ҚАЛАУ ДАТҚА – ҚАТАРДА
2010 ж. 16 маусым
2334
0
Жергілікті «Арыс ақиқатының» кезекті бір санында Арыс қаласындағы шағын аудандарға ат қою туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 13 бабының 4 тармақшасына сәйкес, әкімнің № 420 қаулысында шағын аудан тұрғындарының пікірін ескере отырып, Арыс қаласы әкімдігі қаулы етті деген шешімде «Мехколонна» шағын ауданына Қалау Датқа аты берілсін» деген жолдарын оқыдым.
Осыдан 4-5 жыл бұрын «көшеге- көкемнің аты, ауылға-атамның аты» деген сарынмен арғы аталарының халыққа берген қандай да бір пайдасы болсын-болмасын қалталылар ақшаға «жығып» алып бергенінің куәсі болған бізге мұндай ат берулер таңсық та болмай қалғанды. Алайд»а бүкіл бір шағын ауданға аты берілетіндей бұл кісінің халқына жасаған еңбегін қайдан іздеуге болатынын ойластырып жүргенде мына бір тосын оқиғаға жолыққаным.
Жатар уақыт болып қалғанына қарамастан тынымсыз шылдыраған телефон тұтқасын құлағыма тостым. Арғы жақтан шыққан лебіз-үнді, Арыс қаласына белгілі азамат, медицина ғылымының кандидаты Әбекең, Әбілқасым Жарымбеттің дауысын бірден танығаным. «Өзің білетін «Мехколоннада» арғы күні атамыз Қалау Датқаның атына берілер ас ұйымдастырып жатырмыз, соған сені әдейілеп шақырып отырғаным» демесі бар ма? «Мақұл, Әбеке» Айтылған уақытта уәделі жерге бардым. Адам деген ығы-жығы. Күннің шуағы да арыстықтарды құлпыртып жібергендей. Сазды әуендер мен күмбірлеген күйлер бір толастамай тұр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар аста-төк дастарханға жайғасып жатыр. Өзінше ізденіп, жергілікті телекөрсетілім орталығын ашқан Махамбет Төлебековтың оператор жігіттері көпшілік арасында дамыл таппауда. Асты қала әкімінің орынбасары Бақтығали Ділдәбеков ашып, өз кезінде халқына сүйеніш бола білген, өткір тілді Датқа атағын алған Қалаудың ұрпақтарына шағын ауданға сол ата аты берілгенімен құттықтады. Келесі кезектегі қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлебай Ысқабаев та осы ортаға таныс бұл есімді нақтылай түсті.
Ұзақ жыл аудан көлемінде қызмет еткен, әр сөзін құлаққа ғана емес, жүрекке жеткізе білетін ардагердің сөзі ұйыған халыққа қатты әсер етті де. Мұнан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Датқа ұрпағының бір тармағы Әмзе Көктәндіні де көпшілік жылы ықыласпен тыңдай білді.
Сөзден-сөз туындатқан ұрпақ өкілдері бабаларының халық аузында жүрген өткір де ұғымды қасиет-нәсиеттерін көпшілікке жеткізіп жатты. Тарих-уақыттың куәсі, ақиқаттың сәулесі, зерденің өмірі, ескінің хабаршысы. Осы кезеңдерде Датқаның тікелей төртінші ұрпағы болып келетін, баспадан шыққан бір-екі кітабымен тарихшылар мен шежірешілерді мойындатқан еңбек ардагері Балғынбай Пердебек Сұлтанбекұлымен аз-кем сұхбаттасуға тура келгені.
-«Біздің бабамыз Қалау Датқа деген кісі (1818-1894жж) қазақтың ірі тұлғаларының бірі болған. Әрі терең дипломат. Ол кісінің тарихқа дендеп енуі 1858 жылдары болған «Ордабасы ойранында», кәдімгі Қоқан хандығында сол кезде «дәуірі жүріп» тұрған Құдияр ханның (1810- 1878жж) Оңтүстіктегі өкілі Мырзабидің басын алған уақыттарынан басталады.
