Ақтөбеде ақ халаттылардың салғырттығынан 23 жастағы жас ана сәбиінен айрылды. Баласының басы шығып келе жатқанын айтқан келіншекті фельдшер жігіт «ұлы дәретке барғың келіп отырғандықтан осылай болады» деп жұбатыпты. Шарананың өлі денесін «далаға лақтырып тастаймыз» деп дүрсе қойғаны аздай, ауруханадан шығу парағына «екі жасынан бастап 6 бала туған» деген анықтама жазып берген көрінеді.
Ақтөбенің іргесінде жатқан Сазды ауылының тұрғыны Әмір Юсуповтың отбасында жаға ұстарлық жағдайлар болып жатыр. Бірер күнде шаңырағымыздың шаттығы молаяды деп сәби күтіп отырған отбасының армандары аяқ асты быт-шыт болды. Айы-күні жетіп, босанатын уақыт таяған кезде жедел-жәрдем көлігінің ішінде отырып-ақ қара жамылды да қалды. Адам жанына араша болмақ түгілі, аяғындағы туфлиімен балшыққа батып қалғысы келмеген ақ халаттылар аяғы ауыр әйелді жедел-жәрдем көлігіне дейін өз аяғымен келуге мәжбүрлепті.
Әмір ЮСУПОВ, Жарқынайдың жұбайы:
–25 наурызда дәрігердің қабылдауында болдық. Жүрегін тыңдаттық. Ультразерттеу диагностикасынан да өткіздік. Іштегі бала дін аман болатын. Келіншегімнің де денсаулығынан да мін таппады. Босану уақытын 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында деді. Арада алты күн өткенде келіншегім іші ауыратынын, белі сырқырайтынына шағымданды. Мені сол күні түнгі кезекшілікке шақыртып кеткен болатын. Егер іш ауыруы жиілесе дереу жедел жәрдем шақыр деп ескертіп кеткем үйдегілерге. Олар дереу жедел жәрдемге қоңырау шалған. Біздің үй аялдамадан біраз қашық. Ауылдық жер болғасын тротуар жоқ, жер балшық. Аялдамаға келген жедел жәрдемнің дәрігері «жер балшық, жаяу бара алмаймын. Әйелдің өзі келсін» депті. 800 метр жерге толғатып отырған келіншегім өз аяғымен жүріп барған. Зорға жеткен оған фельдшер жігіт: «Өз аяғыңмен келуге шамаң жетіп тұр. Сенде қайдағы толғақ? Қит етсе ойбайлап қалатындарың не осы? Сен биыл тумассың мына түріңмен» деп дәрігер жер-жебіріне жеткен көрінеді. Мейлі ұрсып, ренжісін дейік, бірақ алмай кетуге кім құқық берді оларға?
Толғақ қысып, жаны мұрнының ұшында тұрған келіншекті жедел-жәрдем қызметкерлері жол бойында тұрып алып үгіттей бастаған. Қан қысымын өлшеп отырып, «сенде айтолғақ, әзір босанбайсың. Біз қазір сені Қарғалыдағы емханаға апарамыз. Ал ол жақта сені алып қалмайды. Түннің бір уағында қайтадан қалаға, одан осы жерге салпақтап жүресің бе? Одан да үйіңде қала сал» депті жаны ашығансып.
Келіншектің толғағы басылмаған соң таң атысымен тағы жедел жәрдем шақыртады. Осы жолы келінінің босанғалы жатқанын сезген енесі дәрігерлердің тез жетуін өтінген. Өкінішке орай олар келгенше бір сағатқа жуық уақыт өткен. Төсекте жатқан келіншекті келген бригада дереу көлікке сүйрепті.
