ЖУРНАЛИСТ – ҰСТАЗ

Журналистердің төл  мерекесі қарсаңында  ұлағатты ұстаз, майталман  журналист Кемелбек Шаматай турасында шәкіртінің  қаламынан туған «Журналист - ұстаз» атты очеркті  назарларыңызға ұсынғанды  жөн көрдік.

        Сейіт ағайдың алдынан дәріс алған бір жыл оның бүкіл ғұмырына жарығын себездеткен ақ нұр болып  созылды. Қан майданға қатысып, одан соң жапондарды жайратып оралған көмірдей қара толқынды шашы төгілген, ашық дидар ажарлы ағай сабақ түсіндіргенде, төртінші сыныптың есігін қатарынан екінші жыл ашып отырған Кемелбектің бала қиялын ғажайып әлемге бастап әкететін...

            Иә, ол төртінші сыныпты алғаш үздіктер қатарында аяқтағанына қарамастан, екінші жыл оқып жүр.

           Өткен қыста әкесі колхоз жұмысында жүріп қайғылы қазаға ұшырады да, шағын ғана Жалғызағаш ауылыныдағы бастауыш мектепті бітірген соң, кенже ұлды анасы «қасымда бол» деп үлкен ағасы оқып жүрген Шымкенттегі ағайынның үйіне де, өзімен төртіншіні бір партада отырып бітірген тетелес ағасы Ертаймен бірге «Коммунизмге» де жібермеді.

             Бірінші қыркүйек күні  Сәуірбек Бақбергеновтың  «Талғат» повесін оқып, есік алдын- да отырған Кемелбек қара жолмен тізіліп, ұбақ-шұбақ мектепке қарай уылдасып-шуылдасып, өтіп бара жатқан ұл-қыздарды  көргенде, оқып отырған кітабын  ұмытып, оларды көз ұшына дейін  жанарымен шығарып салды.

             Күн түс болғанда әлгі балалар  көзді арбаған сол қалыптарымен  үйлеріне қайтып бара жатты...

           Ертеңіне тағы сол көрініс. Үшінші   күні...шыдай алмады.

- Апа, төртінші класқа  қайтадан барайыншы, - деді анасына келіп.

- Бара ғой, күнім. Тек қасымда  қарайып жүрсең болды маған...  Анасының қолы жаулығының ұшын іліп алып, көзіне қарай жақындап бара жатты...

- Кемелбек шүберек қалтаға  сықап толтырып қойған өткен оқу  жылынан қалған кітап дәптерін  көтере мектепке қарай құйындай  жөнелді. Төбесі қамыспен жабылып, үсті балшықпен сыланған  мектеп үйінің дәлізіне келгенде  жүрегі атқақтап кетті. Сабақ басталып кетіпті. Жартылай ашық  есіктерден мұғалімдердің сабақ  түсіндірген дауыстары естіледі.

           Бірінші кездескен есікті  жүрексіне қақты. Есік ашылғанда,  парталарда былтыр үшінші сыныпта оқыған балалардың  отырғанын көрді. Яғни іздеп  келген төртінші сыныбы осы. Есікті ашқан мұғалімдерді бұрын  көрмеген. Кейін білді, бастауыш мектепке меңгеруші болып келген Сейіт Төлепов ағайы екен.

- Ағай...оқ-оқи-ын-шы...

- Сен төртіншіні бітіріп қойған  жоқсың ба?

- Апам басқа жаққа жібермеді...  Оқиын-шы...  Мұғалім мейірлене арқасынан  қақты.

- Бәрекелді! Міне азамат! 

«Қайталау – білім анасы». Қайта  оқығанның айыбы жоқ. – Осыны  айтып, Сейіт мұғалім Кемелбекті  алдыңғы партадағы Сергей  Әсетовпен қатар отырғызды. Ұстаз айтқандай-ақ бұл жылдың орны ерекше болды. Әсіресе, тілге, сөзге деген  ықыласын еселеп арттырды...         Оқушылардың ұғымына  сәйкес айтылатын, мақал-мәтелдер мен аңыз әңгімелер, өмірден ойып алып, айтылатын  жанды мысалдар жас зердеде  қаттала берді...Ұстаздың: «Нан жеу үшін өмір сүрме, өмір сүру  үшін нан же» деген сөзі әлі күнге  дейін мәнін жойған емес!

