ТАҒДЫРЫНА екінші өмір бұйырған Талантты жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай өрбіген ойлар

Сөз өнері - дертпен тең.

Абай

 

Мың сөз ойлап тауып, бір сөз

таңдап алу қандай қиямет қайым.

Лев Толстой

 

          «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастаса сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады» дейді Андрей Битов. Рас қой. Алла тағаланың мейірі түсіп ерекше жаратылған, тағдырына тарыдай бақ, таудай азап бұйырған қарымды қаламгердің бірі – Бақтығұл Ойшыбаев еді. Егер ол тірі болғанда бүгін өзінің жетпіс жасқа толған тойын елімен бірге тойлап, ортамызда отырар  еді-ау.

            Амал не, небәрі елу жеті жыл ғана жасап, өмірден ерте озды. Иә, өмір-тәтті, тағдыр-қатты.

           Арамыздан  ерте кеткен асыл азамат, аяулы досты еске алғанда көлеңке баса бастаған көңілді, жүдей бастаған жүректі жұбатар жайлар да аз емес.

           Ең бастысы – Бақтығұл өмірге босқа келіп, бос кеткен жоқ. Оның соңында өшпейтін із, өлмейтін еңбек қалды. Өшпейтін ізі – жанып сүйген жан жары Манира екеуі жақсы тәлім-тәрбие беріп жетілдірген, көзінің ағы мен қарасындай ұл-қыздары, өз ортасының жұлдыздары. Үлкені – Жанаты әке жолын жалғастырып журналист-жазушы болды. Гүлжамал, Кемелбек, Еркінбегі ел игілігі жолында әр салада жемісті еңбек етіп, әке абыройын асқақтатып жүр. Бақтығұлдың отын өшірмей, шырағын жағып отырған Манираға да, әкелерінің қолжазба-молжазба мұраларын жинап, кітап етіп шығарып, мерейтойы мәнді, сәнді өтсе екен деп шыр-пыр болып, зыр жүгіріп жүрген перзенттеріне де біз-достары дән ризамыз.

          Бақтығұлдың өз сөзімен айтсам онымен танысқан «сәт түгел көз алдымда». Қаталдығы жетіп артылатын, қайырымдылығы да аз болмаған, қым-қуыт, тым суыт оқиғаларға толы, қайшылығы көп жиырмасыншы ғасырдың алпыс бесінші жылы. Желтоқсан айының бас кезі. «Жазушы» баспасының проза редакциясына шалқасынан қайырған қап-қалың сарғылт шашы ақсары өңіне жарасқан, тарамыстай тартылған арық, жап-жас жігіт келіп, ерекше бір ізетпен имене сәлемдесті. Бұл баспада редактор болып істейтін менің Қазақстан жас жазушыларының әңгімелерін құрастырып, «Шұғыла» деген атпен өндіріске жібергелі жатқан сәтім еді. Амандық-саулықтан соң Бақтығұл мәшинеге басылған қолжазбасын имене ұсынды.

– Баяғыдан бері қайда жүрсің? Әңгімелеріңді ертерекәкелмедің бе? – дедім мен.

– Шынын айтқанда жүрегім дауаламады, -деді  Бақтығұл.

– Неге?

– Жарық көруге жарай ма, жарамай ма деген күдік қой.

– Күдік пен үміт қатар жүрмес пе? Күдікті үміт жеңбес пе?

– Ол енді Сізге байланысты.

– Жинақ дайын. Баспа басшылары алғы сөз жазуды да маған тапсырып еді. Соны жазып болысымен жинақты өндіріске жібереміз. Қолжазбаңды қалдырып кет. Жараса жинаққа қосамын, жарамаса өкпелеме.

– Менде өкпе жоқ, бауыр ғана бар, деп  жұмсақ жымиды Бақтығұл.

– Әдебиетке өкпе жүрмейді, дедім  мен.

– Қашан хабарласайын.

– Екі күннен кейін кел. Ал, жақсы, әзірше.