Бұл «Ордабасының ойраны» Мұсабек батыр, Сапақ, Мәдәлі, Жаманқара атты бабалардың Мырзабидің елге жасаған қиянаттығына шыдамай сол Мырзабидің жанын жаһаннамға жіберген уақыты болатын. Міне сол кезде ел үлкен үркіншілікке ұшырайды. Енді Қоқан хандығы біздерді келіп шабады деп елдің тоз-тозы шығып, бет-бетімен қашуға айналады. Үрейленген халықты тоқтатып, шабар болса міне басымыз дегендей бір топ ел ақсақалдары, батыр-билері Қоқанға, Құдияр ханға бет алады. Сапақ, Қалау бастаған бұл топ амалдың жоқтығынан, яғни хандық өкілінің өлімін мойындарына алғандықтан үлкен тарту-таралғымен барған. Мүмкін әдіске салды ма, жоқ әлде басқалай ойы болды ма, Құдияр оларға бірнеше күн жауап бермей «қонақ» етеді. Жатқандарына 5-6 күн болғанда хандықтың өз араларындағы жазықты болып қалған әкім-қараларын мойнындарына гір тасын байлап, құрақ киіз салынған есекке теріс мінгізіп бұлардың алдынан өткізеді.
Қаһарлы Құдиярдың «жараса ма» деген сұрағына оның айналасындағылар «жарасып тұр» деп шиқыл қақпай ма? Осы кезде Қалауға оқыс бұрылған Құдияр «сен не айтасың» дегендей иегімен сауал тастайды. Ұстамды сөйлеу - парасат белгісі.
Ал парасат көп толғанатын нәрсені батылдық әп-сәтте шешіп тастайды. Негізі саяси қайраткерлер мен шешендер батыл, шапшаң қимылдаулары керек емес пе:
- Тақсыр, басыңыздан бақ тайса, сізге де жарасады! - дейді шімірікпестен Қалау ата. Әрине, өзің кінәлы болып кешірім сұрай келе ол елдің ханына қасқая айтылған мынадай сөзден кейін әлгі топ іштерінен білер дұғасын оқи бермей ме, соңғы демдерін күтіп. Елінде екінші рет таққа қайтадан отырған Құдияр мынадай жауаптан кейін қап-қара болып түтігіп, өз сарайына кіріп кетеді.
Алайда, өзіне-өзі келген хан қазақтың бір азаматының өзі тілін тартпай отырғанда бүкілдей елді шабуға жүрегі дауаламай оларға кешірім беріпті. «Бұл жерде Мырзаби өз үкімін өзіне жариялапты, ол үшін қонсы жатқан екі халықты жауластырмайық, естуіміз бойынша ол да шектен асып кетіпті» дейді Құдияр жақауратып. Онымен қоймастан бір шолақ қылышты Сапаққа, құндыз ішікті Қалауға сыйға тартады. Шолақ қылыштың тарихы мына мәнге алып келеді екен. Біздің екі елдің бір-біріне деген реніші қылыштай қырқылып бір-бірімізге деген өкпеміз сынықтай болып ажырасын. Және Қалауға құндыз ішікпен бірге Датқа атағын берген. Ал Датқа лауазымы өлім үстінде тұрса да қара қылды қақ жарар, әділеттілігімен, туралығымен көрінер, шындықты кімге де болса жасқанбай мойындата алатын сөз өнерін меңгерген жанға ғана берілер атақ болған ол заманда. Оның үстіне Датқа атағын алған адамның би-болыстардың да үстінен қарайтын өкілеттілігі болған. Міне, осындай керек болса бас кетер оқиға арасынан ешқандай басы артық қан төкпей, бейбіт жолменен Қоқан хандығымен жарасымға келгені үшін Қалау Датқаның атағы Алты Алашқа жайылып, ол кісі қазақ арасындағы да көптеген қиын мәселелерді шешіп отырған.
Тәшкеннің төрт қақпасының бір қақпасы Қалау Датқаның құзырына берілуі де ол кісінің атағына лайықты баға алғандығы.
