Өртенген базар мәселесі сотта да шешілмеді

барахолкаАлматының атақты «Барахолкасындағы» орын алған оқиғаларға байланысты кінәлі деп табылғандарға Жетісу аудандық соты өз үкімін шығарды. Өртке себепкер болған, рұқсатсыз дәнекерлеу жұмысын жүргізген саудагер Жанат Қайранов 3 жыл, «Олжа» базарының атқарушы директоры Мұсағали Алдабергенов қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін 4 жыл шартты жаза алды. Ал, миллиондаған сома тұратын тауарларынан айрылған қатардағы саудагерлердің талабы ескерусіз қалды. Бір емес, соңғы жылда он шақты рет өртенген «Барахолкаға» қатысты бұл бірінші сот үкімі. Оның да оң шешім екеніне шүбәланған саудагерлер өз арыздарын жоғарғы орындарға дейін жазбақшы. Бұл сот шешімі көпшіліктің көңілі қалмасын, шара қолдандық деген көзбояушылыққа көбірек ұқсайды. Одан саудагерлерге келіп-кетер қандай пайда бар? Саудагерлер кінәлілерді дарға асыңдар немесе бас бостандығынан айырыңдар деп жатқан жоқ. Бар-жоғы шыққан шығынды қайтарса болғаны. Естеріңізге сала кетейік, бұл сауда орнының жыры бірнеше жылға созылып келеді. Осыған дейін жиырма жылдан астам уақытта аса қатер төндірген бірде-бір өрт болмаған базардың басына соңғы кезде ғана бұлт үйрілгені саудагерлердің көңіліне күмән тудыруы да заңды. Олардың ойынша, «Екі сиыр сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері болып отыр. «Барахолкадағы» оннан аса базар иелері мен құйқалы жерге көз алартқан алпауыттардың айқасы осы тектес оқиғаға әкеліп соқтырған. «Маған болмаса, саған да жоқ» деген үлкендердің ұстанымына ойда жоқта пайда болған бұл маңда жол айрығы бар көпір салу «сыныққа сылтау» болды дейді көпшілік. Шынында, көпір салу керек болса базарды басқа жаққа көшіріп, бәріне лайықты орын тауып беруге болар еді ғой. Бірақ, бұл жерде біреулердің мүддесі бар екенін ұмытпауымыз керек. Жылдар бойы пайдалы сауда орнын иемденіп келгендер одан айрылғысы жоқ. Ал, басқа жақтан базар салып беруге ақша шығарғысы келмейді. Жаңа «бизнемендер» базар ашса ондағы орындарды қып-қызыл ақшаға сататын болады. Базардағы бір сауда орны қаладағы бір бөлмелі пәтердің құнымен парапар.Шу шығармай мәселенің шешілмеу себебі де сол тойымсыздықта жатыр деуге болады. Сондықтан саудагерлердің «базарды қайта-қайта қасақана өртеді» деген пікірлерінің жаны бар. Былтыр күзде саудагерлер мен сол маңда көрші тұратын тұрғындар «Құлагер» базары өртенгенде, қылмыскерлер өздерін байқап қалған базар күзетшісін пышақтап кеткенін де жарыса айтқан болатын. Бірақ, ол туралы құқық қорғау орындары ауыз ашпады. Қазір елімізде шағын және орта бизнесті дамыту керек деп күнде жар салып жатырмыз. Алайда, нақты іс-қимылымыз сол мемлекеттік маңызы бар бағдарламаны құлатуға жұмсалып жатқан сияқты. Бағдарлама емес, әркім өз қалтасын ойлап, бір-бірін аяқтан шалуда. Өзінің жеке пайдасы үшін мыңдаған адамдарды күн көріп отырған кәсібінен айырып, қарызға белшесінен батырған «барахолка» базары осыған нақты дәлел бола алады. Кейбірі пәтерлерін сатып, далада қалды. Енді бірі алған несиесінің өмірлік құлына айналды. Алдында айтқанымыздай, тауарларынан айрылған саудагерлер біреуді түрмеде шіріткісі келмейтіні анық. Оларға тауар құнын өндіріп берсе болғаны. Бірақ соттың мынандай шешіміне қарағанда ол талаптары ешқашан орындалмасы анық. Яғни, біздегі шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының орындала қояры да үлкен күмән тудырады деген сөз. Өйткені бұндай жағдай бір ғана «Барахолкада» ғана емес, барлық жерде, барлық салада орын алып жатқан қоғамымыздың «созылмалы сырқатына» айналған. Оны мойындамасқа амалымыз жоқ...