Қазақстандықтар Украина елшілігіне гүл әкеліп жатыр
2014 ж. 05 мамыр
1615
0
Қазақстандықтар Украина елшілігінің алдына екінші күн бойы гүлдер мен май шам әкеліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Астана қаласының тұрғыны Лариса Протасова - солардың бірі. Оның анасы - одессалық, бүгінде анасының жақын туыстары сол қалада тұрып жатыр, Лариса олардан елдегі жағдай туралы естіп-біліп отыр.
"Негізінен, әрине, "Правый секторға" кінә артылып отыр, ел ішінде қатігездік орнаған, қатігездік мейірімсіздікті одан сайын күшейтеді. Менің сыныптасыма митинг кезінде оқ тиген. Адамдардың бәрі бірдей жақсы өмір сүруді қалайды. Біз қатты уайымдап отырмыз, менің балалық шағым сол жақта өткен. Одесса ғажайып қала еді, онда ғажап адамдар өмір сүреді. "Одессалықтар - өз алдына бөлек ұлт" деген сөз бар", - дейді Лариса.
"Шындығын айтқанда, өз халқына қарсы жазалау шаралары жүріп жатыр. Мен мұндай билікті түсінбеймін. Оның үстіне, тұрғындар келіссөзге келуге көнді емес пе?! "Республика құрамында қаламыз, автономия беріңіздер" деді ғой. Ол үшін адамдарды атуға бола ма екен? Кеше адамдарды өртеп жатқаны көрсетілген кезде жүрегім қақ айырылды. Соғысты тоқтату қажет", - деді зейнеткер Людмила Малей.
Қазақстанадағы Украина елшілігінің өкілдері штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын және алдағы сайлауға дайындалып жатқанын хабарлады. "Күн сайын консулдық қабылдау болады, 25 мамырдағы сайлау кезінде мұнда учаске жұмыс істейді", - дейді елшіліктің баспасөз хатшысы Артем Бабак.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің мамандары Украинадағы, әсіресе, Одесса, Славянск, Краматорск қалаларындағы зорлық-зомбылықтың өршуіне қатысты алаңдаушылық білдірген болатын. Министрлік тараптардан 17 сәуірде Женевада қол жеткен келісімдерді сақтауды талап етеді. Еске салайық, 2 мамыр күні Одессада қанды қырғыннан 46 адам қаза тапты.