ЗИРА НАУРЗБАЕВА. ӨЛТІРІҢДЕР АҚЫНДЫ!
2014 ж. 27 сәуір
2228
0
Карл Маркс капиталистік қоғамды «Жаппай жезөкше қоғам» деп атаған, өйткені инженер де, ғалым да, суретші де, тігінші де өз қабілетін, өз талантын, өз еңбегін сатады. Маған 80-жылдардың ортасында бұл сын күлкілі көрінген. Өйткені біз өз талантымызды еңбек нарығында сата алған жоқпыз, біз құл едік. Идеология майданы жауынгерлерінің болашағы КПСС ОК-нің съездері мен пленумдарында шешілетін. Одан кейін ашқұрсақ еркіндік жылдары келді, сосын... «Жаппай жезөкше қоғам» да жетті.
Есімде, Таласбек (жұбайым – жазушы Әсемқұлов) бірнеше жыл бойы тәулігіне 16-18 сағат жұмыс жасап, «Хабар» үшін адамның жүрегін айнытатын сериалдарға аударма жасады. Әр парағы 200 теңге тұратын. 10 мың бет, қалың-қалың 20 том. Содан бері мен өзім үшін ақша жұмсауды ұмыттым. Баспана алуға ақша жинағандықтан емес. Алатын заттың құнын автоматты түрде өзім үшін ең қымбат валютамен есептей бастайтынмын. Ол – менің күйеуімнің, керемет музыкант, жазушы, ойшыл адамның алтын уақыты болатын... Серікбол Қондыбайды аударған кезде 3-4 сағат жұмыстан соң миыңмен тас көтергендей шаршасаң да, уақытың бос кетпегеніне қуанып тұрасың. Мыңжылдықтарға саяхат жасап келіп, біздің әлемге қайта оралғандай боласың. Мейлі, аударған кітаптарың жылдар бойы шықпай жатсын, мейлі, еңбегің үшін тиын-тебенді екі жылдан кейін аларсың. Бірақ, бұл Серікбол ғой. Ал кей кезде аударма жасап отырып, өзіңді интеллектуалдық жезөкшелікпен айналысып жүргендей сезінетінің бар. Клиент – қияли импотент, нақұрыс біреу. Бетіне бір түкіргің келгенмен, ақша да керек. Өзіңнен жиіркенесің, аяйсың өзіңді... сосын Марксті еске аласың. Сосын өзіңнің бірнеше мамандығың барына, өйтіп-бүйтіп күн көре алатыныңа шүкір дейсің. Бірақ біздің қоғамдағы мұндай кеңістік жыл өткен сайын тарылып барады. Күнде қалған тулақтай тырысып барады. Қазақ ақындары үшін, нағыз ақын үшін бұл тіршілік әуелден тар еді. Бірақ қазақ газеттері орыстілділерге қарағанда қазақ тарихы, әдебиеті мен тілі жайлы жазудан ешқашан қорыққан жоқ. Әрдайым жаңа газеттер ашылып, ара-тұра кітаптар басылып жатты. Ақындар да өзінше бақытты еді – үй-күйсіз, кедей болса да бақытты болатын. Ал соңғы 5-6 жыл ішінде газеттер тек жабылып жатыр – дағдарыс, саяси монополия, себеп көп қой. «Бұлай жазба», «бұл жайлы қозғама», «жалпыға ортақ еңбек қоғамы» жайлы, «тарих толқыны» туралы, «мәңгілік ел» хақында жаз» деген қысым басталды. Соңғы кезде тіпті идеологтардың өзі шатасқандай... ақындар енді Кеден одағын жырлауы керек пе? Жұмыссыздық қусырып барады. Ал ақындар – өмірге қырсыздау халық қой... Жақында бір ақын өмірден өтті. Шалқып сөйлеуді ұнатпаймын, сондықтан да «ақын» дегенді кіші әріппен жазып отырмын. Ақын өмірден өтті, өзінің сұмдық шешімін жасады. Жалпылама жезөкшелікпен айналысып жатқан қоғамға, жалпылама тұтынушы қоғамға ақын керек емес, жарнамалық шумақ жазатындар ғана қажет. Ақындарды жөргегінде жатқанда-ақ өлтіру керек. Балаңның бойындағы ақындықты ертерек өлтір, замандас!
ФЕЙСБУК ЭССЕНІ ҚАЗАҚШАЛАҒАН ҚАЗЫБЕК ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Abai kz