           Бақтығұлмен жылы қоштасқан мен оның ойлы, мұңлы жанарынан күдік пен үміт іздерін көргендей болдым. Баспадағы жұмыс бастан асып жатқандықтан Бақтығұлдың қолжазбасын үйге алып кеткен едім. Сол күні түнде бас алмастан бір деммен оқып шықтым. Ол маған «Аңғарбайдың әні»,  «Құпия», «Өмір күлімдейді» атты үш әңгіме қалдырған еді. Үшеуі де ұнады. Ақылман ағам Қадыр Мырза Әли ұнатқан «Құпияға» қоса Бақтығұлдың өзге әңгімелерін де, «Алыстан көрінген от» атты тұңғыш повесін де алғаш оқып, алғаш пікір айтқан да, шама-шарқымның жеткенінше жөн-жоба сілтеген де, баспадан жарық көруіне қол ұшын берген де мен едім. Сол әрекеттерімнің дұрыс болғанын, Бақтығұлдың күдігін үміт жеңіп, оның қарымды қаламгер биігіне көтерілгенін бүгін аяулы досымды ет жүрегім елжірей еске ала отырып жүдеген көңілімді жұбатамын.  Мен Бақтығұлдың алғашқы әңгімелерін оқып отырып, оның    табиғи талант екеніне анық көзім жетті. Оған көз жеткізген Бақтығұл әңгімелеріндегі қарадүрсінділіктен аулақ қарапайым құнарлы тіл. «Аңғарбайдың әні» атты әңгімесіндегі «Көктемгі Алматы көк жібекке малынып тұр» деп бір ғана сөйлеммен берілген тапқыр теңеу, табиғаттың тамаша суреті.

           Небәрі елу жеті жыл ғана өмір сүріп, осыдан он үш жыл бұрын өмірден озған, бүгінде жетпіс жылдық мерейтойын елі-жұрты кеңінен атап өтіп жатқан Бақтығұл Ойшыбаевтың артына қалдырған әдеби мұрасы аз емес. Соның біразы үстіміздегі жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Өмір белестері» атты 600 беттік, 40 баспатабаққа жуық бір томдықта. Екі бірдей әйгілі ақын – Қадыр Мырза Әли мен Фариза Оңғарсынованың алғы сөзімен жарық көрген жинақ Бақтығұлдың әңгімелері мен повестерінен түзіліпті. Жинақтың    беташары пролог пен эпилогтан өзге он бес тараудан тұратын «Қимаймын сол күндерді» атты повесть өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы ауыл өмірін айнадағыдай ап-айқын бейнелейді. Кейіпкерлері орта мектепті бітіріп, ауыл өміріне жаңа леп әкелген жастар.

           Сіз осы бір бас-аяғы  жинақы, жұп-жұмыр,  жып-жылы шығарманы оқи отырып небәрі 23 жыл ғана өмір сүрген «ат жақты, қыр мұрынды, үнемі жылылық шашып тұратын кішкене қара көзді, астыңғы еріні үстіңгі ерінінен сәл бұлтиыңқырап шығып тұратын, жан дүниесі адалдық пен сыпайылдыққа толы, домбыраны бебеулетіп сөйлететін, баян, аккорденга тіл бітіп, сан   түрлі сазды сарнататын, техникаға да жаны құмар, шарық ұрған ізденімпаз да қиялшыл». Серік пен оның досы Батырбектің жан-жақты бейнеленіп, жарқырап ашылған жан дүние иірімдерінің өзіңізді терең өзеннің ағысындай үйіріп әкеткенін байқамай да қаласыз. Жан дүниесі жарасқан екі дос Серік пен Батырбектің тағдыр-талайына ортақтасып, олармен бірге қуанып, бірге қайғырасыз. Нәп-нәзік  Әсем мен «зор дауысы гүж ете қалатын еңгезердей» Әзімханмен танысып аққұба өңі қызыл шырайланып, ұялы қара көздері қуаныштан нұр болып төгілердей мөлтілдеп, күліп отыратын  (28-бет)

             Қарлығаны танып, ақылман ақсақал Жақсығалимен табысасыз. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, «көпті көрген, өткір тілді» Көзеген Құрмақаев (31-бет), «Шашын желкесінен кескен қисық көз, сары қыз аудандық комсомол комитетінің    хатшысы Балғыз Назарованың» (31-32 бет) іс-әрекеттері, ортасы арқылы ауыл өмірі айнадағыдай ап-айқын көрінген.

