ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ жеке басқа табынудың қасіретін аз тартқан жоқ...

d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2-d0b5d181d0bad0b5d180d182d0bad196d188           

Күні кеше ғана елімізде болған саяси  оқиға, дәлірек айтқанда Қазақстан Республи касының Президенті Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасының аза маттарына, Парламент депутаттарына, сондай-ақ өзінің  «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық  партиясындағы әріптестеріне арнаған үндеуі баршамызға сабақ боларлық  үлгі болды десек артық айтқандық бола   қоймас. 

             Мәжілістің танымал, танымал емес үш депутаты  (ішінде өзіміздің жерлесіміз Р.Халмұрадов та бар) бір кездері Д.Қалетаев бастап кеткен идеяны қайта қозғап, қажеттілігін жарыса түсіндіріп өткізген,  одан әрі Мәжіліс пен Сената  қолдау тапқан заңға Елбасы неге қол қоймай қойды? Бұл  қалың қазақ баласын ойлантуға  тиісті мәселе.  Менің жеке пікірім – қазақ  баласы, көп ұлттар өкілі тұрақ  тапқан Қазақстанда Елбасы деген қасиетті ұғым ай санап, жыл  өткізіп, ғасырлар тоғысы болып  жатқан кезеңде халық санасында ретімен қалыптасып келе  жатыр, елі сенген Елбасының  абырой атағы ел шекарасынан асып, әлем елдеріне танымал   болып жатқаны тіпті қуантады.

             Халықтың өз серкелеріне,  көшбасшыларына беретін  бағасын уақыт өзі айтады,  ал соларды дәлелдейтін Аса  мәртебелі ұғымдар, жоғарыдағы  депутаттар түсіндіріп баққан  Ұлт көшбасшысы ұғымы да бар,  тіпті кез-келген сүйіспеншілік,  құрмет азғана депутаттардың дауыс беруімен шешілмейді,  ондай махабатты халық жүрегі өзі таңдап, тарих көші тасқа жазады. Неге екені белгісіз  тұңғыш Президентіміз туралы заң бола тұра, Елбасы деген халық аманатын арқалап  жүрген Нұрсұлтан Әбішұлына  тағы да Ұлт көшбасшысы, Елбасы деген мәртебені одан әрі  заңмен толықтырулар жасап,  қызды-қыздымен қылмыстық  жауапкершіліктен босатып  жіберетін, отбасы мүшелерін   айырықша қамқорлыққа алатын заңды асығыс, бір аптадай  уақыт ішінде, Президенттің 70  жасқа толу мерейтойына орай қабылдап жіберді. Нәтижесі  белгілі болып отыр, Заңды Елбасы бекітпеді.

            Ел ішінде болып жатқан  оқиғаларды жіті бақылап  отырғанда аңдағанымыз, Елбасы әрқашан да жалған  жағымпаздыққа бой алдырмай, халықтың мұң- мұхтажына айырықша көңіл аударуды үнемі еске салып  отырады. Солардың кейбіреуін  оқырман есіне түсіре кетсек. Қателеспесем, депутат  болу керек, Роман Мәдинов  бір шағын отырыста Елбасымызды жер-көкке сыйғызбай  марапаттап жөнелді, Елбасы  болса әдеппен ескерту жасады, көзге мақтағаннан гөрі,  партияның беделін көтеретін  ауқымды іс-шараларға үлес қосуды ескертті. Тағы бір кездесу барысында Президент  Әкімшілігі басшысы А.Мусин де 70 жылдық мерейтой жайында аса ірі ауқымдағы әрекет  жайлы әңгімебастағанда да  Президент дереу сөзін бөліп,  ешқандай да мерейтой жасамауды, мұндайға жол бергендерді жазалайтынын, қызметпен  қоштасатындарын қатаң айтты. Бұл біздің кездейсоқ аңдап қалғандарымыз, ал енді ондай  жәйтті Елбасының әрқашаш  айтып келе жатқанына күмәнім жоқ. Ол жөнінде осы арнауында да: «Мен әрқашан түрлі  мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін»  деп мәлімдеді. Осы аралықта діни сауатымыз артып қалды  ғой, сол себепті айта кеткен  жөн, қасиетті Құран-хадисте  айтылатын ауыр күнәнің бірі  «адамды көзіне мақтау» екен,  демек бұл жағынан да ойлана- тын мәселе аз емес.  Осы үндеуден кейін қалың  қауымды мазалайтын кейбір  мәселелерге назар аударған  жөн деп санаймын. Ең алдымен  ұлтты ұятқа қалдыратын жарыса жағымпаздыққа тиым салу  керек, дер кезінде тосқауыл  қоймасақ ол жеке адамға табыну қасіретіне ұрындырады.