           Осыдан бір жыл өткенде,  Сәбит Мұқановтың «Өмір  мектебі» кітабын оқуы оның мақсатын айқындап бергендей болды. Мектеп бітірген соң  журналистік оқуға түсуді армандады. Ондай оқудың болатынының   өзін Сейіт ағайынан естіген. Алайда оның жүзеге асуы оңай бола  қоймайтынын ертерек сезінді.

            Кейінірек көрші ауылда жеті  жылдық мектеп ашылып, сонда  оқып жүргенінде, өзінен бұрын  онжылдықты бітірген осы ауыл  балаларының бірде-бірі жоғары оқу орнына түсе алмады. Оқуға  түсемін деп артынып-тартынып,  қалаға аттанған олар араға бірер ай салып, аман-есен қайтып келеді  де, колхоз жұмысына жегіледі.

           Бірі арба айдайды, бірі жер жыртады. Келесі жылы бағын сынап  көруге талаптанатыны тағы болмайды.

           Жетіншіні бітірген соң,  педучилищеге түсуге бел байлап отырғанда, Шымкенттегі мұндай оқу орны ол жылы құжат  қабылдамайтын болып шықты.

           Амал жоқ, Кемелбек оқуын  осындағы Жамбыл атындағы  мектепте жалғастырды. Бір қызығы, келесі жылы педучилище қайтадан қабылдау жариялайтын болады. Кемелбек бір жылды тағы да құрбандыққа   шалып, педучилищеге құжат  тапсырды. Жолы болып оқуға қабылданды. Мұндағы ойы: педучилище бітірген соң журналистік  оқуға бір жыл түсе алмаса, бәрібір  білімнен қол үзбейді, келер жылы  дайындықты күшейте түсіп қайта   барады.  Кемелбек педучилище  бітіргенше, журналистік оқуға  түсу жолы тағы да ұзара түсті. Бұл  кезде ҚазМУ-дің журналистика  факультетіне арнаулы орта оқу  орнын бітіргендер үш жылдық  еңбек стажымен қабылданатын  болды. Енді жас педагогтың үш жылдық бұрылыс жасауына тура  келді. бөліміне оқуға түскенде,  өлеңдері мен мақалалары облыстық, республикалық, басылымдарда жиі жарық көріп, жазуға біраз төселіп қалған болатын.

             Зер салып қараған жан  солардың бәрі адамның бойында кездесетін кемшіліктермен күреске арналғанын аңғарар еді.  Мысалы педучилищенің бірінші  курсында оқып жүргенде жазып,  конверт сыртына тұңғыш рет редакция мекен-жайын көрсеткен, 1957 жылдың 5 сәуірінде «Қазақ  әдебиетінде» жарияланған  «Кей қыздардың тағдыры» деген мақаласында мектепте  өзімен бірге оқыған қыздардың  тұрмысқа тым ерте ұзатылғанына қынжылыс білдірсе, одан кейін  «Лениншіл жаста» жарық  көрген «Әңгінамыс», «Ойыннан от шыға жаздады», «Тұрмыс  құрып түрінен айрылды» деген мақалалары жер-жерде жастар ұйымдарында талқыланып,  қоғамдық ой туғызды.

