ҰЛТЫМ ДЕП СОҚҚАН ҰЛЫ ЖҮРЕК
2010 ж. 16 маусым
4406
0
Қазақтың біртуар азаматы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, нартұлғалы азамат Төлеген Тәжібаевтың туғанына биыл 100 жыл. Осыған орай елімізде ауқымды шаралар атқарылып келеді.
Осы тұста педагогика, ғылымдарының докторы және психололгия ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Халықаралық Акмеологиялық ғылым академиясының, Қазақстан педагогикалық академиясының құрметті академигі, Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогикалық орталықтың директоры Жарықбаев Құбығұл Бозайұлымен тілдесудің сәті түскен еді.
Төлеген Тәжібаев тақырыбын қаужап келе жатқан ғалымдардың арасында шоқтығы биігі - Құбығұл Жарықбаев деп айтуымызға толық негіз бар. Өйткені Қ.Жарықбаев Т.Тәжібаевтың психологиялық мұрасын зерттеу арқылы дүниеге қадау-қадау туындылар әкелген бірден-бір ғалым. Ғылымның тереңіне бойлаған ғалым соңғы 60 жылдың көлемінде 60-тан астам кітапты (монография, библиографиялық көрсеткіш,ғылыми мақала т.б) жарыққа шығарып үлгеріпті. Ал біз айтары бар азамат ақтарған сырды сіздерге жеткізуді жөн санадық.
– Құбығұл Бозайұлы, Төлеген Тәжібаев сынды тау тұлғаны тереңнен зерттеу екінің бірінің қолынан келер іс емес. Жалпы осы тақырыпқа үңілуіңізге не себеп болды?
– Төлеген Тәжібаев қазақтың ұлттық психолгиясын, ұлттық мінезін зерттеу мәселесін тұңғыш көтерген ғұлама ғалым. Ал, бұл жолға тек ғана жүрегі ұлтым деп соғатын жандар ғана бара алады. Менің бұл тақырыпты зертттеуіме ол кісінің қайсібір істі атқармасын ұлтқа деген жанашырлықты, ұлтқа деген қамқорлықты бірінші жолға қоюы себеп болды.
Ол кісінің өмір жолына бір сәт үңілетін болсақ, аштықтың салдарынан Төлегеннің бауырлары мен ата-анасы түгелімен қырылып қалды. Аман қалған Төлеген болса, тағдырдың жазуымен Арыс қаласындағы теміржол жұмысшысы Иван Кабановтың отбасында тәрбиеленді.
Төлеген Тәжібаевтың өмірін зерттеу барысында 60 жылдардың ортасынан бастап Кабановтардың отбасымен танысып, байланыста болдым. Біраз мәліметтер жинауға қол жеткіздім.
1959 жылы менің Қаратаев деген студентім ғылыми конференцияда «Абайдың психолгиялық көзқарасы» атты тақырыпта баяндама жасаған еді. Мұны өзім әрмен қарай жалғастырып кеткен болатынмын.
– Яғни, Төлеген Тәжібаевтың этнопсихологиясы қазақтың ұлт ретінде қа лыптасуын көксегендіктен туып отыр ғой...
– Төлеген Тәжібаев тақырыбы өте ауқымды. Бұл тақырыптың үңілген сайын айтары молая түспек. Ғұлама ғалымның өмірі мен қызметі, жалпы атқарған ісі туралы осы күнге дейін қаншама ғалым ғылыми еңбек жазды. Сөйте тұра бұл тақырыпты зерттеу ешқашан тоқтамайды. Мәселен таяу арада «Төлеген Тәжібаевтың психологиялық мұрасы және оның Қазақстанға тигізген әсері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғалмақшы.
