Гитлердің елесі...
2014 ж. 22 сәуір
4527
7
Алматыдағы 28 Панфиловшылар саябағында біртоп совет-ауған соғысы ардагерлері 25 мың данамен тарайтын «Аңыз адам» журналын жауапқа тартуды талап етіп, наразылық акциясын өткізді. Ардагерлер басылымның Адольф Гитлерге арнайы нөмір арнауына қарсылықтарын «Аңыз адамды» жағып жіберу арқылы көрсетті. Ал, түстен кейін «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдарының жетекшісі Жарылқап Қалыбай журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берді.
Бұған дейін «Аңыз адам» басылымының Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру» деп аталатын 164-бабында көрсетілген «қылмыс белгілері» бар деп айыпталып отырғанын жазған болатынбыз "Аңыз адам" журналы ұлттық алауыздықты туғызды деп айыпталады. Осыған орай, аталмыш басылымның басшысы мен бірқатар қоғам қайраткерлері өз ойларын ортаға салып, ешқандай фашистік көзқарас насихатталмағанын, керісінше, тарихи шындық айтылғанын мәлімдеді.
Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» басылымының жетекшісі:
– Кейбір қоғам өкілдері менің медиажобамды толығымен түсінбей отыр. Біздің медиажоба тарихи тұлғаларға арналған. Кезекті бір тарихи тұлғаны журналға шығарған кезде сол тұлғаның өмір сүрген кезеңнің тарихын ашамын. Біз Гитлерді жазу арқылы Екінші дүниежүзілік соғыстың шындығын ашқымыз келді. Егер де кез-келген мемлекеттің басына Гитлер секілді фашист келсе, ол сол елді ғана емес, адамзатты орға жығады. Екінші дүниежүзілік соғысқа 72 мемлекет қатысып, 60 млн.-нан астам адам қаза болды. 100 млн. азамат жарақат алды. Осы сұрапыл соғысты бір-ақ адам жасады. Журнал мемлекет басына мұндай адамдарды келтірмеу, содан сақтануды мақсат тұтты. Ал, мұны орыстілді қоғам қабылдай алмай отыр. Өйткені олар қазақ тілін түсінбейді. Сондықтан, мен азаматтарымызды журналды оқымай тұрып, түрлі арандатушылардың жетегінде кетпесе екен деймін.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі:
– Бұл – жастарымызға тарихи шындықты жеткізіп беріп отырған жалғыз басылым. Қазақта осындай алдыға шыққан жақсы бастамаларды аяғынан тартып тоқтатып немесе «халық жауы» деп айыптай салатын дәстүр бар. Журналды толығымен оқып шықтым. Фашистік көзқарас атымен жоқ. Бізде Лениннің, Сталиннің, Гитлердің кім екенін білмейтін жастар бар. Гитлер – аңыз адам. Оның аңыздығы – жауыздығы. Мұны бүкіл әлем біледі. Қазақты қырған, патша отбасын қырған Голощекин де – аңыз адам. Гитлердің қанышерлігі Голощекиндікімен бірдей. Адам 100 пайыз жауыз болмайды. Гитлер суретші болуды армандаған.Мысалы, Германияда Гитлердің мұражайы бар. Оған дұрыс көзқараспен қарайтын тұрғындар да жетерлік. Сондықтан, «бұл журнал фашизмді насихаттап отыр» деп біржақты пікір айта салуға болмайды. Лимонов пен Жироновскийлер қазаққа қарсы қаншама арандатушы сөздер айтты. Олардың журналдарын кім жауып тастап жатыр.
Мәмбет Қойгелді, тарихшы:
– Өткен жылдары Өскеменде Мұстафа Шоқайды «фашист» деп, Қарағандыда Әлихан Бөкейханды «террорист» деп айыптаған орыстілді журналистер болды. Тарихшы ретінде айтайын, Мұстафа қазақтың біртуар ұлы, Әлихан Бөкейхан қазақ ұлтының ХХ ғасырдағы көшбасшысы. Орыстілді басылымдардың бұлай жанжал туғызуы жақсылықтың нышаны емес. Олар біздің азаматтардың тәуелсіз ой түюіне қарсы. «Аңыз адам» біздің қоғамдық пікірден өз орнын алған басылым. Журнал қоғамдағы түрлі ойларды ортаға салып отыр. Оған оқымай, көрмей жатып, кінә тағуға ешкімнің хақысы жоқ. Сондықтан, біз бір қоғам құрап отырғанымызды ұмытпауымыз керек.
Бір қызығы бүгін Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты өз ойларын білдіріп үлгерді. Олар Ресейдің Қазақстандағы елшілігі арқылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне нота жолдап, бұл жағдайды бақылауда ұстайтындықтарын жеткізген.
Ал, біздің Сыртқы істер министрлігі: «Адамзат тарихындағы ең қанішер адамға арналған журнал шығару - ақылға сыйымсыз әрекет деп есептейміз. Бұл миллиондаған адамның, әсіресе, фашизмге қарсы күресіп, отанын гитлердің зұлымдық машинасынан қорғаған және майдан даласында опат болған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің намысын аяққа таптап, рухын қорлайды», - деп мәлімдеді. Құзырлы органдар аталған журналдағы материалдар Конституция мен еліміз заңдарына қайшы келе ме деген мәселені зерттеп жатыр. Сондай-ақ, СІМ Ресей елшілігінен келген нотаға алдағы уақытта дипломатиялық каналдар арқылы жауап беретінін де тілге тиек еткен.
Адольф Гитлер кім? Біздің «екі тілді» қоғам әр ісі «аңызға» айналған Гитлердің қанішерлігі һәм жауыздығы жайлы бір ғана ой түйіп отыр. Бірақ, қоғам екі тілді болғандықтан, арадағы арандатушылардың айы оңынан туып отырған секілді. Қазақстан мемлекетіндегі әр азамат мемлекеттік тілді білмесе, болашақта мұндай түсінбеушіліктер етек алып кетуі мүмкін. «Аңыз адамнан» шыққан шу бізге осыны айқын көрсетіп отыр.
"Алаш айнасы"