Ауру анықталмады

калачиАқмола облысындағы «Калачи» ауылын әзірге белгісіз «ұйқы» ауруы айналдырып, соңғы жылдары қатерлі дерт қауіп төндіре бастады. Ауыл адамдарының басы айналып, әлсіздік пайда болып, ақыры тәуліктеп ұйқыға кететін жағдайлар жиілеп кетті. Басында бұған аса мән бермеген медицина мамандары жергілікті тұрғындардың жанайқайынан кейін тексеруді қолға алған болатын.

Бүкіл елімізге белгілі болған бұл оқиға Денсаулық сақтау министрлігінің назарына да ілігіп, оны зерттеу үшін арнайы комиссия құрған-ды. Сөйтіп, түрлі сала мамандары мен ғалымдардан тұратын топ арнайы заманауи құрал-жабдықтармен қаруланып іске кірісті. Ауа, топырақ, су үлгілерін алып, адамдардың шашы мен тырнақтарына дейін тексерген мамандар ештеңе мандыта алмады. «Бәрі де ойдағыдай, бәрі де қалыпты» дегеннен әрі аспады. Ғылымның өзіне беймәлім, бұл аты жоқ аурудың түсін түстей алмаған комиссия тұйыққа мықтап тірелді. Арнайы шақырылған Ресейдің де мақтаулы мамандары меңіреу күй танытып отыр. Ал, жергілікті тұрғындардың айтуынша бұл дерт бір кезде ауыл іргесінде жұмыс істеген, қазір жабылған уран кенішінің кесірінен болып отыр. «Жұмысы тоқтағанмен кенішті қажетті технологияларға сай, залалсыз етіп көмбегендіктен халық зардабын шегуде» дейді олар бірауыздан. «Радиация мөлшері қалыпты» деген комиссия қорытындысы тұрғындардың көңілін көншіте қоймаған секілді. Олардың бұл күдігін қисынсыз деуге болмайды. Осыған ұқсас жағдайлар еліміздің кейбір аймақтарында орын алғаны белгілі. Мысалы, Айыртау іргесіндегі Саумалкөлдің өлі көл атанғанына жарты ғасыр өтті. Ондағы балықтар қырылып, құс атаулы көлге қонбайтын болған. Бұл жерде де жақын маңда уран кеніші кезінде жұмыс істеген. Бірақ, бар бәлені астық мол шыққан жылы шіріген бидайды көлге тоғытқандықтан болды деген білгіштер сол болжамнан бүгінге дейін бұлжымай отыр. Қатерлі сырқатқа деген негізгі себепті бүгіп қалса арнайы комиссиянның арына сын. Ал, жергілікті билік болса, бұл дерт дендей берсе бүкіл ауылда басқа жаққа көшіретіндіктерін ашық айтты. Іс насырға шауып кете ме деп қауіптенген үкімет басындағылар енді мемлекеттік деңгейдегі тексеру комиссиясын құрып, мәселенің анық-қанығына жетпекші. Ғылымның айналасында жүргендер «Бұл белгісіз ауруды анықтап, емін ойлап тапқан адамға Нобель сыйлығы да артық етпейді» деген пікірлерін білдіріп жатыр. Кім білсін, бұл мәртебелі халықаралық сыйлықтың болашақ иегері өзіміздің ортамызда жүрген шығар. «Байтал түгіл бас қайғы» демекші ауыл тұрғындары үшін Нобель сыйлығы емес, қазір бәрінен бұрын өмір сыйы - денсаулық қайғы болып тұр. Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