               Жалпы, Бақтығұл Ойшыбаев, негізінен, екі тақырыпта еркін көсіледі. Оның бірі – өзі өте жақсы білетін ауыл өмірі, ел суреттері. Бұл орынды да. Қырық жылға жуық қалам тербіген Бақтығұлдың бар өмірі елде өтті. Өзі туып өскен Тайпақ ауданында аудандық газетте корректор болып еңбек жолын бастаған ол Жымпиытты аудандық газетінде өмірінің соңына дейін редактор болып істеді. Өз басымыздан өткен өмір болғасын аудандық газеттің, жалпы газет атаулының күнгейі мен көлеңкелі жақтарын біз де бір    кісідей білеміз. Күнгейі – күнделікті өмірге белсене араласасың, алуан түрлі тақырыптар жайлы жазып, қаламыңды ұштайсың. Өмірдің өзімен бетпе-бет келіп, қиялдан туған суреттерді емес, өмірдің өз көріністерін өрнектейсің. Көлеңкелі тұстары да аз емес. Біріншіден – бейнеті көп, зейнеті аз газет жұмысының өмірі бір бітпейтін күнделікті күйбеңі бас көтертпейді. Ол аздай-ақ аудан басшыларының қой төлдету, шөп шабу, мал қыстату, сайлау сияқты әртүрлі науқандық жұмыстар кезінде шаруашылықтарға өкіл етіп жіберетінін қайтерсің? Ол аз десеңіз, қаламыңызды газеттің қасаң стилге түсіріп жіберетіні тағы бар. Қуанышқа орай, Бақтығұл аудандық газеттің құр хабарлама, құрғақ баяндау ауқымында қалып қоймай өз шығармаларында суреттеу тәсілдерін меңгеріп, көркемдік кеңістіктерін кеңейтуге талпынды.

             Оның бұл талпыныстары табыссыз  да емес.Көркем прозаға қойылар талаптар үдесінен шыға алған Бақтығұл шығармаларындағы диалогтар екі бірдей ауыр жүкті еркін көтеріп тұр. Оның бір – диологтар  оқиғаның даму динамикасын  арттырса, екінші жетістігі әр  кейіпкердің аузына оның характерін ашатын сөздер сала білуінде.

            Жалпы, Бақтығұл Ойшыбаев, негізінен, екі тақырыпта еркін көсіледі дегенге айтар дәлелімізге дәйек ретінде жоғарыда біз шағын ғана мысал келтірген жастар өмірін айтар ек. Жастар өмірі дегенде қай қаламгердің де махаббат тақырыбын оралып өте алмасы зайыр. Бақтығұл махаббатты жырлағанда әлем әдебиетінде әріден келе жатқан үшбұрышты оралып өтпепті. Онысы да жөн. Олай дейтініміз, бұл да өмірде жиі кездесетін жай емес пе? Сол үш бұрыш «Аңғарбайды әніндегі» Сайын-Шәкира- Аңғырбай, «Қимаймын сол күндердегі» Батырбек-Қарлыға- Серік «Алыстан көрінген оттағы» Орақ-Айнұр- Серболат  тағдырлары арқылы сенімді суреттелген. «Аспан жиегі қызғыл тартқан шақ» деп (387-бет)  жалқы  сөйлеммен-ақ жақсы сурет сала алған Бақтығұл Ойшыбаев «Қараңғы түнде жарқырап ай туғандай, халде», «бала мінезді күлегеш толқындар» (13-бет) деп (50-бет) тетелі, тапқыр теңеуді қысқа сөзбен сәтті қайыра да біледі.

