Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

"ҚазАқпарат" агенттігі апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық ауыс-түйіске шолу жасайды.

Осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің мүшесі тағайындалғаны белгілі. Сонымен, Елбасы Жарлығымен Есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалған Иманжүсіп Ақпомбаев 1963 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қазақ экономика университетін, Ярослав жоғары әскери қаржы училищесін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. ҚР Президентінің Өкімімен ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары болып  ҚР Парламенті Сенатының депутаты, "Нұр Отан" ХДП Саяси кеңесі Бюро мүшесі Анатолий Башмаков пен "Суоми" карел-фин ұлттық мәдени орталығының төрағасы Александр Смирнов сайланды. Осы уақытқа дейін Ақсу қаласын басқарған Болат Бақауов Павлодардың жаңа әкімі болып тағайындалды. 1971 жылы дүниеге келген Б.Бақауовтың шағын және орта бизнес кәсіпорындарында басшылық жұмыста тәжрибесі мол. 2008 жылдан бастап 2011 жылға дейін Қашыр ауданының әкімі болды. 2011 жылғы қазаннан бастап Ақсу ауданының әкімі қызметін атқарды. "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облыстық Салық департаментін бұдан былай Бауыржан Айнабеков басқаратын болды. Сондай-ақ, осы аптада Қостанай облысында бірден 114 офицер мен сержант тағайындалды. Мұндай  бұйрыққа облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы  Тілеген Маткенов қол қойды. Жалпы, өңірде кезектен тыс аттестаттау өткізілгеннен кейін жергілікті құқықтық тәртіп органдарында кадрлар жетіспеушілігі бес жүзден астам бірлікті құраған болатын. Жаңа тағайындаулардың нәтижесінде, Қостанай облысының ішкі істер департаментіндегі кадрлық қызметкерлердің тапшылығы бес есеге азайып отыр. Источник: ИА "Казинформ"