Мәжіліс спикері - Қабиболла Жақыпов

jaqypov
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата спикерінің кандидатурасы талқылануда. Жиын барысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Төрағаға кандидат ретінде Қабиболла Жақыповты ұсынды.
Еске сала кетейік, Конституцияға сәйкес, Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураны Палатаның депутаттары ұсынады. Ал Парламент Мәжілісін мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан депутаттар жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайлаған төраға басқарады. Жақыпов Қабиболла Қабенұлы 1949 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қазталов ауылында дүниеге келген. Ұлты - қазақ.  Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (1972) тәмамдаған, инженер-құрылысшы; Алматы жоғары партия мектебін (1989) бітірген, саясаттанушы. Техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Экология академиясының академигі. Қазақстан Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. 1993 жылдың қаңтарынан бастап 2001 жылдың қаңтарына дейін (8 жыл бойы) Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып, осы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында жемісті еңбек етті. 2001 жылдан - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары. 2003 жылдан - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Сенатындағы өкілі. 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП-ның тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Елімізге сіңірген еңбегі үшін «Парасат» (2009) және «Құрмет» (1999) ордендерімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сондай-ақ ұлтаралық келісімге сіңірген қызметіне орай Ресей Федерациясының ІІ дәрежелі «Даниил Әулие» ордені берілген. Қазақстан Республикасының Құрметті теміржолшысы. Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары. Автор: Қанат Мәметқазыұлы