Қазақстан әскерінің қазіргі жай-күйі

5056362Әр заманның өз құралы бар. Соның ішінде әскери саланың да. Әсіресе, техника мен технология қарыштап дамып жатқан мына заманда көп әскери құрал-жабдық ескінің көзі боп қалып қойып жатқаны белгілі. «Батыр жарағымен жарасты» демекші, «Алаш айнасы» газеті «КСРО ыдырағаннан кейін қайтадан түзілген Қазақстан әскері заманауи талапқа сай жарақпен жарақтана алды ма?» деген сауалға жауап іздеп көрмекші... Уақыт тас екеш тасты да тоздырады екен. Міне, осындай әлеуетке ие уақыт бүгіндері тек әскери техника мен технологияны ғана емес, сонымен қатар ұрыс жүргізу тактикасы мен әскери іс-қимылды да өткен ғасырдан ерекшелеп тұрған жайы бар. Бұл ретте осы ғасырда орын алған, бар-жоғы алты аптаға созылған Ирактағы соғысты мысалға келтіруге болады. Мұнда әуе және теңіз күштерінің рөлі бірінші қатарға шыққаны белгілі. Көктен көздеген нысанына өте жоғары жылдамдықпен келіп түйілген америкалық әскери атқыш ұшақтар Ирак өңірлерін бір демде жайпап өтіп, әскери қорғанысты оңбай ойсыратып тастаған еді. Ал тағы бір жағынан АҚШ теңіз әскерінің 15-экспедициялық корпусы FGM-148 Javelin зымыран кешенінен танктерге қарсы зымыран жаудырып жатты. Сол секілді көкте Boeing B-52 Stratofortress континентаралық зымыран тасушы-атқыш ойқастады. Техникалық әлеуеті соны технологиямен әбден қамтылған осы әскери құралдардың барлығына Парсы шығанағында қонақтаған АҚШ-тың USS Kitty Hawk әуе кемесіне толы зымырандар үздіксіз жөнелтіліп жатты. Жауға қарсы әуеден 540 әскери ұшақ, 40 зенитті зымыран кешені жұмылдырылды. Ал теңіз астында бұйрық күтіп тұрған 11 атом қаруы бар сүңгуір әскери қақтығысқа қатыспастан сол күйі кері қайтты. Өйткені олардың көмегінсіз-ақ ескірген совет техникасымен жарақтанған ирак әскері америкалық және ағылшынның заманауи жарақтанған жауынгерлеріне қарсы тұруға шамасы жетпеді. Ақыры олар тізе бүкті. Әрине, америкалықтар соғыс ашуға ілік еткен химиялық қаруды мұнан таппады. Бұл арада біз осы соғысты ақтайық деп отырған жоқпыз, тек бүгінгі соғыстың тактикасы, әскери-техникалық әлеуеті нендей талаптарға жауап беруі тиіс деген сауалға жауап іздеудеміз. Демек, бұл айтылғандардан шығаратын қорытынды, жаман айтпай жақсы жоқ демекші, бүгінгі соғыс жағдайында үш әскери құрамның рөлі ерекше екені белгілі боп отыр. Олар – аэроұтқыр әскер, теңіз әскері және ракета әскерлері мен артиллерия. Қазақстан Қарулы күштерінің қолбасшысы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әскери саладағы жаңашылдық пен өзгерістерді бір сәтке де қалт жіберген емес. Сондықтан да Елбасының басшылығымен Қазақстан қарулы күштерінде 2000 жылдары жаңарту жүргізілген. Сондай жаңашылдықтың бірі – аэроұтқыр күштің түзілуі. Осыған байланысты ҚР Қарулы күштер әскери бөлімі мен бөлімшелері жаңа терминдерге бой үйретіп жатқан жайы бар. Мемлекет басшысының бұйрығымен ҚР Қарулы күштері үштүрлі құрылымдық күш боп қайтадан жаңғырды: жаяу әскер, әуе қорғанысы күші, әскери-теңіз күштері. Осыған дейін қолданылып келген «әскери округ» сөзі қолданыстан шығарылды. Өйткені олар аймақтық командование деген атауға өзгертілген. Сөйтіп төрт әскери аймақ белгіленді: Орталық әскери округ (ӘО) – «Астана» аймақтық командованиесі (Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары), Шығыс ӘО – «Шығыс» АК (Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары), Батыс ӘО – «Батыс» АК (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары), Оңтүстік ӘО – «Оңтүстік» АК (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары). Ал өз алдына жеке-дара құрылған Аэроұтқыр әскері құрамына десантшы-шабуылдаушы бөлімше, соны техника және технологиямен қамсыздандырылған барлаушы және тылдағы арнайы әскер енеді. Олар соңғы кездері Қазақстан атынан үнемі түрлі әскери жаттығуларға қатысып жүр. Соның ішінде еліміз енген аймақтық әскери одақ – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскери жаттығуларына да белсене қатысып отырады. Ондағы офицерлік құрам – Қазақстанның әскери институттарының түлектері, олар жыл сайын Ресейдің әскери академияларында біліктерін арттырып отырады. Қазақ әскері құралына енгізілген жаңашылдықтың бірі – автомат Калашниковқа орнатылған калиматорлық нысанаға алғыш. Бұл қаруды қолға алған жауынгерге сұр мерген болудың аса қажеті жоқ. Барлық жұмысты инфрақызыл сәуле атқарады, яғни сәуле нысананы дөп белгілеп береді, солдат автомат шүріппесін басса болғаны. Бүгіндері аэроұтқыр әскер қаруының 80 пайызы осындай нысанаға алғыш құралмен қамтылған. Әуе қорғаныс күштері Қазақстанның Әуе қорғаныс күштерінің жауынгерлік құрамы – 19 мың адам. Әскери әуе күштері екі атқыштар полкі, шабуылдаушы үш полк, бір барлаушы полк және авиация көлігін басқарушы бір полкпен толыққан. Мұның сыртында жаттығушы, шабылдаушы және тікұшақтарды басқаратын үш полк бар. Олардың техникалық әлеуетін 162 әскери ұшақ танытады: 97-сі - атқыш (16 МиГ-25, 39 МиГ-29, МиГ-29УБ және т.б.), 53-і – шабуылдаушы (14 Су-24, 25 Су-27, 14 Су-25), барлаушы Су-24МР-дің 14 данасы. Ұшақтар «әуе-әуе» класына жататын Р-60, Р-73, Р-27, Р-33, Р-77 зымырандарымен жарақтанған. Сондай-ақ 18 әскери жүк тасымал ұшағы және 125 тікұшақ (МИ-24, МИ-8, МИ-6, МИ-26) және бар. Әуе қорғаныс күштерінің құрамына енетін 100 зениттік қондырғы орнатылған. ТМД-ның төрт елінде ғана бар әлемдегі теңдессіз С-300 маркалы зениттік-ракеталық дивизионы 40 шақырым биіктен кез келген нысананы атып түсіреді. Ұшақ-тарды құлатушы танктердің әрбірінен атылған он оқтың шамамен жетеуі мүлт кетпейді. Әуе қорғаныс күштері сарбаздары Қапшағайда даярланады. Әскери-теңіз күштері Бұл салада 3 мың әскери бар. Басты әскери кешен – Каспий теңізінің Ақтау порты. Оның құрамына теңіз әскері және жағалау артиллериясы енеді. Теңіз авиациясына Ми-8, Ми-2 тікұшақтары тиесілі. Каспий теңізіндегі Қазақстан флагманы Оралдың «Зенит» зауытында жасалып шыққан «Барыс-МО» 0250 зымыран-артиллерия кемесі боп табылады. Оның құрамына үш артиллериялық картер енеді. Оның біреуі Оңтүстік Кореядан сатып алынған. Тағы «Зенит» зауыттынан шыққан гидрографиялық «Жамбыл» катері бар. 2009 жылы АҚШ Қазақстанға арадағы ынтымақтастықтың көзі деп төрт десантшы катерді тегін берген болатын. Олардың қатарына 3 оңтүстік кореялық зымыран катерлері және алты ресейлік зымыран-артиллериялық кемелері кеп қосылған. Бұл арада шекара күзетіне арналған катерлер де бар. Оның көбісі Қазақстан зауытында жасылып шыққан. Ракета әскерлері және артиллерия ҚР Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дербес әскер тегі ретінде құрылды. Сөйтіп Қорғаныс министрінің 2009 жылғы 21 сәуірдегі директивасы негізінде Ракета әскерлері және артиллерия жаңадан құрылған ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамына кірді. Қазіргі таңда Ракета әскерлері және артиллерия заманауи зеңбіректі, келте зеңбіректі, реактивті, танкіге қарсы артиллериямен, минаатқыштармен, сондай-ақ артиллериялық барлау және басқару құралдарымен жабдықталған. Ракета әскерлері және артиллерия қару-жарағында жоғары дәлдікті ракеталық кешендер де бар. Бұл ретте де біз Ресеймен тығыз әскери әріптестік ұстанамыз. КӨЗҚАРАС Әмірбек Төгісов, генерал-майор, әскери сарапшы: – Әрине, соңғы кездері ҚР Қарулы күштерінің жаңа техникамен, қару-жарақпен толығып жатқаны көзді қуантады. Алайда әскери техника саудасы деген күрделі дүние. Кезінде Израильден сатып алынған қару-жарақ ісі дауға айналғаны белгілі. Араға Израиль, Ресей, АҚШ кірігіп кетті. Техниканы сатып алуда қанша елдің аты аталса, проблема да соншалықты шиеленісе түседі. Сондықтан да әскери техника сатып алуда әрі сақ, әрі саяқ жүрген абзал. Мысалы, КСРО кезінде Қазақстанда әлемде ең күшті саналған теңіз торпедалары жасалған. Қазір сондай әлеуеттен айырылып қалып отырмыз, оны жаңғырта да алмай жатырмыз. Өкініштісі осы. Ең дұрысы, бұл арада өз еліміздегі зауыттарды қалпына келтіріп, қару-жарақты өзімізде шығарған жөн. Ал қазіргі әскери әлеуетпен «Шок и трепет» сияқты ауқымды әрі жоғары технологиялық әскери операцияларға төтеп беру қиын. Әзімбай Ғали, запастағы полковник: – Әскери сала үшін бүгінгі күннің тынысын барлап отыру аса маңызды. Ол үшін Қазақстан жауынгерлері жалдамалы түрде болсын немесе шақырған барлық «қызыл нүктеде» боп, өз үлестерін қосып отыру керек деп санаймын. Сонда бүгінгі әскери қақтығыс нені талап етеді, соны көзбен көріп, қолмен бажайлауға мүмкіндік туындайды. Мысалы, Ливияда танктердің қажеттігі болмаған. Зымыран атқыштар оның рөлін жақсы атқарған. Ендеше бізге танктерді көптеп сатып алудың қажеті қанша?.. Әскери техника саудасында мәселені осылай қою керек деп санаймын. НАТО, ТМД аумағындағы әскери ұйымдармен, ШЫҰ-мен де жақсы қарым-қатынастамыз. Қазіргі осы бағытымыз дұрыс деп санаймын. Жалпы, әскер саласына Қазақстан ақшасын аяған емес. Бірақ сол мақсатты жұмсалып жатыр ма, мәселе осында. Тағы бір жағынан осы бағыттағы қадағалауды күшейту керек деп есептеймін. "Алаш айнасы"