            Кейіпкер портретін сомдайтын қиын тұстарда да Бақтығұл қисынын тауып, қиялап шығады қиындықтан. Соған көп мысалдың бірі мынау: «Сылқым келіншек сылқи күліп алдымнан шықты. Ақ білегі жарқырап, ақ тамағы үлбіреп, көзі күлімдеп кеп қолын ұсынды. Мұндай жанға теңеу табу да қиын. Қос бұрымының бірі бұлғаң қағып кеудеге түскенде, екіншісі тілерсекті соғады. Жарық еткен жанары кеудені тесіп өтердей өткір де ойнақы. Мен сұлу келіншектің қолын алғанымда оның жұп-жұмсақ алақанының жылуы өн бойымды шырпып өткендей болды» (325-бет).

           «Қара мұрт» деп аталатын шағын әңгімедегі «сылқи күлген келіншектің» бейнесі көз алдыңда қалып қояды.

             Бақтығұл Ойшыбаев әр шығармасын әр түрлі тәсілмен әрлендіре білген. Бұған оның хат түрінде жазылған «Жүрек сағынышы» атты әңгімесі дәлел. Сосын «Жайық толқындары» повесінде озат шопандар Қайрат Құрманов пен Айса Жанғалиевтың қозы алу көрсеткіштерін құрғақ цифрлар арқылы баяндаудан қашып, совхоз директорының сөзі (217-бет) арқылы беруінен де қаламгердің көркемдік құралдарын құлпырта түскен қарымын танимыз. Жазушы «жаңбырлы күн» әңгімесінің соңын: «Нөсер жаңбыр төпелеп құя түсті, жас жүректердегі отты сезімдер лаулап жанып, өрши берді» деп (289-бет) деп жалғыз сөйлеммен қысқа қайырыпты.

            Бақтығұл Ойшыбаев кезінде маған Махамбет жайлы повесть, ағайынды Халел мен Жаһанша Досмұханбетов жайлы роман жазсам деген ой арманымен бөлісіп еді. Махамбет жайлы жазылған «Аяқталмаған айқас» атты әңгімесі (364-376 беттер) сәтті. Махамбет қана емес, Исатай, Мақпал, Үбі бейнелері де серпінді де сенімді суреттелгеніне қуандық та. Бұл Бақтығұлдың кейінірек жазбақ болған романына бастар баспалдақ болған шығар. Кім білсін?.. Қайран дос ең басты шығармасын жаза алмай арманда кетті. Қадыр ағам айтқандай: «Өкінішті, әрине. Өкінішті». Алайда, көңілге жұбаныш қана емес қуаныш сыйлар жай – Бақытғұл Ойшыбаев күні бүгінге дейін Алматы баспаларынан жарық көрген «Алыстан көрінген от», «Қимас күндер», «Өмір белестері» атты кітаптарымен қабырғалы қазақ әдебиетінің көрнекті бір өкілі болып тарихта қалды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы емес пе?!

          Максим Горкидің сөзімен айтсақ: «Ұлы халықтар бар өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын, ұлы тұлғалар бар өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсете алатын». Қай мерейтой, мерекенің де басты мақсаты той тойлау ғана емес, ең алдымен ой толғау. Таланттарды тарихтың өзі туғызады, заманның өрті мен дерті, селі мен желі, дауылы мен жауыны шыңдап, шынықтырады. Олардың рухы өлмейді, жұлдызы сөнбейді, керісінше, құмнан аршылған алтындай жарқырай береді. Бақтығұл Ойшыбаевтың көркем шығармалары арқылы жалғасып жатқан екінші өмірі ұзақ болғай!

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, М.Шолохов атындағы

Халықаралық сыйлықтың лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген   қайраткер