Қызылордада сарбаздар жаппай уланып жатыр
2014 ж. 15 сәуір
1888
0
Қызылордада 40-қа жуық әскери қызметші уланды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан".
"Өткен жексенбі күні, 13 сәуірде Қазақстан ІІМ ІӘ №5547 әскери бөлімінің 32 сарбазы, одан кейін дүйсенбі күні таңертең тағы да төртеуі ауруханаға жатқызылды", - деді Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қаракөз Балабекова баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әскери қызметшілер жүрек айнумен, сұйық дәретпен, бас ауру және жалпы әлсіздікті сезінумен шағынған. Қазіргі таңда оларға бактериологиялық егу жасалынып, басқа да сынамалар алынған. Енді ол талдаулардың қорытындысы үш-төрт күннен кейін дайын болады. Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы "тұрақты", "қанағаттанарлық" деп бағаланып отыр.
Әскери бөлімде инфекционист мамандар жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер бұл уланудың нақты себебін екі тәуліктің ішінде анықтауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге баспасөз конференцияда әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары Евгений Пак сарбаздарға қайнамаған суды ішуге тыйым салынғандығын жеткізді.
Сондай-ақ ол ауруханаға жатқызылғандар әртүрлі уақытта және бөлек-бөлек бөлімшелерде қызметтерін өтеп жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, аспазшы - азаматтық қызметкер, ол күн сайын медициналық тексеруден өтеді, ал азық-түлікті олар бекітілген тізім бойынша алады.
Бүгін тағы 11 сарбаз уланып, ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаеваға сілтеме жасап.
Іші өтіп ауруханаға түскендердің қатары 47-ге жетті. ҚР Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскеріне қарасты №5547 бөлімнің 32 сарбазы өткен жексенбіде ауруханаға жатқызылса, дүйсенбі күні тағы төртеуінің уланып қалғаны белгілі болды. Бүгін, 15 сәуір күні осындай ауру белгілерімен тағы 11 сарбаз ауруханаға түсті. Тұрсынбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта әскери бөлімде инфекционист дәрігерлер жұмыс істеп жатыр, олар уланудың себебін анықтамақ.
Бұған дейін ауруханаға түскен сарбаздардың іші өтіп, жүректері айнығаны, бастары ауырып, өздерін әлсіз сезінгені хабарланған болатын. Олардан бактериологиялық және басқа да сынамалар алынды, оның нәтижесі 3-4 күннен соң белгілі болады. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әскери қызметшілердің улануына қалалық су желілерімен берілетін ауызсудың санитарлық нормаларға сай келмеуі себеп болуы мүмкін. Бірақ Қызылорда қаласының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
tengrinews.kz