Донецк мен Луганскіде референдум басталды
2014 ж. 11 мамыр
1883
1
Бүгін Украинаның шығысындағы Донецк пен Луганск облыстарында аймақтың мәртебесін анықтайтын референдум басталды.
Дауыс беру бюллетенінде сайлаушыға "Мемлекеттік егемендік актісін қолдайсыз ба?" деген сұрақ қойылады. Референдумды өздерін "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасы" деп атаған аймақтардың сайлау комиссиясы ұйымдастырады.
Украина билігі мен батыс елдері референдумды заңсыз деп, мойындамайды. Сепаратистерге сілтеме жасаған ресейлік ақпарат құралдары екі облыста мыңдаған сайлау учаскесі ашылып, миллиондаған бюллетень басып шығарылғанын хабарлады.
Бірақ Донецк мен Луганскіде шетелдік бақылаушылар жоқ болғандықтан бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздерінен анықтау мүмкін болмай тұр. Донецкідегі сепаратистер Украина билігінің мамырдың 25-іне белгіленген президент сайлауы Донбасс қаласында өтпейтінін мәлімдеді.
7 мамыр күні Швейцария президенті Дидье Буркхалтермен кездескеннен кейін Ресей президенті Владимир Путин ресейшіл сепаратистерді референдум мерзімін кейінге шегеруге шақырған еді.
Путиннің сөзінше, Украинадағы президент сайлауы "дұрыс бағытқа қадам жасау" болып саналады.
"Азаттық" радиосы