Жаңақорған жұрты алаңдаулы
2014 ж. 06 наурыз
7500
0

Жалпы, аудандағы тасқынның жай-жапсары белгiлi. Айтып келмейтiн апат, әуелде таудан аққан қарғын су жауыннан күш алып төменге ағылған. Оқиғаға байланысты жергiлiктi билiктiң бағасы айтпай-ақ түсiнiктi, ал зардап шеккен тұрғындар ақпарат бұрмаланды дейдi. Жаңақорғанға барған сапарды қаз-қалпында жеткiзейiк.
Үйiн су шайып кеткен кент тұрғындарының бiрi – Жаныбек Тоқбатыров. “Су келдi деген сәтте бала-шағаны, құжаттарды алып қана үлгердiк. Екiншi күнi тағы да тасыды ғой. Сол кезде аудан әкiмi Сұлтанбек Тәуiпбаевтан “Мiндетсiнбе, iстесең өзiң үшiн iсте!” деген сөз естiдiк. Төрт КамАЗ топырақты өз ақшамызға сатып алып төктiк. Су үйдiң iргетасын үңгiп кеттi. Қабырға жарылды, көрiп тұрсыз. Жалғыз менiң үйiм емес, көп үй сондай. Топырақпен көмiп тастаған бәрi, ертең тоң жiбiсе түгелдей сыр бере ме деген қауiп бар”, – дейдi ол.
Ресми мәлiмет “Жарамсыз үй жоқ, тек 30-дан аса үйдiң ауласына су толған, құдықтарына зақым келген” дегенге саяды. Ал су жүрiп өткен жолда жүздеген үй бар. Барлығы дерлiк есiк алдына топырақпен қорғаныш iстептi.
"Жас Алаш"газеті