"Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан тәуелсiздiгiне қауiп төндiрмейдi" - деп сендіреді

evrazes_zasedanieЕуразиялық экономикалық одақ саяси одақ еместігі туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi. Соңғы кездерi БАҚ-та, соның iшiнде электронды құралдарда көптеген талқылау жүрiп жатыр. Оған қолдау жасап отырғандар да, қарсылық бiлдiрiп жатқан азаматтар да бар. "Ол мүмкiн ЕЭО туралы шарттың айналасындағы түсiнiспеушiлiк ақпараттың тапшылығы болса керек. Көңiлдегi күдiкке байланысты айтарым, Еуразиялық экономикалық одақ - тек қана экономикалық бiрлестiк. Ең бастысы - ЕЭО саяси ұйым емес. Мұнда тек экономикалық әрiптестiк жасау көзделген", - деп атап өттi вице-премьер. Оның айтуынша, келiссөздер барысында қазақстандық команда одақтың саясилануына, ұлттық компетенцияға және ұлттық тәуелсiздiк мәселелерiне тиесiлi тақырыптардың талқылануына жол бермеу жөнiнде нақты ұстанымдарын белгiлеп алды. Жалпы экономикалық емес тақырыптарға шектеу қойылды. "Сондықтан Қазақстан азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты қобалжымауларына болады. ЕЭО Қазақстан тәуелсiздiгiне қауiп төндiрмейдi. Керiсiнше, елiмiздiң экономикасына үлкен экономикалық мүмкiндiктер туғызады", - дедi ол. Айта кетейiк, биыл мамыр айында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерiнiң басшылары ЕЭО құру туралы шартқа қол қояды деп жоспарлануда.

Қазақпарат