            Университеттегі жылдар  табиғи құлшынысты, теориялық  жағынан толықтыру, шыңдалу  кезеңі болды. Сонау бала кезден жүректе маздаған арманды  қанаттандыру жолында факультет деканы Тауман Амандосов,  кафера меңгерушісі, профессор Хайыржан Бекхожин, ағысын  білдірмейтін терең су тәрізді профессор Бейсенбай Кенжебаев, көрнекті публицист сол кездегі  «Қазақстан коммунисі» журналы  бас редакторының орынбасары Төлеубай Ыдырысов, қия басқан қадамыңды қырғиша қадағлап отыратын Темірбек Қожекеев,  өз баласындай бауырына тартып   сөйлейтін Қабижан Құсайынов, тіпті бір сөйлемді бір сабақта  талдап бітіре алмайтын Орынбасар Төлегенов тәрізді көптеген ұстаздардың жарқын бейнесі зердеге журналистік шеберлік болып  қаттала берді.

           Орынбасар Төлегенов есімі   журналист-ұстаздар қатарынан  кездейсоқ орын алған жоқ.  Болашақ журналистердің  сауаттылығын арттыруда  көңілжықпастықтан ада-күде, тіпті ондайда деканды да маңайына  қондырмайтын асау мінезді  бұл ұстаздың орны теңдессіз.

            Қатал. Қатал да болса, семестр  соңына қарай студенттерге диктант жаздыратын әдеті екен.  Екінші курстың қысқы сессиясы  жақындағанда, бір курс жоғары  оқитын Д. Әлисұлтанов, С.Есімов  тәрізді жігіттер жатақханада  араласып тұратын Кемелбек, Жаңабек, Жарылқасын тәрізді  ізбасарларына:

- Орынбасар Төлегенов жыл  сайын мына мәтінді жаздырады. Осыны пайдаланыңдар, - деп қателері түзетілген, өздерінің  өткен жылы жазған жұмыстарын  беріп, «достық» көмектерін ұсынды. Ондай көмек арқылы  басқалар да сақадай сай қаруланса  керек, бір-бірлеріне сыбырласа сыр береді. Дайын мәтінді  мүлтіксіз көшіріп шығатындарына  бәрі де сенімді.

Бірақ... ұстаз диктант атын   хабарлағанда, тау соғардай нағыз   отырғандардың көздері атыздай болды. Ұстаз бұл жолы басқа  мәтін жаздыратын болды. Енді өз  жинағыныңнан өзге сенерің жоқ!

          Небір күрделі сөйлемдер оқылып   жатыр...

Араға апта салып ұстаз  тексеріп, бағасын қойған диктант нәтижесін жариялады.

Жіберілген қатенің ең азы – тоғыз, көбі... жоқ айтпай-ақ  қояйық! Тоғыз қате жіберген  екі студент - бұрын педучилище  бітірген Кемелбек Шаматаев пен   Жомарт Әбдіхалықов екен.

- Бұл екеуіне құлақтарынан  сүйреп жүріп үш қойдым, - деді  Орынбасар Төлегенов. Бас қалары айтпаса да түсінікті. Бірақ   ұстаздың үнінде ызғар да, реніш  те жоқ. Жүзі ашық. Диктанттың осы мәтінін Кемелбек көпке дейін қалтасына  салып жүрді. Бірде КазПИ-де оқитын досы, бұрын пе дучилищені  бірге бітірген Ілесхан Байсеркеевке барды. Нүкеш Бәдіғұлов,  Төлеген Қажыбаев, Болат Сейсенбаев тәрізді әріптестерімен  әңгі мелесіп отырған Кемелбек   кенет өздерінің диктантты қалай   жазғанын айтып берді.

           Бөлме толы студенттер ду ете   қалды.

- Университет дегені болмаса,  сендерге тиянақтыбілім бермейді.

           Бізде Мәлік Ғабдуллин, Хажым  Жұмалиев бар. Сендерде кім бар?  – деп, қызды -қыздымен оқу орнына, ондағы сүйікті ұстаздарына  шабуыл жасай бастады.

          Кемелбек өрттей болып  қызарды.

