Қазақстандықтың шағымымен Жириновскийге қатысты тексеру жүргізіледі

photo_117845Қазақстандық заңгердің шағымы бойынша Ресейдің Тергеу комитеті Владимир Жириновскийге қатысты тексеру жүргізеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі құқық қорғаушы Асқар Қаймақовтың өзіне сілтеме жасап.

Жириновскийді Ресейдегі Отан қорғаушы күніне арналған митингте сөйлеген сөзі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған қазақстандықтың хаты ақпан айының соңында жолданған. Екі айдан соң заңгерге "шағымыңыз тергеуалды тексеру жүргізу үшін Ресейдің Тергеу комитетіне жолданды" делінген жауап келді.

Қаймақов Жириновский өзінің атышулы мәлімдемесі үшін РФ Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша жазалануы керек деп есептейді: "Жеккөрінішті немесе жауласуды туғызу және адамның ар-ожданын қорлау", "Көпшілікті экстремистік қызметке шақыру", және "Көпшілікті басқыншылық соғысты өршітуге шақыру". Заңгердің айтуынша, өз сөзінде Жириновский Қазақстанды ғана емес, өзге елдерді де, соның ішінде, Украинаны да кемсітті.

Еске салайық, бұл мәлімдеме Ортаазиялық федералдық округ құру туралы болатын. Ресейде Отан қорғаушы күніне арналған митинг кезінде ЛДПР жетекшісі "Орта Азияда ешқандай республика болған жоқ. Ортаазиялық федералдық округ болды, басты қаласы - Верный! Қазір қаланың атауы басқа, Алма-Ата - менің туған қалам. Оны ойлап тапқан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Қазақстан. Ортаазиялық федералдық округ!" - деген болатын Жириновский.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл пікірге байланысты Ресейдің сыртқы саясат ведомствосына нота жолдады. Кейін РФ Федералдық Жиналысының Мемлекеттік Думасы аппараты жетекшісінің орынбасары Юрий Шувалов кейбір саясаткерлердің мұндай пікірлерінің Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарға ешқандай әсер етпейтінін мәлімдеді.

tengrinews.kz