Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “Еңбекпен жеткеннің барлығы бақыт пен береке әкеледі”

image83641Елордадағы мереке «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Халықтың бірлігі күні еліміздің аса маңызды мейрамдарының бірі екенін айтты. – «Бірлік» сөзінің мағынасы терең. Бірлігі болса ғана отбасы берік болады. Егер кәсіпорында бірлік болмаса, ол өркендемейді, ал мемлекетте бірлік болмаса, ол күйрейді. Сондықтан бірлік – біздің мемлекеттігіміздің өзегі. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүреді, олардың бірлігі, бауырластығы – тыныштықтың негізі. Адамдар алаңсыз, татулық пен келісімде өмір сүрсе – нағыз бақыт осы. Жеке дара бақытты болу мүмкін емес, бақ-береке елдің жалпы жағдайына байланысты. Сондықтан Қазақстандағы бірлік пен келісімді бағалай біліп, балаларымызға мұра етуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті біздің елде біріктіруші күштің тағы біріне айналып отырған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы қалыптасып келе жатқанын еске салды. – Егер адам қолмен жұмыс істесе, ол – еңбеккер,  қолмен және баспен жұмыс істесе, онда ол – шебер. Ал егер қолмен, баспен және жүрекпен істесе, ол – суреткер. Еңбекпен жеткеннің барлығы бақыт пен береке әкеледі. Біз бірге еңбек етіп, елімізді дамытып, өмірімізді жақсартудамыз. Осының арқасында балаларымыз болашаққа зор сеніммен қарайды,– деді Мемлекет басшысы.

Намыс порталы