Көкжыраға көңіл толғанмен, Жәнтікейдегі жұмыс саябыр

0
787

Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тарбағатай ауданында  жаңадан бой түзеп жатқан жаңа Көкжыра мен Жаңа Жәнтікей ауылдарына арнайы келіп,  жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.

Көкжыра ауылында қазіргі уақытта 208 жаңа үйдің қадасы қағылып, 92 баспананың іргетасы мен 57 үйдің (оның 76-сы 100 шаршы метр, 59-ы 80 шаршы метр, 73-і 60 шаршы  метр) қабырғасы қаланып, 30 үйдің шатыры салынып жатыр екен. Құрылыс жұмыстарына ұзын-саны 456 адам тартылыпты. Оның 300-і қаладан болса, қалғаны ауыл азаматтары.

Мектеп құрылысында 53 адам жұмыс істеп жатқан көрінеді. Олардың 33-і қаладан, қалғаны ауылдан екен.

            Әкім жүргізіліп жатқан құрылыс  жұмыстарымен мұқият танысты.  Жаңа тұрғын-үйлер, жаңа мектеп пен отбасылық дәрігерлік  амбулаторияның құрылысы жүріп жатқан жерлерді көрді. Көріп қана  қойған жоқ, мердігер мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарына  жергілікті елдімекен азаматтарының  тартылуын және жұмыс сапасының жоғары деңгейде жүргізілуін қатаң  тапсырды.

– Соңғы мерзім қазан айы. Сол  уақытқа дейін тұрғын үйлер, мектеп пен отбасылық дәрігерлік амбулаторияны толықтай бітіруіміз керек, –  деді аймақ басшысы.

          Көкжырадағы жүргізіліп жатқан  жұмыстарды көріп көңілі марқайған облыс әкімінің Жәнтікейге келгенде қабағына кірбің түскендей  болды. Өйткені Жәнтікейде құрылыс жұмыстары тым саябырсып кеткен көрінеді. 190 үйдің орны  белгіленіп, қазығы қағылғанымен,  көпшілігінің іргетасы қаланбапты.

            Ауыл әкімі мен мердігер мекеме  басшысының сөзінен аңғарғанымыз – бұған себеп кірпіш пен бетонның  жетіспеушілігі. Жұмыс күшінің  аздығы мен жарықтың жоқтығы да тиісті шаруалардың атқарылуына  қолбайлау болып отырғанын  көрінеді.

            Аймақ басшысына өтініш-тілектерін айтушы адамдар да табылды бұл күні. Бір тұрғын баспанасын қызыл кірпіштен тұрғызуды  сұраса, бір тұрғын өзге материалдан салып беруге өтініш білдірді.

           Көкжыра ауылының тұрғыны Роза  Нұрмұхамбетова Ауған соғысына  қатысқан ұлының жақында көз  жұмғанын, соңында бес баласы жетім  қалғанын, барлығы қыстырылып бір үйде тұрып жатқанын, ауыл  әкімдігі бастапқыда 100 шарты метр  үй береміз деп уәде беріп, жуықта  оны 60 шаршы метрге ауыстырып  тастағанына кейістік білдіріп, аймақ басшысынан осы мәселені бір жүйеге  келтіруді сұрады.  Әкім барлығын мұқият тыңдағаннан кейін кесімді сөзін айтты:

–Бастапқыда келісілгендей, кімге  қанша шаршы метр жер бөлінді, ол солай қалу керек. Бұл әңгімені осымен тоқтатайық. Ендігі жұмыс, басты міндет – үй құрылысын тезірек аяқтау, – деді. Өз кезегінде аймақ басшысы  Жәнтікейдегі құрылыс жұмыстары Көкжыра ауылынан қалмай, қатар  жүру керектігін және екі ауылға  биыл болмаса, келесі жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша ауыз судың  жеткізетіндігін айтты.

            Сонымен қатар Б.Сапарбаев өзінің  орынбасары Серік Тәукебаевқаауыл тұрғындарының арыз-шағымдарына  мұқият құлақ түріп, шешімін таппай жатқан тиісті мәселелерді тез арада ретке келтіруді тапсырды. Және  екі ауылдың жол, құрылыс, электр желілері, ауыз су секілді өзекті  мәселелерімен жан-жақты танысып,  тиісті жұмыстарды бағдарлау үшін  өзімен бірге еріп келген облыстық  Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы  Арман Бекбосынов, Энергетика және  коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығы Айтқазы Шерубаев  және құрылыс басқармасының бастығы Жомарт Мұратовты осы жақта  бірнеше күнге қалдыруды жөн көрді.

 

САМАРДАҒЫ ЖҰРТ  ПӘТЕРЛЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ

              Осыдан біраз уақыт бұрын  су бөгетінің жарылуы салдарынан Көкпекті ауданының Самар ауылында да төтенше жағдайдың  қалыптасқаны белгілі. Сол кезде  қызыл судың кесірінен 177 үй мен  523 шаруашылықты су басып, 100-ге  жуық мал қырылған-ды. Қазір жағдай біршама қалыпқа келді десе болады.

           Баспанасы су астында қалып,  жарамсыз деп танылған 5 баспана иесіне сол ауылдан жаңа пәтерлер  сатып әперілді. Бұл үшін облыстық  «Парыз» қорынан 5 миллион 989 мың теңге көлемінде қаржы бөлініпті.

            Реті келгенде айта кетейік, су  тасқынынан зардап шеккен аудан  тұрғындарына көмек көрсету үшін  құрылған «Парыз» қорына бүгінгі  күнге дейін 480 миллион теңгеден астам қаржы жиналыпты.

             Облыстық төтенше жағдайлардың  алдын алу және жою бойынша құрылған жедел штабының  деректеріне сүйенсек, ел үкіметінің  2010 жылғы 4-сәуірдегі №328  қаулысына сәйкес су тасқынынан  зардап шеккен аудан тұрғындарына 536 тұрғын үй құрылысын салу үшін 2 млрд. 863 млн. 900 мың теңге  бөлінген.

            Бұл бағытта облыс қазынасынан  да аз қаржы бөлінген жоқ. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық  мәслихатының 2010 жылғы  4-сәуірдегі №20/245-ІҮ сессиясы шешімімен көктемгі су тасқыны  салдарын жоюға, оның ішінде  тұрғын үйлер, білім беру және  мәдениет нысандарының күрделі  және ағымдағы жөндеуіне, тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруге, Абай,  Зайсан, Күршім және Тарбағатай аудандарындағы жергілікті бағыттағы  жолдарды, көпірлер мен автожол инфрақұрылымдардын қалпына  келтіруге 1046,6 миллон теңге  бөлініпті.

            Әрине, мұның бәрі аз қаржы  емес. Далада жатқан ақша жоқ. Ең  бастысы, тиістіқаржы тиісті орынына жұмсалып, жөнімен игерілсе   болғаны…

 

 

Азамат ҚАСЫМ

Өскемен

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз