Бөгеті жарылған Көкпектідегі су қоймасының қожайынынан жауап алынуда

a3e5f1186616e1746a136236fbdbd001Үкіметте осы су тасқынында қаза болғандардың аты-жөні аталды. Марқұмдардың барлығы қауіпсіз жаққа шығып үлгермей, суға тұншығып өлген. Алды 90-дағы қария, кішісі 35-те. Қазір апат себептерін анықтаумен ведомствоаралық комиссия айналысып жатыр. Премьер Серік Ахметов зардап шеккен әр отбасы биліктің назарынан тыс қалмайды деп сендіріп отыр. Қазір апаттың себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылған деп хабарлайды КТК арнасы. Үкімет басшысы осы облыстағы бірнеше өзен-көлдерді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ол апат орын алған аймақтарда төтенше жағдай жариялауды ұсынды. Тасқын салдарын жоюмен қазір 600 адам айналысуда. Әскерилер де көмекке тартылған. Ал, 60 жыл бұрын салынған су қоймасы жеке қолда екен. Қазір тергеушілер серіктестік қожайындарынан да жауап алып жатыр. Кезінде Қызылағашта да осылай су қоймасының иесі  мен жергілікті шенділер айыпталып, кейін бәрі жеңіл жазамен құтылған. 43 адамның өмірін жалмаған сол 4 жыл бұрынғы апаттан соң билік барлық су қоймалары тексеріледі деген болатын. Бұл жол да сондай жаттанды жауап айтылды. Қазір Көкпектідегі су қоймассының қожайынынан жауап алынып жатыр. Ол қозғалған қылмыстық істің басты күдіктісі. Ал Төтенше жағдайлар министрі Қарағанды ғана емес, мұндай су тасқыны Ақмола мен Солтүстік Қазақстан тұрғындарын да күтіп тұр дейді. Ал, Көкпектідегі су тасқыны республикалық маңызға ие жолдарды шайып, тіпті Павлодар облысына қарай бет алған.

КТК арнасы