз", - деді, сірә қай елде жүргенін "ұмытып қалған" шеруге қатысушылардың бірі.

Ал басқа бір тұрғын "құдды, бір, Ресейдің бір қаласында жүргендейміздей...", - деп наразылығын білдірді. Оралдағы автошерудің жалғасы іспеттес көрініс Петропавлда да айна-қатесіз қайталанған. Еліміздің көк байрағын емес, Мағжанды атқан елдің туын желбіреткендеріне мәз кейбіреулер,  біз мұндамыз дегендей дабылды қаттырақ басып, қалада емін-еркін жүр.

Тәуелсіз елдің территориясында өзге елдің туын жоғары көтергендерге қатысты халық та өз пікірін білдірді.

"Кеден Одағына кіргенімізбен, шекарасы айқындалған елдің көрші елдің байрағын жоғары көтеруі - ойға қонбайтын дүние",- дейді саясаттанушыларымыз. Тіпті Жеңіс мейрамының өзін қоғамды дүрліктіретін, қазақ халқының алаңдатушылығын тудыратын мерекеге айналдырудың өзі қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны ойланатын нәрсе дейді Айдос Сарым. Қазіргі уақытта Ресейдің империяшыл Георгий таспасы әр көліктің айнасы мен әр азаматтың кеудесінде жүр. Ал, Украинаның бөлшектенуі дәл осындай автошерулер мен таспалардан басталғанын Орал мен Петропавлдың әкімдері білмесе керек.

31 арна