ЖЕР - ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ЖАНДЫ МҰРАСЫ

(Соңы. Басы өткен санда)

d0b6d0b5d180

           Көп ұзамай баспасөзде жер жөнiнде реформа жасау мәселесi жазыла бастады. Осыған байланысты Сапекең де белсендiлiгiн танытып, қол қусырып қарап отыра алмады. Қазақ тұрмысының деңгейiн, әсiресе резервациялы, яғни шөл және шөлейт жерлердегiлердiң ауыр жағдайын тағы да жазады, тағы да көтередi. “Жер туралы” жарлық шыққанда оған “Шөл”, “Шөлейт” деген екi тармақ қосылмай қалғанын атап көрсеттi. Мұнысы терiс екен деп кiм айта алады. Осы уақытқа дейiн олай деп ешкiм айтқан да жоқ. Сол құнарсыз жерлерде ел тұрады ғой. Олар кiмдер десең - қазақтар. Ендеше Сапекеңнiң жаны қалай ауырмасын. Сол жарлықтың күшiн жою мәселесiн алға тартты. Бұл 1996 жылғы сәуiр айында жазған “Жер туралы” жарамсыз жарлық” мақаласында жазды.

            Одан берi 15 жыл уақыт өттi. Баяғы қаңқ еткен жартас жақсылық әкеле қоймады. Ендеше үнсiз қалатын Сапекең бе. “Қазақ қасыретi” тетралогиясының 1998 жылы “Қатерлi дерт, қалжыраған халық”, 2001 жылы орысша “Танталовы муки Степи” (мұны қазақшаға аудартқан), 2009 жылы “Қауқарсыз қазақ мәселесi” кiтаптарын шығарған. Оларға 1990 жылдан берi жерге байланысты жазған, газет-журналдарда жариялатқан, қашан да маңызы жойылмайтын мәселелердi қамтыған. Оның мәнiсi “Қатерлi дерт, қалжыраған халық” еңбегiнде жазғандай “Қазақтың миына кiрпiшешен кiргiзiп, көкiрек көзiн ашу” екен. Яғни, өз жерi үшiн қазақ немқұрайды қарап отыра бермеуi керек, айрылып қалмауы керек, талан-таражға салдырмауы керек. мiне, осыны миына құю, санасына жеткiзу, өз жерi үшiн күрескерлiк сезiмiн арттыру.

         Сиясы әлi кеппеген “Қауқарсыз қазақ мәселесi” атты кiтабы “Қазақстан” баспасынан шығыпты. “Қауқарсыз” дегенi кемсiткендей көрiнгенімен, iшiн парақтап оқығанда iшкi дүниең астан-кестен болады. Жұбан Молдағалиев айтқандай, мың өлiп, мың тiрiлген қазақ жер бетiнен жойылып кеткен жоқ. Неше ғасыр, бiрде жеңiп, бiрде жеңiлiп дегендей, арпалысып-алысып, тартысып-тармысып жүрiп бүгiнгi тәуелсiздiк мемлекет дәрежесiне жеттiк. Олай болса, қазақ – ер халық десек жөн болар. Бүкiл қазақты “қауқарсыз” деп кемiтпейiк десем Сапекең ренжи қоймас.

           Алайда, кiтапты оқығанда қауқарсыз басшыларды көрiп iшiң қылп ете қалады. Қазақтың басқа ұлт пен ұлыс шаңырағына жаутаңкөз болып жүргенi солардың жалтаңдағынан, дәрменсiздiгiнен, әдiлетсiздiгiнен, батылсыздығынан екен деп ой түйесiң. Шөл және шөлейт жерлерге мойын бұру түгiл, жерiмiздi сату, жалға беру деген бiр тажал пайда болды. Соған қарсы болған кiм бар десең, не министрлiктердiң басшыларынан, не әкiмдiктерден, не парламент депутаттарынан ешкiмдi көре алмай қайран қаласың. Бұл Жер кодексiн парламентте заңдастыру кезiнде өте-мөте байқалды.

