Жаңа ғасыр мектебі – Ұлы жеңіс қарсаңында

1
2039

          Ұлы Жеңістің 65-ші көктемі де келіп жетті. Сонау сұрапыл жылдарды артқа қалдырған бүгінгі бейбітшілік сүйер халқымыздың ұрпақтары қан майданнан аман-есен оралған ардагер аталарымызды жыл сайын ескеріп, олармен әр түрлі жиындарда кездесу ұйымдастырып отырады. Жылдан-жылға қатары азайып бара жатқан соғыс ардагерлерінің өмірі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі әрі өнеге болып қалады.

         Бүгін Алматы қаласындағы көптеген ата-аналар мен балалардың сұранысына ие болған бүгінгі ұрпақты өз сеніміне ала білген білім ошақтарының бірі — «Жаңа ғасыр №175 мектеп гимназиясы» деп аталатын білім ордасында Ұлы Жеңіске 65 жыл толуына орай «Жеңіс жалауы, мәңгі желбіре!» атты үлкен салтанатты жиын болып өтті. Жиынға қатысушы соғыс ардагерлеріне арналған мерекелік ән-күйлермен қоса, ҚР Ұлттық «Ұлан» гвардиясының әскери саптық өнері және ішкі әскери бөлімнің жаттығуларынан көрініс берілді. Жеңіс мерекесіне келген ардагер қонақтар — Баймұхамбетов Шайхслам, Ибрагимова Мария Степановна, Ягмуров Мизам Адамович және Жаңбыр Керімқұловтар жөнінде қабырғалық монитордан олардың өмір өткелдері жайлы түсінік берілді. Олардың арасындағы Керімқұлов Жаңбыр -1942 жылы тамыз айында майданға аттанады. Маршал Малиновскийдің қол астында Оңтүстік Батыс майданында соғысқан. Еңбегі ел алдында еленіп, Ұлы Отан соғысы орденімен және Жуков атындағы медальмен марапатталған.

           Жаңа ғасыр №175 мектеп гимназиясы директоры, Педагогика ғылымдарының докторы Мәнекеева Гауһар Бозжігітқызы оларды бүгінгі мейраммен құттықтай отырып, дастарханнан дәм татуға шақырды. Кешке Алтынай Жорабаева, Қазақстан Халық әртісі Лидия Кәденова ән шырқап өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ «Тамаша» ойын-сауық отауының актері Бауыржан Орда «Қашан   қазақ боламыз» атты күлкілі жанрға құрылған, бүгінгі қазақ жанайқайын бейнелейтін монологты  оқып берді. Ал мектептің ұясынан тәлім алып жүрген өз шәкірттері «Жаңа ғасыр» тобы «Алға, қазақ жігіттері!» атты әні көпшіліктің көңлінен орын алды. Кішкентай топқа мектеп музыка пәні мұғалімі Амирова Гүлзаман жетекшілік етеді. 2-ші сынып оқушысы Сқабылов Дархан майдангер аталарына «Ұрпақтарға ұлағат» атты әнін арнады.

           Ұлы Жеңіс мерекесінің әскери және сазды тұрғыда ұйымдастырылғанына қарай білім Ордасының аты затына да, көркіне де сай екендігіне шүбәміз болған жоқ. Салтанатты кештен кейін мектеп гимназиясы директорына арнайы кіргенде, бүгінгі мектеп пен қоғам арасындағы өз пікірі мен ұсыныстары жайлы пікірін тыңдадық:

— «Мектебіміз әлі жас. Құрылғанына 4 жылдың көлемі болады. Біздің мектепке деген сұраныс өте көп. Ал мұндағы орын 1000 балаға ғана арналған. Мектеп ұжымында 98 білікті де білімді мамандар жұмыс істейді. Санаттағы мұғалімдер саны 37-ге жетіп отыр. Балалардың бейімділігіне орай мұнда физика-математиканы тереңдетіп оқыту қолға алынған. Біздің мектептің басты тақырыбы — «Бала құзыретін ашу» деп аталады. Яғни оларды жан-жақтама білім беру және тәрбиелеу ойынан туындаған ниетіміз ғой. Бұған қоса мектебімізде ата-баба дәстүрін жалғастырып, оқушыларды қазақтың салт дәстүрін бойларына сіңіре отырып тәрбиелеуді мақсат етіп қойдық. Мысалы, жігіттердің киіністерімен қыздардың қоғамдағы және күнделікті киіністеріндегі бүгінгі өзгерістерге мән бере отырып, оларды дұрыс киінуге үйретеміз. Мұны жалпы қоғам және ата-аналар болып қолға алуымыз керек. Мен ата-аналарға жиі ескертемін: «Сіздердің бастық та, мектеп те біздер. Өйткені сіздерде басқа басшы да, қосшы да, партия да жоқ», деп. Әрине, әзіл. Ал бұл бала тәрбиесін бәріміз қолға алайық деген пікір мен ойымыз. Ал 2020 жылға жоспарланып отырған 12 жылдыққа біздің мектеп дайын емес, өйткені, жоғарыда айттым, біздің мектеп жас. Мұнда керекті жәйттер әлі баршылық. Мектеп орнын кеңейту керек. Балараға орын жетіспей жатады. Бұл ретте балаларды 5 жастан бастап қабылдау керек. Олардың бірі балабақшаға барса, бірі бармайды. Анасы мен әжесінің бауырынан ажырамаған Баланы мектепке әкелу өте қиын. Оның үстіне біздің мектептің кітапханасында фонд өте аз. 27000 кітаптың тең жартысы оқулықтар. Көптеген кітаптарды ата-аналар әкеліп береді. Үйірмелерде де логикалық математиканы, шешендікті, ақындықты дәріптеп үйрету кірітілген. Мұның бәріде ұлтымыз болашағы үшін».

— «Мынадай жиын мерекелерді өткізуде оқушылардан ақша жинала ма»? деген сауалға:

— «Біздің мектепте ақша жиналмайды. Тіпті мұны заңдастырып та қойдық. Мектептің дүние-мүлкін кезінде үкімет өзі алып берген. Мұнда ешқандай ата-аналар ақша жинаужөнінен шағым айтып келген  емес».

           Ал мектеп гимназиясынан түлеп ұшқан шәкірттердің біразы шетелдерде білім алуда екен. Мысалы, Мурзалиев Ернар Малайзияда, Рахымберлі Әлішер Қытайда білімін жалғастыруда. Осыншама білім мен тәрбиелік жауапкершілікті мойнына алып отырған мектеп гимназиясы ұстаздар қауымы басшылығы осылай сыр шертеді.

            Осы күні қоғамдағы бала тәрбиесімен білімі жөнінде айтылар сын көп. Ал Жаңа ғасыр мектебінің ұстаздар ұжымын өзгелерге өнеге ете отырып және Республикамыздың барлық аймақтарында да осы заман талабына сай білім ордалары көбейсе екен деген ниеттеміз.

Шара  ҚҰРБАНОВА

 

 

1 Пікір

  1. «Жаңа Ғасыр» гимназиясында өттіп жатқан кез-келген іс-шараның жас ұрпаққа берері зор ! Бүгінде әр баланың жүрегіне жол салып , ұлтық тәрбиемен сусындатып жүрген ұстаздарға айтар алғысымыз мол !

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз