Елбасы барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

dcm9pyn1ebfmНұрсұлтан Назарбаев "Қазақ елі" монументі алаңындағы "Наурыз-2014" мерекелік іс-шарасына қатысты, онда Қазақстанның белгілі әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтті деп хабарлайды Ақорда сайты. Өз сөзінде Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ол халқымыздың бірлігі мен татулығының символы екенін айтты. "Бұл – халықтың ұлы мерекесі, күн мен түннің теңелуінің белгісі. Бірлік, бауырластық, толеранттылық және тұрақтылықтың нышанындай бұл мейрам 5 мың жылдан бері атап өтіліп келеді. Осының бәрі – Қазақстан жүріп келе жатқан жол. Бұл идеяны біз тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап жүзеге асырып келеміз. Бұл – ұлы қазына, біз оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Елімізде 100-ден астам этнос, 40-қа жуық діни конфессия өкілдері татулық пен достықта өмір сүріп келеді. Осының арқасында біз мемлекет құрдық, сүйікті елордамызды тұрғыздық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің нәзік те күрделі екеніне тоқталды. "Жыл сайын ғаламшарда 30-ға жуық қарулы қақтығыс орын алып, жүз мыңдаған адам құрбан болуда, 800 миллионға жуық адам аштық азабын тартуда, ал 400 миллион адам ауыз суға зәрулік көруде. Кез келген келеңсіз әрекет бізде бар игілікке зардабын тигізуі мүмкін", – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтар үшін ортақ мақсат – республикамыздың 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы екенін атап көрсетті. "Біз еңбектің, береке-бірліктің және тұрақтылықтың арқасында дамып келеміз. Бүкіл әлемде жұмыс орындары қысқарып жатқан кезде біз индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 60 мың жұмыс орнын аштық, "Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңа мамандықтарға баулудамыз. Бұған қоса, мен өз жарлығыммен бюджеттік мекемелер еңбеккерлерінің жалақысын арттыруды тапсырдым. Менің шешіміме қолдау көрсетіп, өз ұжымдарының еңбекақасын арттырған компаниялардың бәріне алғыс айтамын", – деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы баршаны мерекемен тағы да құттықтап, татулық, келісім, Отанға және өз жақындарына деген сүйіспеншілік сезімін тіледі.

nur.kz