            Осы кiтабына кiрген, 1994 жылғы 28-қаңтарда “Түркiстан” газетiне жариялатқан “Жерсiз күнiмiз жоқ” деген мақаласында “Мен жердi шетелдiктерге сатуға қарсымын”, “Қазаққа жаны ашитын үкiмет болатын болса, жердi меншiкке бермеу керек, жердi сатуға да тыйым салу керек. Ең алдымен қазақтарды құнарлы жерлерге орналастырған жөн. Жердi сату, оны жеке меншiкке беру – қазақтың келешегiн құрту деген сөз” – деп жазып, ойын ашық бiлдiрген. Басқа да мақалаларында осы ой төңiрегiнде сұқбат та бердi, жазды да.

         36 баспатабақтық осы кiтабы жер мәселесi жайындағы көптеген жайттарды қамтиды. Оның бәрiн таразылап-талдау бiр сөзде мүмкiн емес. Тек жердi сату, жалға беру төңiрегiндегi автордың мазасындануына тоқталсақ та жетерлiк.

         “Өкiметке өтiнiштер мен талаптар” деген екiншi бөлiмiнде не дедi екен деп қаласың. Ал Сапекең қазақ қамын, жер жайын қабырғасы сөгiлiп, жүрегi егiлiп айтудан бiр жазбайды. Парламентке “Қазақ қайтiп күн көрер?” –   деп алады да, төмендегiдей талаптар қояды: “Бiрiншiден, жерiнiң топырағы құнарсыз, суы тапшы, сексеннен астам ауданға резервация мәртебесiн берiп, соған лайықты жеңiлдiк жасау, қамқорлық көрсету керек... Резервация дегенiмiз жарамсыз жер екенiн анық түсiнген Парламент iске батыл кiрiсiп, оны заңдастыра алады. Одан арғысы атқарушы өкiметтiң мойнында қалады. Екiншiден, ешкiмнiң де ерiккеннен жылы орнын суытып көше жөнелмейтiнiн мойындап, олардың көшi-қон шығынын өтеу, қалаға ма, ауылға ма барған жерiнде орнығып, iргесiн бекiту үшiн мемлекет тарапынан қажеттi қаржы бөлiнуге тиiс... Үшiншiден, мемлекетке аузын ашып отырған аудандардың ауыр халiн ескерiп, оларға азық-түлiк көмегiн көрсетуге тура келедi. Шөл және шөлейт далаға жайшылықта келетiн сегiз ағайынды жұт нарықтық қатынастар заманында ақшамен тоғыз болды... Азық-түлiк көмегi тегiн берiлуге тиiс”. Бiз сығымдап келтiрiлген бұл талаптарда не ерсiлiк бар. Ел iшiнен көкейiне түйiп, парламенттен үмiт етiп қоюы заңды да. 1996 жылы едi бұл. Бiрақ, “жаны ашымастың басы ауырмас” демекшi, парламент құлаққа iлмей, ескерусiз қалдырды.

          Ендi Нұрсұлтан Назарбаевтың өзiне хат жазады. Н. Назарбаев ол кезде Қазақстан Президентiне кандидат болатын. Хатында Сапекең жоғарыдағы ойларын талдап-тарқатып, дәлелдi мәлiметтер келтiрiп, назарын аударған екен. 1993-1997 жылдар iшiнде 1 миллион 721 мың 300 қазақстандық өз облыстары iшiнде бiр жерден көшiп, екiншi жерге барып қоныстанған, облысаралық қоныстанушылар да аз емес деген фактiлердi келтiредi де, жоғарыдағыдай талаптарын қояды. Н. Назарбаев қысқа хатында үмiттендiретiндей жауап берген.

            Ал 8-шiлде күнi Алматыда қаламгер мен өнер қайраткерлерi, ғалымдар бас қосқан кеңес өтiп, қатысқандар жердi жекешелендiрудi, сатуды заңдастыратын “Жер туралы” Заң жобасының қабылдануына қарсы екенiн бiлдiрiп, Парламентке “Ашық хат” жолдайды. Оны көзбе-көз, ауызба-ауыз жеткiзу Сапабек Әсiпке тапсырылған. Ондағы талап төмендегi сөздермен бiлдiрiлген: “Жер – халқымыздың сарқылмас ырысы мен дәулетi!   Жер – бабаларымыздың бiзге қалдырған киелi мұрасы! Киелi мұраны ешбiр халық сатпаған.

            Жер сату түптiң түбiнде отарлықтан да ауыр бұғауға өз еркiмiзбен барып ұсыну деген сөз. Жердi саттық дегенiмiз – елдi сатық дегенмiз!” Қандай жүрекжарды, қам көңiлдi, жерден айырылып халық тентiреп кетпеуi үшiн айтылған ақжарма сөздер. Түсiнер түйсiк, ұғар құлақ, шын елжiреп ауырар жүрек болса, одан артық сөздiң қажетi қанша?!  Қосымша өз пiкiрiн де айтыпты.

           Онда “Қадiрлi депутат жолдастар!

Менiң халқым қалаған iнiлерiм мен қарындастарым, ұлдарым мен қыздарым! Сiздер зиялы қауым жанайқай талабын дұрыс түсiнедi және оны орындайды, “Жер туралы” Заң жобасын қабылдамай қайтарады деп сенемiн”, – деген ғой. Сол жылдың аяғында Н. Назарбаевқа Қазақстан Жазушылар одағының “Жер және қазақ тағдыры” комиссияның кең толғаған хаты жолданды. “Қазақ әдебиетiнiң” 24-желтоқсан санында жарияланды. Комиссияны басқаратын Сапабек Әсiп. Келесi 2000 жылы бұл комиссия заң жобасына қандай толықтырулар енгiзу керектiгiн түзiп назар аудартты. Он сегiз бапқа қандай өзгерiстер жасау керектiгiн жазып тұрып көрсеткен. Жер заңдарының мiндеттерi мен принциптерiнен бастап, жердi қалай пайдалану, қорғалуы туралы шөл және шөлейт далаларына дейiнгi өзектi проблемалар қарастырылған. Бұл “Егемен Қазақстан” газетiнiң 27-қыркүйектегi санында басылған. “Бәрiңе! Бәрiңе!” деп тақырыбымен-ақ жаңғырықтыра жар салғандай. Әттең көз тоқтатып, көңiл жүгiрте бермеймiз-ау.

          2003 жылғы 5-мамырдағы “Өкiнiш” деген жазбасында Сапекең Президент өз жолдауында “Мен үкiметке ауылдық аумақтардың тұрғындарын келешегi болатындай етiп қоныстандыру үлгiсiн жасауды тапсырамын” деген сөзiн келтiредi. Үкiмет бұл тапсырманы қалай орындады, ал парламент қалай келiстi – соған жүйелi түрде тоқталады. Алдында совхоздар мен колхоздардың таратылып, жылдар бойы жинақталған байлық, техника таланып кеттi. Жер де бөлiске салынды.

             Түптiң түбiнде сол шараны пайдаланып ауылдардың, аудандардың басшылары майлы шелпектi иеленiп, қоңданып шыға келдi. 20-60 мың қойы бар шаруашылық бастықтары бартер дегендi сылтаулатып сол малды ту-талақай жасап, қалталарын қампитып алғанын елге шыққанда сан естiгенбiз.Осы жөнiнде Сапабек Әсiп те көп мысалдар келтiредi. Бiр-екi мысалын ғана алайық. Оңтүстiк Қазақстан облысы Мақтарал ауданында Асық Ата  деген ауылда Киров атындағы жемiс-жүзiм кеңшары болыпты. Тоқсаныншы жылдар басында меншiктеу жөнiнде Қазақстан үкiметiнiң қаулысы шыға қалады (1994 ж., 8-маусым). Ал әлгi кеңшарды көп жылдар басқарған А. И. Молчанов өзiне ең жақын көмекшiлерiн жинап алып жиналған дүние-мүлiктi бөлiске салып жiберiптi. Өзi жолын тауып, кеңшардың 2886 гектар суармалы жердiң 1472 гектарын, жайылымдық 2550 гектар жердiң 1300 гектарын, яғни жарым-жартысын иеленiптi. Сонда  басқа еңбекшiлерге не қалды? Ауылда 1410 отбасы бар екен. Пұшпағы тиген, сiрә, әрi көбi құнарсыз. Сөйтiп Молчанов майланып шыға келдi де, момын шаруалар қалай күн көремiз деп басын қатырды. Күйзелген олар Молчановтан сыбаға сұрап, қол жайып келсе, “Талаптарыңды орындай алмаймын” деп бетiн қайтарған. Ол қанағат көрмей кеңшардағы дүние-мүлiктiң 30 пайызын қосып алған. Ауыл тұрғындары сотқа да жүгiнiп едi, одан еш нәтиже шықпаған. Сонда күйiнген жұрт әдiлеттiктi қайдан табады?

