Бауыржан Момышұлы туралы фильм халықаралық кинофестивальде бағын сынамақ
2014 ж. 06 мамыр
5249
0
Өткен жылы «Хабар» Агенттігі» АҚ бастамасымен даңқты қолбасшы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы туралы түсірілген 4 сериялы телехикаяның негізіндегі бұл кинотуынды кинотеатрларға лайықталып, DCP форматына көшірілген. Оны қанды майдан куәгерлері, жеңіс үшін күрескен жандар алғаш болып тамашалады, деп хабарлайды 24.kz.
«Фильм жалғыз Бауыржан Момышұлы туралы емес, бұл қан майданда шейіт кеткендер де, бүгінде көз тірі ардагерлеріміз де жайлы», - дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлы.
Көрсетілімге сондай-ақ батыр атамыздың атындағы әскери училище курсанттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Картинадан ерекше әсер алған ардагерлер өз ойларымен бөлісуге асықты.
«Расында да ол ұлы адам болған. Ондай тұлға бірен-саран. Мұндай тұлғалар туралы фильм түсіру өте маңызды», - дейді соғыс ардагері Сатыбалды Тотанов.
Бүгінгі кездесуге Бауыржан Момышұлының немересі Ержан Момышұлы да шақырылды. Асылдың тұяғы батырдың өмірін әсірелеусіз, шынайы көрсете білген шығармашылық топтың еңбегіне риза екенін айта келе, атасының «гүжілдек даусымен ертегі айтатын мейірімді жан екенін бейнелесе, оның бейнесі толық ашылар еді» деген ойын білдірді.
«Осы бастамаға себепкер болған «Хабар» агенттігіне үлкен рахметімді айтқым келеді. Фильм толықметражды, сериал да 1941 жылдың қазан айымен аяқталған. Енді соның жалғасы түсірілсе екен деген тілегім бар», - дейді Бауыржан Момышұлының немересі Ержан Момышұлы.
Айта кетейік, қазақ халқының қаһарман ұлы әрі көрнекті жазушысы туралы туынды мамырдың 8-і мен 15-і аралығында Севастопольде өтетін Х-шы халықаралық кинофестивальге қатысып, «Жеңіске бірге жеттік» аталымы бойынша 100-ден астам шығармалармен бірге бақ сынайды.
Қазақпарат