- Жарайды! – деді дауысын дуылдасқандардан асыра, - солай-ақ болсын. Бірақ  бір-мәселеге келісейік. Қазір  ол диктанттың мәтіні менің  қалтамда. Орталарыңнан ең үздік студенттеріңді шыға рыңдар. Оған  мен осы диктант мәтінінің үш  сөйлемін ғана оқимын. Алдымен диктантты кім жазғанын, қашан  жазғанын көрсетеді. Содан бастап  үш сөйлемді жазып болғанша бес  қате жіберілсе, сол бесінші қате  жіберілген жерден тоқтаймын.

          Осыған келісесіңдер ме?  Кемелбекті кеу-кеулегендер  ошарылып қалды. Барлығы жоғары степендиат, үшініші  курстық Төлегенге қарады.

          Төлеген бір қызарды, бір бозарды. Шегінер жол қалмады.

- Келістік, - деді Төлеген.

- Ендеше жаз. «Абай атындағы  педагогикалық институттың  тарих-филология факультетінің үшін ші курс студенті Қажыбаев  Төлегеннің қазақ тілі пәнінен  жазған диканты 14 декабрь, 1964  жыл».

- Осыдан соң диктант мәтінінен бір сөйлем оқыған Кемелбек:

- Болды. Қазірдің өзін де бес  қате кетті. Әрі қарай оқымаймын.

- Қалайша? Қай жерде қате?   Отырғандар аң-таң.

- Бірінші қате диктантты жазған кім екенін көрсеткеніңнен  кетті. Ол жұмыстың – бас тақырыбы. Бастақырыптан соң нүкте қойылмайды. Сен нүкте қой дың.  Құрмалас сөйлемдердің арасы   үтірмен бөлінеді. Сөйлем соңында  нүкте қойылады. Сен оның бірін   де орындаған жоқсың. Осымен  үш қате болды.

- Одан әрі бірінші сөйлемде  жіберілген екі қате осындай  тәсілмен дәлелденіп, түсіндірілді.

Бірақ табалаған жоқ.

- Міне, Орынбасар Төлегенов   ағай бізге талапты осылай қояды,  - деді жәй ғана.

***

         Үшінші курстың соңында  болатын өндірістік тәжірибені  «Оңтүстік Қазақстанда» өткізшен Кемелбек ара-арасында  республикалық газеттерге де  қатысып тұрды. Солардың бір- екеуі республикалық радиоға  жіберілген екен. Ол жастар тақырыбына байланысты болғандықтан, жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасынан беріліпті.

          Оны арада жыл өткенде курстасы  Құсман Игінісовтен естіді.  Былтыр өндірістік тәжірбиені  «Ұшқында» өткізгенімді білесің,  соның меңгерушісі Мадриды Рысбеков сені қайткенде де төртінші курстың практикасында радиоға  алып кел деп тапсырды. Радиоға жүр, бірге болайық, - деді Құсман.

           Бұл өтінішіті бір рет ғана айтып  қойған жоқ, күн сайын үгіттейтін  болды. Бұл кезде өткен жылғы  өндірістік тәжірибе нәтижесі бойынша «Социалистік Қазақстан»  газетіне жолдама беріліп қойған  болатын.

          Тамшы ұзақ тамса да тас  тесіледі. Құсман үгіті де нәтижесін  берді. Ақыры Кемелбек кафедра меңгерушісі Хайыржан Бекхожин ағайының бас шайқаған кейістікті келісімінен кейін,  жолдамасын Қазақ радиосына   өзгертіп алды.

          Мадрид Рысбеков практикантты құшақ жая қарсы алды.  Алдына «Ұшқын» бағдарламасы  микрафондық материалдарының  кере қарыс тігіндісін қойып:

- Осыған қарап, хабарлардың  қалай жасалатынымен танысып  шық, - деді.

«Ұшқын» бағдарламасы аптасына үш рет бір сағаттан беріледі  екен. Кемелбек бір сағаттай тігіндіні аударыстырып, хабарлармен жете танысып шықты.

             Сөйтіп М.Рысбеков тапсырмасымен 1-сәуір күлкі күніне  арналған әзіл-оспақ бағдарлама    әзірлейтін болды.

(Жалғасы келесі санда)

Гүлмира САДЫҚОВА