Мәрия ҚҰТТЫМҰРАТОВА, Жарқынайдың енесі:
–Дәрігерлердің келуінен күдер үзген соң, көрші келіншекті шақырып алдық. Ол келінімді жуындырып, ішкі киімдерін шешіп, өзі де жеңіл киініп, тазаланып, келінімді диванға жатқызды. Дәрігерлер келмесе өзіміз босандырып аламыз деп ойладық. Басқа амалымыз жоқ қой енді?! Сол арада жедел жәрдем де келіп, «ойбай, мыналарың не? Дереу көлікке жүріңдер» деп келінімді сүйрелеп өз аяғымен көлікке апарды. Келінімнің жан дауысы шығып, шырқырап барады. «Бала келіп қалды, бала келді» деп жан дауысы шықса да ешкім құлағына қыстырмады. Сүйрелеп апарып көлікке отырғызғаннан кейін тікесінен тік, тастай жерге отырғызып қойыпты. Ол аздай екі тізесін санитарға ұстатып қойған. «Мынаның екі тізесін қатты қосып ұстап отыр, туып қалар» дейтін көрінеді. Ол не масқара?!
Жарқынай Дүйсебековаға ақыры жедел жәрдем көлігінде босануға тура келді. Өкінішке орай, нәресте өлі туылды.
Ақыры шыдай алмай, босанып қойдым. Колготкиімде бала жатыр десем, екі тіземді тастай қылып ұстап алған санитар бет бақтырар емес. «Жоқ, сен қатты күшенгендіктен солай көрініп тұр» деп қояды. Көлік болса балшыққа батып жатты. Ақыры менің талықсып бара жатқанымды көрген олар аяғымды ашып жіберіп, баланы көріп шошып кетті. Одан арғысы есімде жоқ,- дейді көзінің жасын тыя алмаған жас ана
Ал отағасы Әмір болса мұндай бассыздықты кешіре алмаймын дейді.
Келіншегіме ешқандай дәрі салмаған. Негізінде тамызғы қойылу керек еді. Мен де осы салада қызмет етемін, талай жағдайларды көріп жүрміз. Бірақ дәл мұндай бассыздықты бірінші рет кездестіріп отырмын,- дейді ол.
Айта кетейік, Әмір Юсупов та осы жедел жәрдем мекемесінде қызмет атқарады. Бірақ, әріптестерінің мұндай опасыздық күтпеген жігіт енді істі сотқа дейін апарамын деп атқа мініп отыр.
Әмір ЮСУПОВ, Жарқынайдың жұбайы:
–Ертесіне ауруханаға бардым. Барсам екі қызметкер өзара таласып тұр. Орындық үстінде целлофанға оралған сәбидің денесі жатыр. Шыдай алмай «бұл баланың әкесі менмін, алып кетсем бола ма?» дедім. Қуанып кеткендері сондай, «мә, алсаң ал» деп қолыма қоқыс ұстатқандай итере салды. «Баланы алдым» деген қолхат жазып қалдырайын ба десем, «керек емес, өлген бала өлді» деді міз бақпастан. Сонда даладан кім келсе де нәрестенің денесін ұстатып жібере ме олар?
–Бала іште өліп қалған, денесі қап-қара деген дәрігердің сөзі теріске шықты. Үйге әкесі алып келгенде шарана тірі адамдай, денесінің еш жері араймастан жатты. Кәдімгідей бүп-бүтін бала. Келінім өз күшімен, табиғи толғағымен босана алатын еді. Мыналар салғырттық танытпағанда, – дейді Әмірдің анасы.
Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің
Тоғыз ай, он күн көтерген сәбиін бауырына қыса алмағаны аздай, ауруханадан шығару парағының өзі масқараға толып тұрғанын Жарқынай кейін білді. «Көтере алмасаң қоса арқала» дегендей, 1994 жылдан бастап осы уақытқа дейін алты бала туған деп жазып беріпті тілдей құжатқа. Өзім 22 жаста болсам, сонда мені 2 жасымнан бастап бала туды деп мазақ еткендері ме? Баламды көруге дәтім жетпеді. Қия алмай қалам ба деп қорықтым...,- дейді Жарқынай.
Дәрігерлердің әрекетінен әбден көңілі қалған Юсуповтар енді ақ халаттылардың үстінен қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр.
"Алаш айнасы", Самал Қаражан, Ақтөбе облысы