АҚШ-да қамауда отырған Тәжаяқов пен Қыдырбаевтың соты шегерілді
2014 ж. 16 сәуір
1756
0
Бостондағы жарылысқа қатысы бар деген күдікпен Америкада қамауда отырған Азамат Тәжаяқов пен Диас Қыдырбаевтың соты нақты дәлел-айғақтардың болмауынан шегеріліп отыр.
Бұл туралы Астана телеарнасына айыпталушы Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов хабарлады. Оның айтуынша, америкалық тараптың істі сотқа жеткізгісі жоқ.
"Айыптаушы тарап біздің балаларымыздың кінәларын дәлелдейтін 58 айғақ ұсынды, бірақ наурыздың 17 сот болып, айыптардың 22-сін негізсіз деп танып, алып тастады. Енді келесі сот 30 маусымда болады. Соған дейін біз қалған айыптауларды да жоққа шығаруға тырысамыз. Америкалық тарап істің сотқа жеткенін қаламайды. Қаңтарда болған соттың өзінде судья біздің позициямызды қолдайтын сыңай танытты", - деді ол.
Азамат Тажаяқовтың әкесінің айтуынша, қамаудағы отандастарымыздың жағдайы қалыпты. Оларды бас аяғы 6 адвокат қорғауда. Ал ата-аналары балаларының бостандыққа шығатынына сенімді.
Алайда Әмір Исмағұлов істің басты фигуранты Джохар Царнаевқа қатысты сот шешімі жайында тіс жармады.
Еске салайық, осыдан бір жыл бұрын Бостонда болған лаңкесік оқиғадан кейін екі қазақстандық студент тұтқындалды.
"Астана" арнасы