Горбачев: Мені сотқа берем дегендер – нағыз ақымақтар
2014 ж. 11 сәуір
3064
4
Михаил Горбачев Мемдумадағы кейбір депутаттардың елді ыдыратқаны үшін оны соттау туралы бастамасын нағыз ақымақтық әрі атаққұмарлардың арзан айласы деп санады, деп жазады bnews.kz ВВС-ге сілтей отырып.
"Депутаттар есімдерін елге танытқысы келіп, арзан атақтың жолына түспекші, олардың бастамасы ақылға сыйымсыз әрі тарихи тұрғыда мүлде негізсіз. Егер бұл қызғаныш болса, бұл жерде қызғанатындай ешнәрсе жоқ. Депутаттар президенттің зейнетақысын ең құрмағанда депутаттардың деңгейіне жеткізу туралы мәселені бірнеше рет көтерді, бірақ ол мәселе мүлде талқыланған да емес", - деді Горбачев.
"Менің біреуге кедергі келтіріп жүргенімді соңғы 20 күннің ішінде бірнеше рет мен өлді деген ақпараттың тарағанынан-ақ байқауға болады. Ол адамдарда ұят жоқ. Мен, әлбетте, мұндай мәлімдемелерге пысқырып та қарамаймын, сол себепті ісіме және денсаулығыма ғана көңіл бөлем", - деді экс-президент.
Естеріңізге сала кетейік, "Известия" басылымы жазғандай, Ресей Мемдумасының бірнеше фракциясының депутаттары бас прокурор Юрий Чайканың атына Кеңестік одақтың құлдырауы кезіндегі КСРО президенті Михаил Горбачевтің қызметін тексеру туралы сауал жолдады.
Парламентшілер прокурорлық тексеруден кейін Горбачевке қатысты қылмыстық іс қозғалады деген сенімде.
bnews.kz