Ұшы-қиыры көрінбейтін Қазақ даласында отырған әр ру арасындағы кикілжің, оңайшылықпен бітпейтін даулар осы Қалау Датқаның алдына алып келіп оң шешімін тауып жатқан. Соның бір мысалы Рысты деген бойжеткен сұлудың атастырылып қойылған жерінен басқа бір рудың жігітіне, яғни өзінің сүйгеніне қашып кеткендігінен туындаған.
Атастырылған жердің адамдары әлгі жігітті ұстап мерт етеді. Сөйтіп екі ел арасында оңайлықпен бітіспес үлкен дау туындайды. Екі ел басшылары бұл дауды тоқтата алмай бастары қатады. «Енді мұны кім тоқтатады» дегенде, «Бір тоқтатса, Қалау Датқа ғана тоқтата алады» деген соң жиылып Датқаның алдына келеді.
Датеке, даулап келдім, Рыстыны,
Жоқ екен замананың дұрыстығы,
Тентекті тегіменен жөнге салар,
Емес пе ең Орта жүздің бір ұстыны?
деген өлең жолдарымен түсіндірілген дауды Датқа ың-шыңсыз өрелі оймен өрнектеп, екі жақтың да ризалығын алып, шешіп берген екен».
Бұл туралы үлкен жазушы-тарихшыларымыз нақтылай жазса, өз халқына деген сүйіспеншілікті екшелеп, жастардың құлағына құйып тұрғанымыз дұрыс болар еді.
Ас беріліп, соңы Қалау Датқаға, оның осы күнге дейінгі бұл фәни дүниеден озып, о дүниелік болып кеткен ұрпақтарымен қоса құран ішіне аттарын атаған имамның дұғасынан соң, асқа келген қадірлі қонақтарға шапандар жабылып, естелік-кітапшалар таратылды.
Міне осылайша тарих қойнауын оқтын-оқтын аударып оны келешек ұрпаққа ұғындырып отырар болмасаң, ертеңгі сенің тарихыңның болуы екіталай. Тарих құзырына кеткен ұлы тұлғаларды қайта жаңғыртып отырған бұл ұрпаққа айтар алғысымыз да шексіз.
Осы жерде бір ғасырдан сәл ғана бұрынғы халқына деген сүйіспеншілік, оған деген жанқиярлық пен қазіргі Қазақстан билігіндердің арасын салыстырмақ болсаңыз, айырмашылық жер мен көктей.
Мына халқына тасбауыр болып бара жатқан билік орындарындағы шенеуіктер өз халқына тұлға бола білген, қорған бола білген осындай бабалардан үлгі алса нетті.
Қазір сол кездегі
Датқалыққа пара-пар халқының тағдыры жөнінде өз басын өлімге тікелей тіге алатын бірден-бір депутат бар ма екен, екі палатаның қай- қайсысында? Әй қайдам...
Басқа елдің патшасына айтпақ түгілі өз Елбасыларына қиғаштап та қарауға қорқатын қайран ұрпақ! Ойпырмай, қазіргі депутаттардың ертеңгі келер ұрпақтарының өз замандастарына айтып-көрсетер мақтаныш сезімі қайдан болады. Мына жақын ел жапондардың озық технологиясын Қазақстан өндірісіне енгізудің орнына солардың әлгі үй қызметшісінің салты- екі қолды біріктіріп, маңдай алды ұстаған күйі басты қайта- қайта бас изеумен есіктен арт жағымен шығатын жағын ғана үйренген біздің шенеуіктерге не шара?
Рухани биіктік – ең үлкен бақыт. Адамды адам етіп отырған да осы. Ата рухы, баба рухы адамды қанаттандырады. Мылқауды сөйлетеді, кереңнің жүрегін тербетеді. Адамдық жүгіңді алға бастырып, өркениеттікке сүйреп отырған да осы қасиеттілік. «Елім дейтін ер болмаса, еске де түспес есерлер» демекші, шіркін ел іші. Жақсысын көтергісі келеді, бағалағысы келеді.
Әуелхан ШОНЖАН
Арыс қаласы