Қазір «Ұлт бірлігі» деген доктрина шығып жатқаны белгілі. Ал бұл мәселені Совет заманында ең бірінші көтерген адам - Т.Тәжібаев болатын. Сонымен қатар, «Қазақ халқының келешегі қандай?» деген сауалға жауап іздеген де, қазақтың ұлттық намысы, ұлттық абыройы, ұлттық мінезі оның даму жолдары турасында мәселе көтерген тұңғыш психолог та Төлеген ағамыз еді. Ал дәл сол тұста ұлттық психология деген дүние қазақ халқына ауадай қажет болды. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуының нышаны 1456 жылы Жәнібек пен Керей құрған қазақ хандығынан байқалған.
Қасым хан басқарған кезең тарихта Қасымханның қасқа жолы деген атпен белгілі. Қазақ қазақ болғалы оның ұлт ретінде көрінуі сол кезден бастау алады. Ал, қазіргі қазақ қандай? Бүгінде Қазақстан халқы дегенді жиі алға тартамыз. Тіпті, ұлт деген сөздің өзін сирек қолданатынды шығардық. Соңғы уақытта қазақ ұлты бар ма, жоқ па деген дау-дамайлар жиі болып тұрады.
Осының бәрінің психологиялық ғылыми негіздерін алғаш көрсеткен Төлеген Тәжібаев ағамыз еді. Осыдан барып этнопсихология деп аталатын ғылым дүниеге келді.
– Сонда Төлеген ағамыз ғылыми еңбектерінде көбіне қай мәселені басты назарға алды?
– Т.Тәжібаев Түркі әлемінде мемлекет қайраткері болған тұңғыш қазақ. Үкіметті басқаруға 1941 жылдың қараша айында Қонаевпен бірге келген. Қонаев өндіріс жағын басқарғанда, бұл кісі оқу-ғылым, мәдениет жағын қолға алған. Бұл кезде ол бар-жоғы 31 жаста ғана еді. Дәл осы тұста Төлеген Тәжібаев жоғары оқу орындарындағы, мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарын орыс тілімен қатар қазақ тілінде бірдей жүргізуді қолға алды. Қазақ мектептерін ашып, қазақ балаларын оқытуды, балабақшадағы балаларды қазақша тәрбиелеуді жүйелі жолға қойып, осы мақсатта жанды жұмыстар жүргізе білді. Тотолитарлық әкімшілік заманында тіл мәселесін көтерудің өзі екінің бірінің қолынан келе бермес іс болатын. Төлеген Тәжібаевтың қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны кейбір азаматтарға ұнай бермейтін.
– Ұлтын ұлықтаған ұлдың азаматтық қасиеттері туралы да оқырмандарымыз біле отырса...
– Төлеген Тәжібаев турасында талай жанның естелік айтуы, Т.Тәжібаевтың көзі тірісінде көп тірлік атқарғандығын айғақтаса керек. «Болсашы ректорлардың бәрі осындай» атты тақырыптағы профессор естелігінен ол кісінің ұлағатты ұстаз, білікті басшы болғандығын аңғару қиын емес. Қазіргі таңда жоғары оқу орнында студенттер ректордың қабылдауында бола алмайтын көрінеді. Ал, Төлеген Тәжібаев болса ректор болып тұрған шағында студенттерді 20-30 – дан жұмыс орнында қабылдайды екен.
Олардың барлығының жеке-жеке хал-ахуалын сұрап, ақыл-кеңесін айтып, тіпті қаражат жағынан да қарасып тұрыпты. Әсіресе балалар үйінде тәрбиеленгендерге ерекше көңіл аударып, қолдау көрсететіні әлі күнге дейін ел аузында жүр.
Тағы бір айта кетерлік ол кісінің басты қасиеті – қарапайымдылығы еді. Таңертең 9 да басталатын жұмысқа 8 де келіп, есік алдындағы қарауылға дейін амандасып шығады екен. Ғұлама ғалымның дәрісін бар студент ұйып тыңдайтын. Солардың бірі мен болатынмын. Әрқайсысымызбен жылы жүзбен шүйіркелесе отырып, жанына жақын тартатын.
