Жарылқап Қалыбай: "Қажет болса, Гаага сотына шағымданамын"

ЖарылкапКеше Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері Адольф Гитлер туралы материалдар басқан «Жұлдыздар отбасы» - Аңыз адам» журналына қатысты наразылық акциясын өткізді. Жиналғандар журналдың Гитлерге нөмір арнауын айыптап, «Фашизмнің қайта тірілуіне жол жоқ!» - деген ұран ұстап шыққан. Белсенділер журналдың Гитлерге арналған нөмірін өртеп, басылым редакторын «жауапқа тарту» туралы талаптар айтқан. Акция өтіп жатқан кезде журналда фашизмді қолдайтын емеурін жоғын айтпақ болған бір адамды «фашизмге қарсы» белсенділер сөйлетпеуге тырысты. Әлгі адамды «кім екенін анықтау үшін» полиция өкілдері ұстап әкеткен. Қазақ тілінде шығатын, 25 мың данамен тарайтын «Жұлдыздар отбасы» - Аңыз адам» журналы сәуір айындағы санында фашистер көсемі Адольф Гитлер туралы мақалалар жариялаған соң дауға қалған еді. Ал, журналдың Бас редакторы Жарылқап Қалыбай арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды ретімен түсіндірді. Оның айтуынша, журналдың мазмұнын әлдекімдер әдейі ушықтырып жатыр. Жарылқап Қалыбай: «Мен заң бұзған жоқпын, кейбіреулер мені, тіпті, әлеуметтік араздықты қоздырып, 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп сыртымнан үкім шығарып та қойыпты. Мен қажет болса, Гаага сотына шағымданамын. Өз басым бұны провакация деп білемін. Журналдың ішін ашып оқымағандар өздерінше шешім шығарып әлек. Журналда зерттеуші ғалымдар Гитлерге қатысты өздерінің пікірлерін айтқан. Ал, пікір айтылса, журналды жабу қажет пе?» - деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Жарылқап Қалыбай «КТК» арнасы мен Байланыс және ақпарат агенттігін сыртымнан шешім шығарғаны үшін сотқа беремін, - деді. Өз тілшімізден