БОЖКО ТАҒЫ ҚҰТЫЛДЫ
2014 ж. 27 сәуір
1822
0
21 сәуірде Көкпекті трагедиясына тура 20 күн толды. Үш апта тексеріс жүргізген комиссияның алдын ала қорытындыларын тыңдау үшін апатты ауылға еліміздің бас құтқарушысы Владимир Божко тағы ат басын тіреді. Мамандардың болжауынша, айтулы апаттың орын алуына екі нәрсе себеп болған. Біріншісі – ауа райының күрт жылынып, қардың тез еруі. ≪Қазгидрометтің≫ қарағандылық бөлімшесі бастығының орынбасары Валерий Стратиенко 22 наурыздан бастап облыста күн жылынып, 29-ы мен 30-ы күндері жаздағыдай ауа райы болғанын айтты. Бірнеше күн бойына Көкпекті өзені бассейніндегі қар еріп, сең жүрген. Сөйтіп, қызыл су жолындағы шаруа қожалықтары орнатқан 7 шағын дамбаны бұзып өтіп, Көкпекті су қоймасына жиналыпты. Алайда 1,5 млн текше метрге лайықталған бөгет 8 млн текше метр суға шыдас бермеген.
Екінші себеп – бөгеттегі артық суды ағызып жіберетін қақпа ашылмаған. «Қарағанды ГИИЗ» ЖШС-нің Бас директоры Виктор Попов су қоймасындағы геотехникалық зерттеудің нәтижесінде бірқатар кемшіліктерді анықтағанын жұртқа жеткізді. Маманның айтуынша, өзеннің түбіндегі суды ағызатын қақпа төменде болғандықтан, су оны айналып өтіп, каналға құйылған. Сондай-ақ бөгетті жалға алған «Табиғат» компаниясы қоймадағы судың көлемін көбейтемін деп бөгет қабырғасын көтерген көрінеді. Бірақ судың деңгейін ешқашан өлшемеген. Бөгеттің негізгі қожайыны «Агрофирма Шаңырақ» ЖШС-нің де ісі шала екен. Себебі тексеріс кезінде дамбаның не жобалау құжаттары, не техникалық төлқұжаты табылмапты.
Сонда бұл трагедияға кім кінәлі? Алдын ала жүргізілген тексеріс бойынша, Көкпекті ауылының әкімі Бақытжан Смайыловқа, Бұқар жырау аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ришат Жантөлековке «қызметіне салғырттықпен қарады» деген айып тағылып отыр. Аудандық сот екеуіне қатысты ешқайда кетпеу шарасын қолдануға үкім шығарды. Егер олардың кінәсі дәлелденетін болса, 5-6 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ су қоймасының қожайыны – «Агрофирма Шаңырақ» ЖШС-нің директоры мен құрылтайшысынан да ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Ал балықты көбейтемін деген «Табиғат» компаниясы қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма? Құзырлы органдар компанияның бөгеттің апатты жағдайда тұрғанын айтып, жазған арыздарын тексеріп жатыр. Яғни алдағы күні айыптылардың саны да көбеюі мүмкін.
P.S. Су тасқынынан келген шығын әзірше 1 млрд теңге деп есептелген. Көкпекті ауылындағы 51 үй, су соратын мұнара және Сұрыптау кентіндегі 9 үй жарамсыз болып қалған. Тағы 145 үйге түпкілікті жөндеу жүргізу керек. Қош делік. Бірақ трагедияға тікелей кінәлілердің ішінде Көкпектіде күн 18 градусқа жылынатынын ғаламтордан бір апта бұрын білген Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко неге жоқ? Бас құтқарушы «еліміздегі барлық бөгеттер жыл басынан бері бақылауымызда болды» деп неге өтірік айтады?
Төлен ТІЛЕУБАЙ, "Жас қазақ" газеті