Батыс Қазақстанға құлаған зымыранға қатысты қылмыстық іс қозғалмайды
2014 ж. 31 наурыз
1963
0
Батыс Қазақстан облысы аумағына ресейлік МН-300 метеорологиялық зымыранының құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалмайтын болды деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан".
"Қылмыс оқиғасының болмауына байланысты зымыранның құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды", - деп хабарлады Бөкей ордасы аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Қайрат Ғайсин. Қылмыстық істің қозғалмауына тағы бір себеп - зымыранның құлауынан елімізге ешқандай шығынның келмеуі.
"Ресей тарапы мұның бағытынан тайып кеткен метеорологиялық зымыран екенін көрсетіп, оған қатысты барлық қажетті құжатты ұсынды. 10 адамнан құралған аудандық комиссия мемлекетке де, аудан халқына да зардап келмегені туралы акт жасады", - дейді Ғайсин.
Тергеушінің айтуынша, ресейлік тарап зымыран құлаған жерде топырақтың құнарлылығын қалпына келтірді. "Қазіргі уақытта зымыранның қалдықтары аудандық әскери комиссариатта, әскери ведомство қалдықтарды Ресей тарапына беру мәселесін шешіп жатыр", - деді ол.
Еске салайық, 27 наурызға қараған түні Батыс Қазақстан облысындағы Шонай елді мекені маңына МН-300 зымыраны құлап түскен еді. Ол Қазақстан мен Ресейдің Қорғаныс министрліктерімен келісілген сынақ жұмыстары шеңберінде "Капустин Яр" полигонынан ұшырылған.
tengrinews.kz