Теңге жағдайы не болмақ?
2014 ж. 05 наурыз
3113
1
АҚШ-тың Ресейге санкция жариялауы долларға деген сұранысты төмендетеді. Бұл жайында Ресей президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев «Біз басқа валюталармен сауда-саттық жасауға мәжбүр боламыз. Шығыс пен Оңтүстіктегі көршілерімізбен сауда-саттық байланысын одан әрі жетілдіріп, бұл санкциядан тек қана пайдамен шығамыз» деді.
Осылайша Ресей бұдан әрі мултивалюталық қоржын тұтынысын жетілдіре түсетінін мәлімдеп отыр.
Қазірде біздің де теңге бағамын анықтайтын жаңа қаржылық құралды тетікке қосқанымыз белгілі. Ұлттық валюта курсы біздің елде де бұрынғыдай тек долларға қарап есептелмейді, бұл арада АҚШ ақшасымен қатар, евро және рубльмен де санасатын боламыз. Ұлттық банктің мәлімдеуінше, мұндай шара ақша бағамдау саясатындағы операциялық бағыт-бағдардың өзгеруіне байланысты қабылданған. Ал енді мұндай бағыт-бағдардың өзгеруіне байланысты біздің елде теңге қайта түзілуі мүмкін бе?
Ілияс Исаев, қаржыгер-маман:
– Меніңше, ұлттық валютаны АҚШ доллары, евро және ресейлік рубльден тұратын мультивалюталық қоржынға сәй¬кес бағамдаудағы мақсат –теңгенің доллар қысымынан біртіндеп құтылуына бағытталатын қадам. Теңгенің қайта түзілуі үшін бізге нақ қазір, валюта нарығындағы алыпсатарлықты төмендету керек. Бұдан соң отандық өндірістің әлеуетін күшейту де теңгенің қайта түзілуіне жол ашатын тетіктердің бірі. Мұнай бағамының төмендеуі немесе өсуі де доллармен белгіленетіндіктен бұл жерде біз нақты долларизациядан құтыламыз деп айта алмаймыз. Бірақ бізге теңгенің қайта түзілуі керек.
Жаңабай Алдабергенов, экономст-ғалым:
– Кеше Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов долларға тәуелділіктен арыла бастау керектігін нақтылады. «Біз үшін ел экономикасына доллардың ықпалын әлсірету – әрдайым өзекті" деді ол.
Маман ретінде айтар болсам, рубль бағамы қазір құбылмалы болып тұр. Демек, теңгеге немесе оның курсына қатысты бұл арада қайта түзу мәселесі бар деп айта алмаймын. Ел экономикасының 40 пайызы долларға тәуелді екенін ескерсек, бұл жерде теңгенің қайта түзілуі екіталай. Жалпы, көрші елдердегі жағдайдың экономикалық әсері бары даусыз. Бірақ осы арқылы теңгені қайта түзіп, доллардың қысымынан құтқарамыз дей алмаймын.
"Алаш айнасы",Қарлығаш Зарыққанқызы