          Тағы бiр мысал. Сапекең 2000 жылғы 1 желтоқсан күнi Толымбек Әбдiрайымның “Қазақ әдебиетi” газетiне шыққан “Терещенконың 200 мың гектар жерi бар” деген мақаласын кiтабына кiргiзген. Бұл мақалада Сапабек Әсiптiң “Жер туралы” жаңа Заңның жобасына депутаттардың қолын қойдыру үшiн кабинеттерiн аралап, сергелдеңге түсуi айтылады. Сондай-ақ партия басшыларының бiрi С. Терещенконың Оңтүстiк Қазақстан облысында 200 мың гектарға жуық суармалы жерi бар екенi айтылады. Ойпыр-ай, не деген байлық дейсiң. Молчановты мың еседен артық орап кеткен-ау. “Жалға алдық, уақытша алдық” дегендей әртүрлi сылтау сiлтептi. Автордың “осы сияқты 100-200 мың гектардан жерi бар алпауыттар жетерлiк” деген сөзiне әбден сендiк. ондайлар жоқ дегендi естiген емеспiз. Сапекең не дейдi? “Сорлысында он мың, мықтыларында 50-60 мың, олардан да зорларында 100 мың гектарға дейiн жерi бар алпауыттардың өздерi үлкендi-кiшiлi қалаларда тұрады”, – дедi (сонда, 187 б.). Олар қалталылар екен. Кiмнiң сорлағанын бағамдай берiңiздер. Ал Сапекең үмiт үзбей, қыркүйек айында жерге байланысты мәселенi “ашық парламенттiк тыңдау жөнiнде Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасына 26 депутат қол қойған өтiнiш-тiлектi” апарғанын оқып бiлдiк.

             Менiң өзiмнiң де жазып, жариялатқаным жоқ емес. 1994 жыл 1986 жылғы көтерiлiске байланысты “Желтоқсан ызғары” деген зерттеу-публицистикалық кiтабым шыққан. Оған “Жерiмiз тоналмасын”   деген бiр бөлiм кiргiзгем. Сол секiлдi “Жер кiмдiкi?”, “Туған ауылдың түтiнi де ыстық” деген мақалаларым да жарияланған болатын. Ал, депутаттарға келетiн болсақ, олардың iшiнде де “Бәрiңе! Бәрiңе! Бәрiңе!” деп назар аударта жасалған, Заң жобасына кiргiзетiн түзетулер мен қосымша ұсыныстарды қолдап, айтысқандар бар екен. Бiрақ олар аз едi.

           Сонда да Парламенттiк төменгi палатасы – Мәжiлiс 2003 жылғы 30 сәуiрде Жер кодексiнiң жобасын қарауды аяқтап, түзетулер мен толықтырулар енгiзiп, Сенаттың қарауына жiберу туралы қаулы алды. Талқылау кезiнде Жер-Анамыз, ана сатылмайды деген депутаттар да болды.

