13 және 14 жасар қыздар жыныстық құлдыққа сатылған
2014 ж. 16 сәуір
6443
4
Қарағанды облысында полицейлер кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды саудаға салу фактісін анықтады, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
Полицейлердің айтуынша, күдіктілер 13 және 14 жастағы екі қыз баланы сексуалды құлдыққа сатқан."Қарағанды облысы ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жас қыздарды саудалаған 47 жастағы ер адам мен 19 жастағы бойжеткенді ұстады. Күдіктілер қылмыс үстінде қолға түсті", делінген хабарламада.
"ҰҚКБ-ге кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың саудаға салынып жатқаны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Күдіктілер мәмілеге келіп жатқан кезде ұсталды. Бір қыздың құнын ақшаға құныққандар 130 мың теңгеге бағалаған", - деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.
Ұсталғандар өз қылмыстарын толықтай мойындады. Оларға қатысты ҚР ҚК 133-бабы (кәмелеттік жасқа толмағандарды саудаға салу) бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ұсталған ер адам "жеңгетайлығы" үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ал оның сыбайласы ІІБ-де есепке алынған.
Саудаға түскен екі қыз бала да ауқатты отбасынан шыққан, олар Теміртауда қаңғырып жүрген. Жасөсіпірімдерді 19 жастағы бойжеткен байқап қалып, Қарағандыға алып келген. Олар үш күн бойы қазір ұсталған ер адамның үйінде тұрған.
Қазақпарат