ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ ТҮБІ БІР

1
716

Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүл ресми іссапармен келді. Түркия басшысын Шымкент әуежайынан Елбасының өзі қарсы алды. Ертеңіне екі ел басшылары Түркістан қаласына бет алды. Н.Назарбаев пен А.Гүл әуелі екі елдің бірлескен жобасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды.

        Оқу ғимаратын көзбен көрген екі ел басшылары жиырма жылдық тарихы бар іргелі оқу орнының бүгіні мен ертеңіне ерекше тоқталды. Осы сапарында Елбасы Н.Назарбаев Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің түлектерінен үлкен үміт күтетіндігін жеткізді. Жиын барысында А.Гүл мырзаға университеттің «Құрметті профессоры» атағы беріліп, арнайы дипломмен марапатталды. Өз кезегінде Абдулла Гүл мырза университетті көзбен көріп марқайып қалғанын айтты.

         Түркия елшілігінде өткен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі елдерін біріктірудегі елеулі еңбегі үшін түркі әлемінің көшбасшысы деген атаққа лайық екендігін айтқан болатынмын. Сол ұсынысымды тағы да қайталай отырып, қолына асатаяқ ұстатып, иығына шапан жабамын, – деді Түркия мемлекетінің басшысы.

         Содан соң, екі ел басшысы рухани астанадағы болашақта 400 мың кітап қоры болатын кітапхананың іргетасын қалады.

         Сөйтіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы соғып, бабалар рухына тағзым етті. Түркия Президентінің ресми сапары одан  әрі Қазақстанның Елордасы Астана қаласында жалғасты.

           Түркия Президенті 2010 жылы Қазақстанда өткізуге жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитінің игі бастама екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, бұл шараға Түркия тарапы қолдау көрсететінін айтты.

           Сонымен қатар, Абдулла Гүл Қазақстанның 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі өте маңызды екенін жеткізді.

            Екі ел басшылары Астанадағы түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша ІІІ халықаралық құрылтайы мен «Қазақстан – 2010 қала құрылысы форумына» қатысуды да назардан тыс қалдырмады. Аталған жиындар барысында ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан мен Түркия    Президенттерін «Түркі әлеміне сіңірген ерекше еңбегі үшін» орденімен марапаттады.

             Келіссөздер қорытындысы бойынша біріншіден, Түркия мен Қазақстанның арасындағы екіжақты сауда 10 миллиард АҚШ долларына жеткізілмек.

             Екіншіден, 2009 жылдың қазан айында Түркияға жасаған ресми сапарының барысында қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім ынтымақтастығы одан әрі кеңейе түспек. Үшіншіден, түркітілдес халықтардың ғалымдары бірігіп, жалпы түркі тарихын жіті зерттеуіне кең жол ашылмақ.

            Түркия Президентінің бұл сапары екі елдің арасындағы экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастарға  жаңа серпін беретіні анық.

             Осы тұста тәуелсіздік жылдарында  түркітілдес елдердің басын біріктіруде ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Атап айтар болсақ, түркітілдес мемлекеттердің кеңесі құрылды, Қазақ-түрік  университеті ашылды.

               Енді Астанада түркі әлемінің академиясы ашылмақ.

 

 

Гүлмира САДЫҚОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз