РАЗИЯ

d180d0b0d0b7d0b8d18f-d0b0d0bfd0b0       

  Соғыс кезінде ерлер туралы сөз бола қалса екінің бірі: «Ол майданға кетті. Ол соғысқа аттанды» деген сөзді жиі айтатын. Себебі мұрты жаңа ғана тебіндей бастаған балаң жігіттер мен самайы күміс шықтай жылтыраған ер адамдар күн-түн демей майданға аттанғаны белгілі. Осы жолдарды жазып отырып менің есіме ақын Расул Ғамзатовтың мына бір сөздерді еріксіз түсті:  «Егер сенің еліңде қуаныш болса – оның еңбек адамынан сұра, ол қалай еңбектенді екен. Егер сенің жерінде қайғы болса - оны жауынгерден сұра, ол қалай соғысты екен» деген жолдарға ешбір анықтаманың керегі жоқ сияқты.

         Себебі соғыс тек Батыста ғана емес, әрбір қалада, далада, завод пен фабрикада болды. Майдан даласындағылар қолына қару алып соғысса, фабрика мен заводтағы жұмысшы, ауыл-селодағы диқан мен малшы фашист басқыншыларына еңбектегі ерлігімен соққы берді. Тылдағы еңбек дүбірі, заводтағы құрыш қолдар мен фабрикадағы моторлардың тынымсыз гүрілі елін қорғаған ерлердің жігеріне жігер қосты. Ол кезде үлкен де, кіші де, бала-шаға мен ана-әке де «соғыс» деген сөзді естігендер ауыр күрсінетін. Сол сәтте осы бір жан жарасынан жер қайысып, теңселіп кеткендей көрінетін. Ел мен ер басына төнген өрт небір жалынды жайсаң жігіттер мен мен абзал азаматтардың өмірін жойып, оққа ұшырды, небір жасыл желекке бөленген қалалар мен селоларды тас-талқан етіп қиратып, Жер-Ананың бетіне жара салып, мақпал топырағын қанға бөктірді. Сол соғыстар қазір өлгендер үшін обелиск, тасқа айналған ескерткіш болып қалған.

           Ал тірілер үшін естен кетпес естелік, өңірінде жарқыраған жұлдыз бен орден болып қалған.

           Міне, соғыс жылдарының қиыншылығын ойлағанда, әңгімелегенде тылдағы мылтықсыз майданның ерлері де есіңе түседі. Майдан ерлерін азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз еткен ауылдағы, тылдағы жүзін қыстың аязы қарыған, жаздың аптабы күйдірген еңбек адамдары. Майданға аттанған ерлердің орнын басып пішен шауып, егін егіп, мал баққан әйелдер мен жас өспірім балалардың еңбегі соғыс жылдары ерекше болды емес пе! Басқаларды қайдам, мен өзім білетін «Ақтас» колхозында соғыс жылдарында еңбек етіп, ел құрметіне бөленген бригадир, звено бастығы, ауылдық Советтің председателі, ферма есепшісі, ферма бастығы болған бір топ әйелдерді білем. Қазір де олардың біразы әже болып, немере сүйіп, зейнетке шығып отыр. Мен жақында ғана сол жылдары бригадир болған Рәзия Етекбаевамен әңгімелесіп, осыдан отыз жылдан аса уақыт бұрынғы тылда өзімен бірге еңбек еткен құрбылары жайлы айтып беруін сұрадым. Ол ұзақ ойланып отырды да: -Сол кезді несіне сұрайсың деді көз алдынан төгілгелі тұрған мөлдір тамшыны сүртіп. «Ақтас» колхозы егінді көбіне Жылысай, Жаяукүрек, Шад өңіріне салатын. Ол жер егіндік болғандықтан орталықтан 40-50 шақырымдай жерде еді. Екі арадағы жол тақтайдай тас жол емес, ойлы-қырлы, кедір-бұдыр тау жол болып келеді. Сол жылы егін мол шығып, бидайға енді орақ салғалы отырғанда фашистік Германия соғыс ашты. Бұл суық хабар елдің еңсесін түсіріп, ауыл азаматтары майданға аттануға жиналды. Тракторшы, барабаншы жігіттер техниканы қыз-келіншектерге табыс етіп, майдан жолына әзірленді. Ол кезде астықты комбайнмен емес, қол орақпен шауып, дестелеп, сосын барабан арқылы басып жинайтын.

           Иесіз бос қалған тракторлар мен барабандарға ауылдық Советтің председателі Седеп, Күлихан, Шәпия, Ақай сияқты әйелдерді отырғызды. Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деген рас қой. Түрі таныс бірақ сыры жұмбақ трактор мен барабан әйелдердің еркіне қалай көне қойсын, бірі қолын, бірі аяғын жаралап алып азапқа да түсті. Ақыры азаптанып жүріп, әдетте күзге дейін қамбаға құйылып бітетін азын-аулақ астықты сол жылы күздің аяғында әзер жинап біттік. Ер азаматтары барда егістік түгіл есігінің алдындағы бақшасын суармайтын әйелдер енді ен далада аптаған күннің астында егін орып, бидай бастыруға бірден көне алмады.

           Оларға жұмыс істеу үшін үлгі-насихат жұмысын жүргізу қажет болды.

           Амал не, басқа түскен ауыртпалықты көп болып көтеруге тиістісің. Ересек балалары бар әйелдер қырман басында жатып, жұмыс істеуге ұйғардық. Олардың балалары үшін колхоздан бала-бақша аштық. Ал жас балалы әйелдерді аспазшылыққа бригада басына балаларымен бірге көшіріп апардық. Өйткені қос басында тамақ әзірлеу ол кезде оңай емес-ті.

          Қазіргідей көгілдір от, дайын емес. Аспазшы әйелдер үш мезгіл әрі тамақ, әрі нан пісіретін. Жағатын отын сабан, көбінесе тезек оларды тасып, жинап алатын өздері. Сол жылы менің бригадамда үлкен-кішісі бар, елуге тарта әйел болды. Ал аспазшы етіп жасы елуге келіп, егде тартып қалған Ақтай мен Сақтай әпкелі-сіңлілі екі апайды қойдық. Бір қызығы бұл екеуі де жиырмадан артық санауды білмейтін адамдар еді. Ол кезде аспазшылар арнап бір күнге жететіндей етіпжеке-жеке күлше нан пісіретін. Міне, бұл екі кісі бригададағы елу адамға пісірген наннан үнемі шатасатын. Нан кейде жетіп, кейде жетпей қалатын. Кейін екі аспазшы нанды бөлгенде санап емес, әркімнің атын атап, күлшені солардың киімінің қасына қойып қояды екен де, сол бойынша нанды үлестіріп беретін болған. Олардың «санға жүйріктігін» білген соң, жұмысқа кетер алдында бригададағы егіншілер тиісті наннан құр қалмас үшін не ыдысын, не киімдерін қаз-қатар тізіп қойып кететін. Аспазшылар сол белгілер арқылы нан мен қантты бөліп беретін.

           Сол жылы астықты қамбаға түгел тасып үлгере алмадық. «Қырсыққанда қымыран іриді» деп соғыс басталған жылы қыс ерте түсті. Көліктің тапшылығынан бидайдың тең жартысы Жаяукүректегі қырман басында қалды. Қар жауып, жолды басып қалған соң өгіз бен сиырға мінгесіп барып, жиырма шақты әйел қырманда қалған бидайды үй-үйден жинап апарған киіз, алашалармен жаптық. Бірақ ол жұқана жабу төрт ай қысқа пана бола ма, аңызда қалған сабандарды жинап әкеп, әлгі киіздердің сыртынан қалыңдап тағы жауып қойдық. Бір жұмысты бітірсек те, енді екінші ең басты жұмыс қалды. Ол осы бидайды қыстай күзетіп шығатын адам керек. Кейбір қарттардан күзетші болуды өтініп едік, олар ақ қар , көк мұзда иесіз далада күзетші болғысы  келмейтінін айтып, көнбеді. Олардан қайыр болмаған соң, үйінде баласын қарайтын енесі бар Күлихан мен балалары есейіп қалған Ақтай шешейді көндірдік. Екеуінің жағатын отыны мая-мая сабан, ішетін суы қар, бар көлігі бір өгіз бен бір ат.

           Қыстың алғашқы айларында бұларға қант, шай, ас-су апарып жиі қатынасып тұрдық. Бірте-бірте қыс қатая келіп оларға ат ізін салу да сирей бастады. Жолды қар басып қалғандықтан оларға қатынасу да қиындай түсті.

... Бірде сәске түсте атқа көрпе-төсегін артып кеңсеге Күлихан келді. Оның жүдеу түрін көріп сасып қалдық, одан істің мән-жайын  сұрадық. Ол да қысылып әзер тұр екен, сөйлеудің орнына дауыстап жылап қоя берді. Сөйтсек, оқиға былай болыпты. Суық тиіп бірнеше күн төсек тартып, ауырып жатыпты.

        Әрі қырманды үш күн бір үйір қасқыр торып, өгізді жеп кетіпті. Күндіз-түні от жағып, күркенің астына атты байлап қойып, оны әзер сақтап қалыпты.

         Тіпті қарусыз екі әйелді елемей дәніккен тік құлақтар жалғыз атты да жемек болғасын, өзімізді де аман қалдырмас деп ойлап, аздап тәуір болғасын бұл ауылға хабарлауға келіпті. Біз қатты қиналдық, жедел көмек беруге дәрменсізбіз, еркек атаулы жоқ. Ақыры Жаяукүректе жалғыз қалған Ақтай апайды аяп, үйді-үйге шапқылап, әйелдермен сөйлестім. Ауылдық советтің председателі Седеппен ақылдасып, күзетшілікті бір аптадан кезектесіп істеуге шешім қабылдадық. Сол күні Күлихан мініп келген атқа мінгесіп екі әйел Жаяукүрекке аттандық. Келсек Ақаң да сырқаттанып отыр екен, онысын ұмытып, артынан төркіні іздеп келгендей қуанып қалды. Біз ат тынықсын деп Ақаңды ауылға бірден жібермей, бір-екі күн өз қасымызда қалдырдық. Себебі Шәпия мен Ақтай ауылдың әнші әйелдері саналатын. Екеуі қосылып қырман күзетінде болып күні-түні ән салады.

          Соның салдарынан қыстың ұзақ таңының қалай атқанын байқамай қалатынбыз.

          Сондағы көп айтылатын әндер майданға аттанған азаматтарды сағыну, михнатты өткен жастық шақ жәйлі көңіл күйін білдіретін   толғаныстар еді.

         Не керек, осылай кезекпен күзетіп, астықты қыстан аман-есен алып шықтық-ау.

         Бірақ жұмыстың ең қиыны алда еді. Жер-ана қысқы тонның құрсауынан босанып, көгілдір көктемнің хабаршы құстары да келе бастады. Енді жер жыртып, әрі тұқым себуіміз керек. Ол үшін күш-көлік, соқа-сайманды әзірлеу керек. Ақыры колхоздағы күш-көлікке қосымша жекеменшіктің сиырын алып, соқаға жегетін болып келістік.

           Ол кездегі елдің бірлігін, татулығын айтпаңыз. Жер жыртуға халық тіпті сауып отырған жалғыз сиырларына дейін берді. Әйтеуір, таңның атысы, күннің батысы сиырларды кезек – кезек ауыстырып жер жыртамыз. Сол жылдары біздің колхоз 2 мың гектар жерге бидай мен арпа салатын, Әрине, осыншама жерді жыртып, оған бидай егу оңай жұмыс емес екені белгілі.

           Көктемгі егісті жылдағыдан бір ай кеш аяқтадық. Егін піскенше енді шөп науқаны бар. Әйелдер қысқы мал азығын әзірлеуге кірісті. Арнаулы шөп бригадасын құрып, оған   бригадир етіп, Зәмзәні сыйладық. Ол жаратылысында пысық, белсенді әйел болатын. Әйелдермен тез тіл табысып кетті. Сонымен әйелдердің бар өмірі көктемнен күзге дейін дала қосында өтетін.

          Даладағы қос басына жаңалық пен жақсылықты алып келетін біздің ауылда сол кезде бір адам болды. Ол пошташы қарт Түген еді. Пошташы қарт қос басына аптасына екі рет қатынайтын. Күнделікті хат-хабар, газет-журнал әкелетін осы кісі. Сонау қырдың астынан қылтиып ақ боз атты түген көрінгенде жүрекке ерекше бір қуаныш нұры құйылатын. Бірақ күн артынан күн, ай артынан ай өткен сайын ақсақал жұртқа қуаныш хабармен қоса қайғыны да жеткізетін. Алғашында шаңы түтіндей будақтаған қайыстап қара жолға қарап елеңдейтін әйелдер, бірте-бірте Түген қарттың төбесі көрінгенде бойына электр тоғы жүргендей денесі дір ете қалатын болды. Олар енді көбінесе қарттың алдынан өздері жүгіріп шықпай хат-хабар сұратуға балаларды жіберетін-ді.

          Себебі соңғы бір айда ауылға «қаралы қағаз» деп аталатын бір жапырақ ақ қағаз келетін. Ол көбінесе майданнан қаралы хабар әкелетін-ді.

           Сол қаралы қағаз осы дала қосында жүрген бірнеше әйелдің қолына түсіп, жұрттың жүрегіне жара салған еді. Содан бері әйелдердің нұрлы жүзін мұң басып, жұмыс үстінде жүрсе де зарлы бір әуенді ыңылдап айтып жүретінді шығарған. Осы күнге дейін есіңе түссе адамның жаны түршігердей бірде мынадай оқиға болды. Бір күні түске жақын сонау Жылысайдағы қос басына өгіз арбамен ауылдың бір топ ақсақалдары келді. Әншейінде қолқаласаң да аяқ баспайтын ақсақалдардың тосын келуін әйелдер онша ұнатпай қалды. Әрқайсысы іштей уайымдап «бүгін кімнің соры қайнар» екен деген ойда болды. Әбден шаңқай түс болып, әйелдер мен балалар шөп машинасын доғарып түстікке шығып тамақтанды.  Сәлден соң ауылдық Советтің председателі Седеп те келді. Ол әдеттегідей көңілді, әзілмен емес, жүзі сынық, солғын тартқан, әйелдерге иек қағып қана амандасты.               Седеп келген соң-ақ ауылдың ақсақалы Едіге қарт мақалдап, жұмбақтап келген, Ақтайға баласы Өкімнің, Шапияға күйеуі Сапақтың, Шәйжанға жолдасы кетіркейдің, Күлиханға жары Аманқұлдың, Сақтайға ері Аманның қайтыс болғанын хабарлады.

             Қаралы хабарды естіген әйелдер бүкіл Жылысайды басына көтеріп дауыс салып жылағанда қара жер қайысып, күн тұтылып, бұлақ тынып қалғандай болды.

            Бір күнде бес үй қара жамылып, арыстай бес азамат от пен оқтың арасында, туған жердің топырағына оралмай шалғайда қалды. Бір ғажабы сол күні қос басы у-шу болды да, түс ауа қаралы хабар әкелген қарттар шиқылдақ өгіз арбаларымен ауылға қайтып кетті. Ал суық хабар алған әйелдер жылай-жылай көз жасын көл қылып жұмыстарына қайта кірісті. Ол кезде өлгенді жоқтап, көңіл айтып келушілерді күтіп, жайғасып үйде отыратын заман жоқ еді.

...Шіркін әйелдер қаншама нәзік, қаншама әлсіз дегенмен майысса сынбай, соғыс атты сойқанның ызғарына тоңса да үсімей өтті-ау!

           Сол жылы астықты жаздай бастырып болып, егінді тезірек жинап алдық. Өткен жылдардың кемшілігін болдырмастан тұқымдық астық пен халықтың еңбегіне берілетін бидайды күн-түн демей екі топқа бөлініп, өгіз арбамен Ақтастыдағы үлкен қамбаға тасып құйып үлгердік. Төрт өгіз арбаға екі-екіден бөлінген әйелдердің екеуі күндіз, екуі түнде сонау Жаяукүрек, Жылысай, Шад өңіріндегі қызыл қырмандағы астықтырды тасуда үлкен еңбек етті. Баяғы Шәпия, Ақтай, Сақтай, Күлихан, Шәйжан, Зәмзелер қысы-жазы тыным көрмей еңбек етіп ауылдағы тұңғыш «стахановшы әйелдер» аталды. Сол кезде Стахановтың бастамасымен еңбекте үздік шыққан адамдарға «стахановшы» деген құрметті атақ берілетін. Сөйтіп, бір топ колхозшы әйелдер осы атаққа ие болған-ды.

           Арада жыл өткен сайын жүдеп-жадаудың орнына басқа түскен қайғының қара бұлтын серпіп тастап еңбекке шыңдалып, жетім қалған балаларды қамқорлыққа алдық. Сонау Кавказ, Балтық бойынан пана іздеп келген балалар мен аналарға қамқоршы болдық. Туған жерінен тірілей қуылып, оқ пен оттан қашып келген адамдарды көргенде өзімізше сол өмірдің өзіне риза болып, жеңіс деген ұлы күнге жетуді армандадық. Ол кезде яғни 1943 жылы жеңіс деген сөз бізге қол жетпейтін арман, көз шалмайтын асқар шың болып көрінетін еді. Бірақ арман адастырмайды екен. Біз мылтықсыз майданның ерлері далада да, ауылда да, жайлауда да еңбек туын жоғары көтеріп, «стахановшы» атандық. Жауға әнмен, еңбекпен оқ атып, туған жер үшін оққа ұшқан азаматтардың кегін алдық. Оларға арнап, бір «Ақтасты» колхозының өзінен 200 қолғап, 200 жүн шұлық, 200 жүн бөкебай, 100 килограмм сары май, жүздеген центнер ақбидай жібердік.

... Міне төрт жылға созылған қанды майданның тылдағы ауыр азабын әйелдер осылай жеңді. Ол кезде ат жалын тартып мініп, ерлердің орнын басқан қыз-келіншектер қазір ана, әже аталып, самайларын ақ қырау шалған аяулы адамға айналды. Иә, кешегі әйелдер сол кезде тылда бақыт үшін күрескен мылтықсыз майданның батырлары. Бұл күнде сонау Жаяукүрек, Жылысай, Қызылқұр, Шад егістік жерлері мен колхоз арасына күніне сан рет машиналар қатынайды. Жерді өгіз, сиыр, соқа емес, шынжыр табан алып тракторлар жыртады.

             Қазір қызыл қырман басында Ильич шамы жарқырап, моторлар үні толассызестіліп жатады.

             Міне, бұл тылдағы еңбек адамдарының қайраты мен қарулы қан майдан ерлері жеңісінің жемісі. Сол жеңіске жеткізген осы екі майдан ерлерінің ерлігі, жоғалған жастығы, төгілген маңдай тері, қасиетті қаны...

             Қазір арамызда ардагерлер аталатын адамдар көп. Олар соғысқа қатысушылар, олар жеңіс күні әлемде тарихи маңызы бар оқиға екенін жақсы біледі. Осы жеңістің қаншалықты маңызды болғандығы уақыт өткен сайын тереңірек байқалатын болады. Жеңіс таңы атқалы отыз жыл уақыт өтті. Сөйтсе де біз соғысты ешқашан ұмыта алмаймыз. Себебі ол туралы кинокадрлар сөйлейді, ескерткіштер тіл қатады, тарих том-том кітап жазады, қалпына келіп, іргетасы қайта қаланған қалалар сап түзейді. Сол үшін әр жылы Жеңіс мерекесін көгілдір көктемде атап өтеміз. Бізмайданнан оралғандардың, фашизмді жеңу жолында құрбан болғандардың алдында қарызда екенімізді бір сәт те ұмытпаймыз. Біз соғыса да білеміз, бейбіт өмірімізді қорғай да білеміз, біз қала да тұрғызамыз, алып электр станциялар да саламыз. Жер мен көктің арасын жалғастырып, космос корабльдерін де ұшырамыз. Біздің ел, біздің Отан қазір осындай!

 

Рза ҚУНАҚОВА