Мәскеу мен Киев бірін-бірі ашық кекетіп-мұқатуға кірісті

1358542627_gbzqkcv6sncyojlРесей Қырымды қосып алғалы Мәскеу мен Киев бірін-бірі ашық кекетіп-мұқатуға кірісті. Тіпті екі жақ бір-бірінің мәлімдемелерін мазақ етуге көшті.

​Яценюк Ресейдің капиталынан айрылып жатқанына "алаңдайтынын" айтып, Батыс санкцияларынан соң Мәскеудің қаржылық қиындықтары басталатынына "аяныш" білдіріп мысқылдады.  Украина Ресей аймақтарын тәуелсіз референдум өткізуге шақырып, "украин тілі Ресейдің екінші мемлекеттік тіліне айналсын" дейді. Украинаның сыртқы істер министрлігі осындай мәлімдемелер арқылы Ресейді мазақтап отырғандай. Қырым Ресейге қосылғаннан бері екі тарап бірін-бірі шенеп-мінеп, бірінен-бірі асып түсуге тырысып келеді. Украина премьер-министрі Арсений Яценюк сәуірдің 2-сі күні Киевтегі инвесторлар отырысында: "Ресейде украин тілінде сөйлейтін үлкен қауым бар. Егер украин тілі Ресейдің екінші мемлекеттік тіліне айналса немесе ерекше мәртебеге ие болса, бұл заңды әрі табиғи құбылыс болар еді. Біз ресейлік шенеуніктерден украин тілінде мектептер ашуды сұрадық" деді. Оның бұл мәлімдемесі Ресейдің "орыс тілі Украинада екінші мемлекеттік тіл болсын" деген талабын кекету тәрізді көрінді. Яценюктің ескертпесі Украинаның сыртқы істер министрінің осыған ұқсас пікірінен кейін айтылды. Өтініштері қарсы тараптың құлағына шалынбайтынын білсе де, Киев ұсыныс жасауға ерінбейді. "Өкініштісі сол, Ресей өзгерген жоқ. Украин ақыны Тарас Шевченко "Кавказ" поэмасында "Молдованнан финге дейін барлық тілде үнсіз отыр" деп сипаттаған жағдай сол қалпы тұр" дейді Арсений Яценюк. "Біз Ресейді расымен уайымдаймыз. Оларға жақсылық тілеп, бәрі оңынан болсын дейміз. Ресей экономикасынан тоқсан сайын 65 миллиард АҚШ доллары сыртқа кетпейтін, MasterCard және Visa несиелік карталары істен шықпайтын шығар деп үміттенеміз" дейді ол көрші елді қыжыртып. Украина сыртқы істер министрі наурыздың 28-і күні жасаған мәлімдемесінде Мәскеудің "Украинадағы этникалық азшылықтар жәбір көріп келеді" деген айыптауын жоққа шығарып, "Ресей шенеуніктері өз қиялдарын шындық ретінде көрсеткісі келеді" деп мәлімдеді. Бұл - Украина шенеуніктерінің Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасына жауабы. Ресейдің ол хабарламасында "Украинадағы орыс тілді азаматтардың мүддесі тапталып жатқаны, неміс, чех, венгер сияқты басқа да азшылық ұлт өкілдерінің өміріне әсіреұлтшылдар мен неофашистер қауіп төндіретіні" айтылған еді. Екі мемлекет "әсіреұлтшылдар мен неофашистер" туралы мәлімдемеге қатысты дауласып келеді. Наурыздың 25-і күні Украина сыртқы істер министрлігі Мәскеуге "мағынасыз насихатты доғару" туралы кеңес беріп, "Ресей Федерациясында фашизм мен ксенофобияның, этникалық дискриминацияның күшейгеніне алаңдайтынын" хабарлады. Министрлік Ресейдегі осы құбылыстардың кесірінен болған қылмыстардың тізімін жасап, халықаралық қауымдастықты мәселеге назар аударуға шақырды. Ал Ресей жалма-жан Украина мәлімдемесін "теріс пікір" деп сипаттап, Киев көшелерінде әсіреоңшыл ұйымдар өкілдерінің фашистік символдарды тағып алып, "ашықтан ашық алшаңдап жүргенін" мәлімдеді. Бұл жауапта "Бандераға табыну мен нацистік идеяларды қолдау, советтік кезеңнің ескерткіштерін құлату" туралы да айтылған. Ресей  Киевтің "елдегі тәртіпті шетелдік қауіпсіздік контрагенттерінің көмегімен сақтау ниеті бар екенін" де бетіне басты. Мәскеу "осының бәрі Украина заңдары бұзылғанын, Киевтің қарапайым тәртіп орнатуға да шамасы келмей отырғанын аңғартады" деді. Украина сыртқы істер министрі бұл сөзді "ресейлік әріптестеріміз ойлап тапқан кезекті өтірік" деп бағалап: "Біз бұған үйреніп те қалдық" деп кекетті.

"Азаттық" радиосы