           Басқа халықты қайдам, қазақ  халқы дәл осы жеке адамға табынудың (әңгіме Сталин туралы) қайғы-қасіретін аз  тартқан жоқ. Аштық, тәркілеу,  халық жауын әшкерелеу, ұлтшылдарды қырғынға душар  ету сияқты трагедияның дені дәл осы жеке адамға табыну кезінде өтті және сол қасірет  ақ пен қараны айыруға мұрсат  бермеді. Ол індет әшкереленді, СОКП-ның арнайы ХХ сьезі де  дүркіреп өтті, бірақ бәрі кеш еді. Орны толмас трагедиялар қазақ тарихының қаралы  күндері болып мәңгі қалды.

           Жан жарасы әлі жазылған  жоқ.  Ендігі күннің жосығы бөлек  емес пе? Ел азат, халықтың көзі  ашық, көш бастаған Президенті,  Елбасы бар. Күні кешегідей Мәскеудің ым-жымына қарап  жәутеңдейтін күндер де келмеске кетті, күні кешегідей  бодандық қамытының  қайысы мойнымызды қажап,  әлдекімдерге жалтақтап жүрген  күйдегі жағымпаздардың жарысатын кезі өтіп кетті емес  пе? Қазіргі заман биік парасат,  өр рух, айбыны мен айдыны жарасқан, бір сөзбен айтқанда  терезесі тең елдің ұлдары мен  қыздарының еңсесін тіктеп жүретін кезі ғой.

             Жас ұрпақ жарыса  мақтауды емес, әрқайсысы  жеке тұлға болып, білімғылымның қия шыңын бағындырып, ел ертеңін баянды ететін әрекеттерімен  танылуға тиісті. Мен айтқан болар едім, «Нұр-Отан»  халықтық-демократиялық партия атқаратын істер қаншама.

            Соның ішінде осы заң дайындаумен ғана айналысып жүрген  депутаттарымыз өз іштеріндегі  сыбайлас жемқорлыққа  жол бергендермен күресуді  қолға алғаны жөн. Халықтың  тұрмыс-деңгейін арттыру, жұмыссыздықты жою, мәдени мұраларды сақтау, дамыту  сияқты рухани құндылықтарды  ұлықтау, тіпті болмағанда қазақ тілінің мәртебесін  асқақтататын әрекеттерге неге  бармайды, бір сөзбен айтқанда елі сүйген Елбасыға жаңа атақ беріп, жаңа қорғаныс жасаудан да биік тұрған, пісіп жетілген заңдар жеткілікті.

            Ойымызды жинақтай  түссек, біз қазақ елінде,  Қазақстанда тұрып жатқан әрбір ұлт өкілі өз Отанымыздың патриоты болуымыз керек, сөзбен емес, іс жүзінде. Ол дегеніміз туған еліміздің түтіні  түзу шығуы үшін қажет татулық  пен Елбасы үнемі айтып отыратын ел бірлігін сақтауымыз  қажет, одан әрі ғылым-білімді  жете меңгеріп, дүниежүзілік жаһандану үрдісінде жұтылып  кетпеу үшін тынбай еңбектену  керек. Ауылдағы бау-бақшаны гүлдендіруден бастап, жұмыс  орнымен қамтамасыз ететін  алып өндіріс орындарын ашуды жолға қою қажет. Елу елдің  қатарына абыроймен кіретін  мүмкіндіктерді іздеу – басты міндет.

