Серік Ахметов - ҚР Қорғаныс министрі
2014 ж. 03 сәуір
2446
0
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Ахметов ҚР Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды.
Бұл туралы Ақорданың твиттердегі парақшасында жарияланды.
Бұған дейін бұл міндетті Әділбек Жақсыбеков атқарған еді. Бүгін Елбасының Жарлығымен Ә. Жақсыбеков ҚР Мемлекеттік хатшысы болды.
С. Ахметов 2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарып, кеше, 2 сәуір күні отставкаға кеткен болатын.
С. Ахметов 1958 жылы 25 маусымда Қарағанды облысында туған. Еңбек жолын Қарағанды металлургиялық комбинатында бастады. 2001 жылдан бастап Теміртау қаласының әкімі, содан кейін Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағының басқарма төрағасы, ҚР көлік және коммуникациялар министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2009 жылдың қарашасынан - Қарағанды облысының әкімі. 2012 жылдың қаңтарынан - ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.