Оралмандарды қабылдайтын облыстар белгілі болды

Қазақстан үкіметі оралмандарды қоныстандыратын облыстар туралы қаулы қабылдады. Министрлік өкілі бұл аймақтарды таңдаудың бірнеше себебі барын айтады.

Қазақстан үкіметі оралмандарды Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастыру жөнінде қаулы қабылдады. kosh99 Наурыздың 20-сында қабылданып, ақпарат құралдарында 1 сәуірде жарияланған қаулы "Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы" деп аталады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев бұл қаулының мәнін түсіндірді. Қаулы 2013 жылы желтоқсан айында қабылданған "Көші қон туралы" заңды жүзеге асыруға арналған. Сол заңда "оралмандарды қабылдайтын өңірлерді Үкімет айқындайды", деп жазылған. "Осы тұрғыда біз "қай облыстар оралмандарды қабылдауға дайын" деген сұрау салдық. Қаулыда көрсетілген жеті облыс оралмандарды қабылдауға дайын екендерін білдірді. Ал тізімде аталмаған облыстар әзірге оралмандарды қабылдауды тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдады", - дейді Аслан Қаржаубаев. "Көші-қон туралы" былтырғы заң қабылданбай тұрып оралмандар Қазақстанның қай өңіріне баратынын өзі таңдады. Сондықтан тең жартысы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысына шоғырланды. Бұл облыстарда тұрғын саны онсыз да көп.

Жұмыс, баспана мәселесін шешу қиындау. Сондықтан оралмандар оңтүстікке қоныстанғанымен, одан кейінгі тұрмыс-тіршілігінде қиыншылықтар туды.

Ал қаулыда аталған жеті облыста жыл сайын келгендерден кеткендердің саны көбейіп барады. Екіншіден, оралмандарға бұл облыстарда баспаналы болуға, шаруашылықпен шұғылдануға мүмкіндік мол. Бұл ретте оралмандардың шыққан жері де ескеріліп отыр. Мысалы, Қарақалпақстан мен Түркіменстаннан келетін оралмандар негізінен Маңғыстау облысына шоғырланды. Өйткені көбінің осы жердегі тұрғындармен туыстық байланыстары бар. Туыстарынан тым алысқа ұзағысы келмейтін оралмандар наразы болуы да мүмкін. Сондықтан олардың Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына баруына мүмкіншіліктері бар. Бірақ бұлардың барлығы да – шекаралық облыстар.

Оралмандар қоныстандырылған жерде өмір бойы тұруға міндетті емес. Жаңа заң бойынша бес жыл тұрса жеткілікті, әрі қарай басқа өңірлерге көшуіне ерікті.

1999-2003 жылдар аралығында үкімет арнайы қаржы бөліп, оралмандарға баспана алып беріп отырды. Ол кезде оралмандар "мен тек оңтүстікке барғым келеді" деген талап қойған жоқ, қай жерден баспана берілсе, сонда барды. Мысалы климаты жылы Өзбекстан, Түркіменстаннан келген оралмандар солтүстікке барды. Кейін арнайы квота беріліп, баспана емес, қаржылай көмек көрсетілетін болған соң солтүстікке қарай көштің біршама саябырлағаны рас – бірақ сонда да қоныстанып жатқандар бар. Болашақта оралмандарға сол жақта жағдай жасалып жатса, неге бармасқа? Ең бастысы, аталған облыстарға барушы оралмандарды бірінші кезекте жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып жатыр.

Оралмандарды қай елді мекендерге орналастыру мәселесінде олардың өздерінің де ойлары ескеріледі.

2012 жылға қарағанда 2013 жылы келген оралмандар көп. Жаңа заңда өзіңіз айтқан өзгерістен басқасы бәрі сол бұрынғы қалпында. Кей жағдайда, мәселен, баспана мәселесінде бұрынғыдан гөрі оралмандарға қолайлырақ болуы да мүмкін. Қазіргі заң бойынша әуелі ықтиярхат алуы керек, ықтиярхат алған соң бес күннің ішінде оралман мәртебесі беріледі. Ал оралман мәртебесін иеленушілер Қазақстан азаматтарымен бірдей әлеуметтік көмектер алады.
Источник: Азаттық радиосы