            Бұл шешiмге қатты наразылық бiлдiрген сол кездегi үкiмет басшысы И.Тасмағамбетов кезектен тыс мәжiлiс өткiзiп, одан әрi бар күш-жiгерiн салып, ақыры жердi сату жайына Мәжiлiстi көндiрген. Арадағы айтыс-тартыстардың құйтырқы жыңғылдары көп. Оны керек еткен адам кiтаптан оқып алады. Ең сорақысы, Жер-Ана, ол сатылмайды дегендердiң өзi, неден қорқып-үрiккенiн кiм бiлсiн, сатуға дауыс берiп жiбердi.

               Қазiр көрiп жүрмiз, жоғарыда келтiрiлген екi мысалдан басқа, жердi сатып алып, оны қайта сатып пайда тауып жүргендер көбейдi. Зардабын көрушiлер – қаржысы жоқ, бұрын жұмысшы, еңбекшi болғандар жайына қалды. Ауылда жұмыссыз қалып, облыстар мен республика орталықтарын сағалап кетуге мәжбүр болды. Әсiресе, шетел келiмсектерiнiң жерiмiздiң пұшпағына  жармасып, арандарының ашылып бара жатқаны аса қауiптi. Жер таласы, дау-дамай да бұрқ етiп қалып жүр.

            Ойпыр-ай дейсiң! Сонау тоқсаныншы жылдан берi қазақ жерi деп зар-мұңын шағып келе жатқан, көптеген мақалалар жазған, табанын тоздырып бармаған жерi, баспаған тауы жоқ дегендей, баратын жерге дейiн барған, үкiмет, парламент айналасындағыларға ойын жеткiзген Сапекеңдей болу әркiмнiң қолынан келе бермейдi. Соның өзiнде өзiне бiрдеме сұрап жалынышты болып, азаматтығына дақ түсiрмеген, ар-ұятты берiк ұстаған. Сондықтан да болар, 2005 жылы “Ерен еңбегi үшiн” медаль бергенде оны алудан бас тартқан. Бұл жөнiнде көп газеттерде жазылып, тез тарап кеттi. Ал 2005 жылғы 29-желтоқсанда “Жас алаш” газетiне редакцияның тiлдесуiне орай түсiндiрме берген жауабында “Жер сатуды заңдастырғандардың қолынан награда алғымкелген жоқ”, – дедi де, наразылығын солай бiлдiргеннен басқа амалы қалмағанын жеткiздi.

            Ойлап қарасақ, Сапекеңе медаль емес, одан да бағалысын беру жөн емес пе?! Мемлекеттiк сыйлық тақиясына тар келер ме едi?!

             Бiрақ жасып, мойып жатқан Сапекең жоқ. 2002 жылы “Жер жырын, жерсiз қазақ мұңын айта-айта қартайған жанмын ғой” десе де жасының ұлғайғанына қарамай, әрi қазағының қам көңiлiн қимай iсiн тоқтата қойған жоқ. “Ел осылай адаса бермек пе?” деген мақаласында “тәуелсiздiк жылдары бiр жарым миллионға жуық қазақ үй-жайын тастап, бетi ауған жаққа көшiп кеттi” деп кейiнгi кезде зар қылуы бетiнен қайтпастың белгiсi.

           Сапекеңнiң орнында басқа бiреу болса, ендiгi докторлық диссертация қорғап алып шекiрейiп жатар едi. Оған да қызықпаған-ау. Егер осыны шешер ереже, не құжат болса, осы ғылыми атақты берсе лайық-ақ! Онсыз да алаштың арыстарының аманатына берiк берiлгендiгiңiздi байқатып, үлкен үлгi көрсетiп жүрсiз. Әлихан Бөкейхановтың “Қазақ жерi сатылмайды!” – деген талабын аманаттай қабылдап, көкейiңiзден шығармай күрес үстiнде келесiз. Сiздiң күш-қуатыңыз сол аманаттан құйылады, сiрә. Оған қосып Алла денсаулық берсiн! “Жер жырын, жерсiз қазақ мұңын айта-айта қартайсаңыз” да, қайратыңыз қайтпасын!

Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