Украина дағдарысы Қазақстанды да шарпып өтеді
2014 ж. 24 сәуір
1902
1
Ресейге жаңа санкциялар салынған жағдайда Астанаға мұнай экспортының жаңа маршруттарын іздеуге тура келеді. Бірақ Украина дағдарысы қазірдің өзінде экономиканың кейбір салаларына әсер етті.
Егер Мәскеу өткен аптада қол қойылған Женева келісімдерін орындауға күш салмаса, АҚШ билігі жуырда Ресейге қатысты жаңа санкциялар енгізу туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Қарулы ресейшіл сепаратистер Украинаның батысындағы кейбір елді мекендердегі заңсыз басып алған мемлекеттік мекемелерді босатудан бас тартты. Дағдарыс Кеден Одағына мүше елдерге де әсерін тигізді. Қазақстанның мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин "Ресейге жаңа санкциялар салынған жағдайда Қазақстан өз мұнайын Батуми порты арқылы тасымалдаудың балама мүмкіндігін қарастырады. Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы Қара теңізге шығуға күш саламыз. Ол жақта мүмкіндігі де мол, қуаты да мықты Батуми порты бар. Біздің Ақтаудағы порт 12 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алады. Оның үстіне, қазір Иранмен қарым-қатынастың жақсарып келе жатқанын мұқият бақылап отырмыз. Егер Иранға салынған санкцияларды алып тастаса, экспорт жолымыз дайын. Оны кезінде Ақтаудан Нека портына дейін пайдаланғанбыз, - деп мәлімдеді.
Сәуірдің басында Қазақстанның мемлекеттік бас дәрігері Украинаның бес өндірушісінің ірімшігін әкелуге және сатуға тыйым салу туралы қаулыға қол қойды.
Бұған "ірімшік сапасы ақуыз, май және ылғалдылығы жағынан сәйкес емес" деген себеп аталды. Сәуір айының басында "Роспотребнадзор" дәл осындай себеппен әлгі өндірушілердің өніміне тыйым салған. Былтыр Ресейден кейін іле-шала Қазақстан да Украина кәмпиттері мен құс етін әкелуге тыйым салған. Қазақстанның Ресей әрекетін қолдауы дұрыс па? Бұл Қазақстанды сауда-саттық соғысына арандату қаупін тудырмай ма? "Жоқ, дұрыс емес. Бұл - абсурд. Баға қымбаттайды, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың да бағасы өседі. Ресурстарымызды сату қиындайды. Мына жағдайда рубльдің құны түседі. Бір Кеден Одағында болғандықтан, оған ілесе теңге де құнсызданады. Бензин де қымбаттауы мүмкін", - дейді Алматы қаласы тұрғыны Айдар Ерғалиев. Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы үлкен емес. Қазақстан статистика агенттігінің дерегінше, былтыр екі елдің арасындағы тауар айналымы 4 миллиард 300 миллион доллар болған. Оның ішінде Қазақстан 2 миллиард доллардың тауарын экспорттап, 2 миллиард 300 миллион доллардың тауарын импорттаған. Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Украинаның үлесі - 3,3 пайыз.
Қазақстан Украинаға темір, марганец, хром, асбест, мұнай сияқты минералды ресурстарды, мұнай өнімдерін, минералды тыңайтқыштар және басқа заттар экспорттайды.
Ал Украинадан көбінесе ет, қант, айран және кондитерлік өнімдер сияқты тағам өнімдерін, цемент, лак-бояу материалдарын, құбыр, құрал-жабдық, трактор сияқты өнеркәсіп тауарларын импорттайды. Ал Ресей мен Украина арасындағы сауда қатынастарының көлемі мүлде бөлек. 2013 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 39 миллиард 500 миллион доллар болды. Украинаның тауар айналымындағы Ресей үлесі 25 пайыздан асады. Ресей – Украина нарығына энергоресурстар тасымалдайтын негізгі ел. Ал сәуірдің 22-сі күні ақпарат агенттіктері "бір айдан кейін "Астана-Киев" бағытындағы пойыз қозғалысы тоқтайтынын" хабарлады. "Пойыз қозғалысы Украина тарапының өтініші бойынша тоқтайтыны" туралы ресми хабарланды.
"Азаттық радиосы"