           Ал енді екі күннің  бірінде әлдебір министрлер мен әкімдердің,  шенді шенеуніктердің, тіпті жетімдердің қазанына қол салған мұғалім-директорлардың жемқорлыққа жол берген іс-әрекетін көргенде  кірерге жер таппайсың. Бұл айтылғандарға Қазақ елінің аста-төк байлығын иеленіп,  шетел асып кеткен алпауыт  жемқорларды, банкирлерді  қосыңыз.

           Сонымен о бастағы айтпақ  ойымызға тағы бір қайтып  оралсақ, Елбасы мәртебесін көтеруді әркім өзінен бастау керек, жарамсақтану,  жағымпаздану жолымен  емес, адал еңбегімен, пәк  ниетімен, Отанға деген шексіз  берілгендігімен, т.т. Елбасымен болған бір кездесулерде  кішкене шәкірттің немесе жап- жас студенттің Президентті бас-көзге қарамай төпелей мақтап, ақыл айтып жататыны жанға   батады. Ол сөйлеп тұрған бала Елбасының немересі іспетті,  кішкене баланың Елбасыға  деген ниетін жеткізудің әдемі жолын жағымпаздыққа өзіміз  бұрып жіберіп жатамыз. Егер  де көпті көрген, ақыл парасаты мол абзал жандардың  Елбасыға деген тілек-ниеті  болып, соны жеткізіп жатса  қандай жарасымды. Ақ басты  аналар мен әз аталардың бата  бергені имандылық жағынан да жағымды.  Имандай шынымыз,  жоғарыда заң дайындауға  мұрындық болған депутаттарды табалап, кінә артудан аулақпыз. Үш жүз жылға  жуық бодандық қамытын киген халықтың бүгінгі ұрпағы  айыға алмай келе жатқан  дерттері аз емес, мүмкін олар  ақ ниетімен-ақ солай шешкен  шығар, әлде біреулер жөні осылай деді ме, кім білсін. Келісіп  алғандай үш ұлттың өкілі дайындап, көзді ашып-жұмғанша  қабылдап жіберген соң айтып  жатқанымыз да. Өтер іс өтті,  Елбасы өзінің соңғы сөзін айтты, ендігі кезекте ол депутаттар  ел аманаты мен Елбасы аманатын қабат алып кетсе болғаны.

            Кейде сол депутат мырзалар  одан әрі өңмеңдейді ме деп те  қорқасың. Қайтеміз, оны да  көреміз...

           Сөз түйінін айтпас бұрын  бірер рет бабалардан қалған  аманат сөздің кейбірін қаперге түсірсек. Қазақ әрқашан да  «тура биде туған жоқ» деген қағиданы қатты ұстанған, «қара қылды қақ жаратын» әділ  болуды дана билері ешқашан  да естен шығармаған. Ал енді қазақ халқының тарих аренасында көш керуені асқақтаған  Абылай хан заманындағы  көмекейі бүлкілдеп сөйлейтін  Бұқар жырауы:

Ашуланба, Абылай,

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма, – деп айта алатын болған. Ол  заман мен бүгінгі заманды қатар қойып салыстыруға болмас. Өркениет көшінің биігінде  тұрған елдің Президентін  қастер тұту парызымыз.

          Қорыта келгенде, Елбасы  өз «мәртебесін тек заңдармен  немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептейді», сондай- ақ «түрлі атақтар сияқты бекершілікке әрдайым қарсы».  Осы және басқа жағдайларды  есте берік ұстап, ілгері ұмтылайық. Халық аманатын  арқалағанПрезидентімізді  «бекершілік» атақ беру арқылы емес, ұлттың көш-керуенін тура жолмен алып жүруінде   адастырмайтын амалдармен қолдау көрсетейік. Сонда ғана   ұлт мұраты орындалады.

 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,

М.Әуезов атындағы   Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

университеті  қазақ әдебиеті кафедрасының  доценті,

филология  ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан   Республикасы Журналистер одағының мүшесі