– Тәжібаев әлеміне дендеп енген жанның бірі емес, бірегейісіз. Осы тұста өзіңіздің қаламыңыздан туған дүниелерді атап көрсетсеңіз...
– Т.Тәжібаевтың еңбектерін зерттеу барысында 40-50–ден астам мақалалар жазылды. Жарық көрген кітаптар өз алдына. «Развитие психологической мысли Казахстана» атты кітап Мәскеудің Ресей педагогикалық институтында академик Петровскийдің жетекшілігімен қорғаған диссертациямның негізінде жазылған монография болатын.
Ал, екіншісі болса 2000 жылы жарық көрген «Академик Төлеген Тәжібаевтың педагогикалық -психолгиялық мұрасы» атты орыс тіліндегі еңбек. Үшінші еңбек «Психологическая наука Казахстана в ХХ веке (основные этапы проблемы)» атты 2002 жылы шыққан кітап еді.
Сондай-ақ қазақ, орыс тілдерінде жазған мақалаларым, ғылыми еңбектерім баспасөз беттерінде жарияланып келеді.
– Төлеген Тәжібаевтай біртуар перзентін қазақ қашан да мақтан тұтары анық. Психология ғылымының жілігін шағып, майын ішкен ғұламаның 100 жылдығы қарсаңында қандай шаралар атқарылмақшы...
– Осы уақытқа дейін Т.Тәжібаевқа арналған 14 конференцияның өткізліуіне ұйытқы болдым. 1990 жылы КазМУ-де Т.Тәжібаевтың 80 жылдығына арналған республикалық конференция өткен болатын болса, бұған бүкіл Совет елдерінен 750-ден астам ғалымдар қатысты. Одан кейінгі 1998 жылы өткен халықаралық конференцияға Украина, Белорусь, Армения, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан т.б елдерден делегаттар қатысты. Бұл жиында басқа проблемалармен қатар Төлеген Тәжібаев мәселесі ғылыми түрде талқыға түсті. Одан кейін 2009 Орта Азия Республикаларының ғалымдарының басын қосқан конференция өтіп, оған 15 түркі тілдес елдерінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Қырғыстан, Өзбекстан елдерінің ғалымдарымен бірлесіп конференция өткізіліп тұрды. Ең бір елеулісі – 1991 жылдан күні бүгінге дейін 10 рет «Тәжібаев оқулары» атты ғылыми конференция өткізілді. Бұл конференцияның материалдары 18 том болып жарыққа шықса, алдағы уақытта оған енді екі том қосылатын болады. Бұл жинақта көптеген ғалымдардың еңбектері жарияланды. Т.Тәжібаевтің 100 жыл толуына арналған «Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері:жетістіктері мен болашағы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл жиынның да өскелең ұрпаққа берері мол.
Сөз соңында бір бұйымтайымды айтқанды жөн санап отырмын. Бүгінгі күні Алматы қаласында Төлеген Тәжібаевтың атында бірде-бір мектеп, я болмаса оқу орны жоқ. Алматыда Т.Тәжібаевқа бас-аяғы 100 метрге жетпейтін шолақ көшенің аты беріліпті. Арнайы іздеп барған адамдар бұл көшені таба алмапты. Ендігі жерде жыл сайын сиырқұйымшақтанып шешімін таппай келе жатқан осы бір өзекті мәселеге нүкте қойылатын келген сияқты.
– Аға, сөз соңында жастарға деген бір тілегіңізді білсек...
– Еліміздің келешегі жастар дейтін болсақ, олардың ұлттық намысы қашан да жоғары болсын деп тілеймін! Төлеген Тәжібаев сынды әрбірі ұлтын сүйе білсе, игі істер атқара білсе, қазақ деген ұлт жер бетінде мәңгі жасайтыны анық!
– Рахмет!
Гүлмира САДЫҚОВА